Декомпозерлер жаңғыртылуда

Инвестициялық бағдарлама шеңберінде Павлодар алюминий зауытының қондырғылары күрделі жөндеуден өтіп жатыр.  

Декомпозерлер жаңғыртылуда

Бүгінде төртінші декомпозердің құрылысы аяқталуға жақын. Түсті металлургия өндірісінде қолданылатын декомпозер – механикалық жолмен немесе ауа күшімен алюминат ерітіндісін араластыратын қондырғы. Бұл ерітіндіден алюминийдің кристалды гидроксиді бөлініп алынады. "Декомпозер" термині француз тілінен аударғанда, "еріту", "ұнтақтау" деген мағынаны білдіреді.

Аталған қондырғылар Павлодар алюминий зауыты гидро-металлургия цехының №3 учаскесінде орналасқан. Бұған дейін осы учаскенің үш декомпозері жаңартылып, іске қосылған еді. 

Зауыт өкілдерінің айтуынша, алюминий өндірісінің негізгі қондырғыларын жаңғырту – өте маңызды мәселе. Себебі 1964 жылы пайдалануға берілген декомпозерлер әбден ескірген.

Мамандар декомпозерлер құрылысын ұзақмерзімді жұмыстар қатарына жатқызады. Себебі, биіктігі 9 қабатты үймен тең конус тәріздес метал қондырғыны жинап, құрастыру – күрделі шаруа. Сондай-ақ, ескі декомпозерді бөлшектеп бұзуға, сондай-ақ жаңа корпусты жинауға бірнеше ай уақыт кетеді. 

Әдетте, мұндай ауқымды құрылыс жұмыстары алып крандардың көмегімен жүзеге асырылады. Осы орайда тапсырыспен арнайы жабдықтар жасалғанын атап өткен абзал. Арнайы жабдықтар деп отырғанымыз − Павлодар машина жасау зауытында құрастырылған жүк көтерімділігі 3,2 тонналық кран-арқалық пен дәнекерленген тігістің қалдық кернеуін алатын РТ 150/12 қондырғысы. 

"Павлодар алюминий зауытының жобалаушылары, құрылысшылары, монтаждаушылары мен жөндеу-құрылыс цехының еңбеккерлері декомпозерлер құрылысын жүргізу, конструкцияны қайта құрастырып салу бойынша мол тәжірибе жинады. Жұмыстар кестеге сәйкес орындалып жатыр. Жаңарту жұмысы зауыт басшылығының тұрақты бақылауында", − деді зауыттың гидро-металлургия цехы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Арман Мұхтаров. 

Оның айтуынша, жаңартылған декомпозерлердің конструкциясы бұрынғымен салыстырғанда, әлдеқайда берік. Оның үстінде жаңа қондырғылардың диаметрі 9 метрден 10 метрге дейін ұлғайтылған. Сәйкесінше, оның сыйымдылығы да 2 265 текше метрге дейін кеңейді. Сонымен қатар, жаңа қондырғыларға алюминат қойыртпағын ауамен араластырудың орнына, механикалық жолмен араластыратын жаңа құрылғы орнатылған.

Құрылысшылар декомпозерді монтаждау үшін алдымен дайындау учаскесінде металл конструкцияны құрастырады. Одан кейін көлемі 80 текше метр болатын ескірген декомпозердің іргетасын бұзып, жаңасын құяды. Бұдан әрі жалпы салмағы 35 тонна болатын сегіз тірек колоннаны орнатып, осы колонналарға шақтап қондырғының цилиндр бөлігін монтаждайды және салмағы 18 тонналық механикалық араластыру қондырғысына "ЕКАТО" неміс фирмасының редукторын орнатады. Ары қарай жөндеуші мамандар декомпозердің технологиялық құбырын монтаждауға кіріседі. Негізгі жұмыстар аяқталғаннан кейін оны техникалық жағдайды анықтау және бақылау зертханасының дефектоскопистері тексеруден өткізеді.  

"Төртінші декомпозер құрылысы алаңында жөндеу-құрылыс цехының 35 еңбеккері екі ауысыммен жұмыс істеуде. Бүгінде негізгі құрылыс жұмыстары атқарылып, жоба аяқталуға жақын. Жаңа корпустың сақина тәріздес бөлшектерін жинап, дәнекерледік. Корпусының цилиндр бөлігін монтаждадық. Қазіргі таңда электрмен дәнекерлеушілер корпустың төменгі конустық бөлігін монтаждап жатыр. Осы жұмыстармен қатар корпустың дәнекерленген тігісіне ультра-дыбыстық бақылау жүргізілуде. Алдағы уақытта біздің еңбеккерлер 34 метрден астам биіктіктегі төбе жабындысын монтаждауға кіріседі", − деді Павлодар алюминий зауыты жөндеу-құрылыс цехы механикалық-монтаждау жұмыстары учаскесінің басшысы Вячеслав Семенов.

Құрылысы толық аяқталғаннан кейін мамандар декомпозерді гидравликалық сынақтан өткізеді. Сонымен қатар, қондырғыны мемлекеттік және экологиялық сараптамаға дайындайды.

Павлодар алюминий зауытының декомпозерлерін жүйелі және сапалы жаңғырту маңызды технологиялық процестің үздіксіз әрі сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.

Ақылбек Сатыбалдин

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу