Данияр Елеусіновтің үшінші жеңісі

Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов кәсіпқой бокстағы үшінші жеңісіне қол жеткізді. 

05 Тамыз 2018 12:57 Автор: Маруан Түсіп
Данияр Елеусіновтің үшінші жеңісі, Данияр Елеусінов, бокс, Габор Голбич
Фото: matchroomboxing.com

Кардифф төріне керілген шаршы алаңда Данияр Елеусінов кәсіпқой бокстағы үшінші жекпе-жегін өткізіп, Венгрияның тәжірибелі тарланы Габор Голбичті жеңді. Алты раундық жекпе-жекте қазақ боксшысы үстемдік танытты. Қарсыласын бұрыштан-бұрышқа қуалап жүріп, бас көтертпей төпеледі. Алайда, көпшілік күткендей сұлатып сала алмады.

Мойындау керек, мадияр майталманы Габор Голбич жаны сірі жігіт екен. Қимылы шалт Даниярдың толассыз соққылары мен үздіксіз шабуылдарына төтеп берді. Жекпе-жек басталған бетте Елеусіновтің төніп келіп, оңды-солды жұмсаған бірнеше соққысы дәл тигендей еді. Бірақ ол төзе білді. Тәлтіректеп кетсе де, құламады.

Данияр да қайтпады. Жұдырығын оңды-солды сілтеп, соққыны қарша боратты. Кейде тіпті Габор есеңгіреп, теңселіп кеткендей болып көрінді де. Бірақ лезде еңсесін тіктеп, сыр бермеді. Раунд өткен сайын тіпті, өзіне деген сенімдігі де арта түскендей болып көрінді. Ал жекпе-жектің аяғына қарай екі қолын қалай болса, солай сілтемей, соққыларын дәлдеп ұруға тырысты.

Бесінші раундта Габордың қарсы соққыларының бірі ме, әлде оқыс қимылдағанда басы ма... «бата тимесе де, қата тиіп», Даниярдың қабағы жарылды. Бірақ Елеусінов маңдайынан сорғалап аққан қанға қарамай, қарсыласын төпелеумен болды. Айылын жимай, жекпе-жекті айқын басымдықпен аяқтады. Төрешілер шешімі бойынша, есеп – 60:54.

Сөйтіп, Данияр Елеусінов кәсіпқой бокстағы үшінші жекпе-жегінде де жеңіске жетті – (3-0, 1KO). Ол бұған дейін америкалық Ноа Кидданы (3-1-1, 2KO) техникалық нокаутпен, ал венгр Золтан Шабоны (25-12, 11KO) ұпай санымен ұтқан болатын. Ал Габор Голбич (24-12, 14KO) шаршы алаңда өткізген кездесулерінің үштен бірінде ұтылса да, өзінің тәжірибелі боксшы екендігін көрсете білді.

Бір қызығы, Габор Голбич сәуір айында өзбек Шахрам Гиясовпен (3-0, 2KO) кездесіп, одан да алты раундтық жекпе-жекте тек ұпай санымен ұтылған болатын. Ал Шахрамды Данияр Рио Олимпиадасының финалында ұтқан болатын. Оны ұмыта қойған жоқ боларсыздар...

Данияр төртінші жекпе-жегін қазан айында АҚШ-та өткізеді екен. Қарсыласы – әлі белгісіз. Голбичпен өткен жекпе-жектен кейін Елеусіновтің осы кездесу қарсаңында ауырып қалып, жаттығу жұмыстарын Қазақстанда өткізгені де мәлім болды. Тіпті жаттықтырушысының бірі Джон Дэвид Джексонмен тілмаш арқылы сөйлесетіндей. Мұның бәрі алдағы уақытта реттеліп, Данияр отандастарын жарқын жеңістерімен қуантады деп сенеміз.

Маруан Түсіп