Данияр Елеусінов кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін өткізеді

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3214

Рио Олимпиадасының чемпионы кәсіпқой бокс шаршы алаңындағы бірінші жекпе-жегін 28 сәуір күні АҚШ-та өткізетін болды.

Данияр Елеусінов кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін өткізеді

Данияр Елеусінов кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін осы айдың аяғында өткізуге бел буып отыр. Қазақтың күрзі жұдырықты қас шебері 28 сәуір күні Бруклинде (Нью-Йорк) Америка боксшысы Ноа Киддпен кездеседі. Жартылай орта салмақ дәрежесіндегі бұл жекпе-жек алты раундтық үлгіде өтеді екен.

Бұл жекпе-жек америкалық Даниэль Джейкобс (33-2, 29 KO) пен поляк Мацей Сулецки (26-0, 10 KO) арасындағы бокс кеші аясында (андеркартында) өтеді. Әйгілі "Barclays Center" аренасында өтетін орта салмақтағы дәл осы жекпе-жекті "Matchroom Boxing" промоутерлік компаниясы ұйымдастырып отыр.

Ал Данияр Елеусіновтің кәсіпқой бокс рингіндегі алғашқы қарсыласына тоқталар болсақ, Ноа Кидд 1995 жылы 28 маусымда туған. Беделді boxrec.com басылымының деректеріне сүйенсек, әзірше төрт жекпе-жек өткізген. Үшеуінде жеңіске жетіп, әрі оның екеуінде техникалық нокаутпен басым түскен. Бір рет тең түскен. Ең алғашқы айқасын 2016 жылы 1 шілдеде өткізіпті. Қарсыластарының бәрі де көпшіліке беймәлім Америка боксшылары болған.

Данияр болса, кәсіпқой боксқа екінші талпынысында ауысып отыр. Рио Олимпиадасынан кейін кәсіпқой боксқа ойысатын болып, Аустралияның "MJA Entertainment's" промоутерлік компаниясымен мәмілеге келгендей еді. Бірақ былтыр көктемде "дәм-тұздары" жараспай, әуесқой боксқа қайтып келетін болды.

Алайда, биыл наурыз айының басында Британия промоутері Эдди Хирнмен келісімшартқа отырып, кәсіпқой боксқа ауысты. Арнайы баспасөз жиынын да өткізді. Жалпы, Эдди Хирн – кәсіпқой бокста беделі бар, әйгілі промоутер. Ол Энтони Джошуа, Келл Брук, Джордж Гроувз, Тони Белью, Амир Хан, Даниэль Джейкобс және т.б. көпшіліке танымал боксшылардың мүдделерін қорғайды. Ол Даниярға үлкен сенім артып, болашағынан үміт күтіп отыр.

Біз де Данияр Елеусіновтің алар асулары әлі алда деп білеміз. Әуесқой бокста Олимпиада чемпионы болған (2016 жылы), әлем чемпионы (2013) және күміс жүлдегері (2015) атанған жерлесіміз өз қабілетін әлі паш етеді деген үміттеміз. Осы ретте айта кетейік, ол сондай-ақ екі дүркін Азия чемпионы (2013, 2015) және екі мәрте Азия ойындарының жеңімпазы (2010, 2014) атанған болатын. 

Айтпақшы, Даниэль Джейкобс пен Мацей Сулецки арасындағы бокс кешінде тағы бір қазақ шаршы алаңға шығады екен. Ол – АҚШ-тағы полицай бауырымыз Димаш Ниязов (13-0-3, 6 KO). Қандасымыз жеңіл салмақтағы алты раундтық айқаста Мексиканың Анхель Саринана (7-7-2, 3 KO) деген боксшысымен жұдырық түйістіреді.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу