Данияр Елеусіновтің кәсіпқой бокстағы екінші жеңісі

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2817

Қазақтың қайыс қолғапты қас шебері Данияр Елеусінов кәсіпқой бокстағы екінші жекпе-жегін өткізіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті. 

Данияр Елеусіновтің кәсіпқой бокстағы екінші жеңісі Фото: thesun.co.uk

Данияр Елеусінов кәсіпқой бокстағы екінші жекпе-жегін бүгін түнде өткізді. Лондон төріне керілген шаршы алаңда Венгрия боксшысы Золтан Шабомен (24-12, 10 KO) жұдырық түйістірді. Алты раундтық жекпе-жекте Қазақ елінің мақтанышы үстемдік танытты. Бәлкім, "нокаутпен жеңбеді" дерсіздер. Иә, Данияр қарсыласын мұрттай ұшырып, сұлатып салған жоқ. Бірақ бастан-аяқ басымдық танытып, күмәнсіз жеңді. Төрешілер жеңісті қазақ боксшысына берді (60:54 есебімен).

Данияр шаршы алаңда құйындай орап соғып, шалт қимылымен көпшілікті тәнті қылды. Көз ілеспес жылдамдықпен пәрменді соққылары діттеген жеріне дәл тигізіп отырды. Бір рет тіпті тоқ соққандай теңселтті. Әрі өзіне соққы дарытпауға тырысты. Тайқып кетіп, жалт беріп, шапшаңдықтың үлгісін көрсетті. Техникалық шеберлігінің жоғары екендігін паш етіп, көрермендердің айызын қандырды. Елеусіновтің промоутері Эдди Хирн "бұл шеберлік сабағы іспетті болды, жанкүйерлер осындай жекпе-жектерді көргісі келеді", деп өз ойын білдірді.

Елеусіновтің промоутері – көпшіліке танымал, тәжірибелі маман. Даниярды тезірек әйгілі боксшылармен айқасатын деңгейге көтеруді ойлайды. Яғни осындай жекпе-жектер оларға қажет болғандай. Осы жекпе-жектен кейін тіпті Даниярдың үшінші рет шаршы алаңға қашан шығатынын жариялап та тастады. Эдди Хирннің мәлімдеуінше, Елеусінов енді 28 шілде күні, тағы да Лондон төрінде рингке шығатын көрінеді. Қарсыласы әлі белгісіз, бірақ таяу арада белгілі болады екен.

Қарсылас демекші, Елеусінов екінші жекпе-жегін басқа боксшымен өткізуі керек болатын. Атап айтқанда, мадияр елінің былғары қолғапты шебері Габор Горбичпен (24-11, 14 KO) кездесуі тиіс еді. Алайда Венгрия боксшысы аяқасты жарақаттанып қалған. Жаттығу кезінде спарринг өткізіп, қабағы жарылған көрінеді. Содан оны жаны сірі Золтан Шабо алмастырған. Бұл боксшы жыл басынан бері сегізінші жекпе-жегін өткізіп отыр.

Сонымен, Елеусінов кәсіпқой бокс рингінде екінші жекпе-жегін өткізіп, жеңіске жетті. Данияр алғашқы кездесуін 28 сәуір күні Нью-Йоркте өткізіп, Америка боксшысы Ноа Киддті тәлтіректеткен. Дәлірек айтқанда, үшінші раундта екі рет нокдаунға түсіріп, техникалық нокаутпен жеңіске жеткен болатын. Әуесқой бокста арманына жетіп, Олимпиада чемпионы болған жерлесіміз енді кәсіпқой бокс шыңдарын бағындырғанды көздейді. Енді, шілде айының соңында үшінші рет қуанышқа кенелтеді деп сенеміз.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу