banner

Данияр Елеусінов төртінші жекпе-жегін нокаутпен аяқтады

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3335

Олимпиада ойындарының чемпионы кәсіпқой боксқа енді төселіп келе жатқандай.

Данияр Елеусінов төртінші жекпе-жегін нокаутпен аяқтады

Американың Бостон қаласында (Массачусетс штаты) Данияр Елеусінов кәсіпқой бокс рингіндегі төртінші жекпе-жегін өткізді. Оның бұл жолғы қарсыласы 30 жастағы америкалық Мэтт Догерти (8-5-1, 4 KO) болды. Жартылай орта салмақтағы бұл жекпе-жек алты раундқа созылуы керек болатын. Алайда шаршы алаңдағы Елеусінов – Догерти айқасы бірінші раундта-ақ аяқталды.

Данияр қарсыласын төпелей жөнеліп, бас көтертпей соққының астына алғанда, төреші жекпе-жекті тоқтатуға мәжбүр болды. Өйткені Мэттің қарсыласуға мұршасы келмей қалып, тек бас сауғалаумен болған еді. Сөйтіп бірінші раундың 2 минут 33 секунды өткенде, жекпе-жек тоқтатылып, қазақ боксшысы техникалық нокаутпен жеңіске жетті.

Сөйтіп Данияр Олимпиада чемпионы деген дардай атағына лайық екенін төрткіл дүниеге паш етті. Кәсіпқой бокс айқастарына енді бейімделіп келе жатқаны байқалады. Әрі жұдырықтасу мәнерін де кеңейте (толықтыра түскендей) сияқты. Бауырдан, кеудеден көбірек ұруға көңіл бөлді. Шаршы алаңда ширақ қимылдап, қолды-аяққа тұрған жоқ.

Мэтт Догерти қазақ боксшысының қарқынан төтеп бере алмай, бұрышқа тығылды. Бауырынан тиген ауыр соққы жанына батқандай болды. Даниярдың қарша бораған соққыларынан оны тек төреші арашалап алды. Америка боксшысы құламай, аяғына тік тұрса да, рефери жекпе-жекті тоқтатты. Сөйтіп Догерти кәсіпқой бокс рингінде бесінші рет жеңілістің кермек дәмін татты. Ал Данияр болса, кәсіпқой бокстағы төртінші жекпе-жегіне қол жеткізді. Бұл жолы біршама ысылып қалғандығын көрсете біліп, шыңдала түскенін дәлелдеп шықты. Шетелдік мамандар мен жанкүйерлер оның бүгінгі өнеріне тәнті болып, "осы бетінен қайтпаса, алар биігі алда" деп, сүйсініп те жатыр. Әлеуеті зор екеніне бәрі көз жеткізгендей.   

Жалпы, Елеусіновтің промоутері Эдди Хирннің жоспары да жақсы сияқты. Бәрі де ойластырылып, шешіліп қойғандай. Даниярдың келесі жекпе-жегін 24 қараша күні Монте-Карлода өткізетіндері белгілі болды. Әрі келесі қарсыласы деңгейі өте жоғары, әлі ұтылып көрмеген және ешқашан нокдаунға түспеген қарымды боксшы болады екен.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу