Делдалдардың дегені болып тұр

16511

Өндіруші ұтылып, тұтынушы тұтылып, алыпсатар асап жатыр.

Делдалдардың дегені болып тұр

Өткен жылдың соңында Павлодар облысында бірі – қызанақ, екіншісі – қияр өсіретін жылыжай кешені іске қосылды. Сол кезде билік өкілдері жергілікті тұрғындарға бұдан бұлай нарық бағасы құбылмайды дегенді айтты. Алайда шын мәнісінде бұлай болған жоқ.

Қазір Ақсу қаласындағы құны 1,5 млрд теңгені құраған жылыжай кешенінде екі түрлі қияр өсіріліп жатыр. Көктемде тұтынушыға қиярдың тұздауға арналған тағы бір түрі ұсынылмақшы.

"Ақсу жылыжай кешені" ЖШС-ның құрылтайшысы Абдумутал Мирахмедовтың айтуынша, "Павлодар" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен жасалған келісімшартқа сәйкес, тұрақтандыру қорына қиярдың бір келісі 500 теңгеден береді. Ал корпорация әлеуметтік дүкендерге өнімді 650 теңгеден сатады.

"Тауарлық интервенция аясында желтоқсан айында Ақсу жылыжайынан 13800 келі қияр сатып алынды. Аймақтық азық-түлік тауарлар қорын тұрақтандыруды басқару комиссиясы 1 келі қиярды 650 теңгеден сатуды ұсынды", – деді "Павлодар" ӘКК" ҰК" АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Рүстем Атырауов.

Дәл қазір әлеуметтік дүкендерде қиярдың бір келісі 660-680 теңгеден саудалануда. Ал өзге сауда орындарында бір келі қиярдың құны 1100 теңгеге жетіп жығылуда. Мұның сырын Айнұр Рахметова есімді сатушы былай түсіндірді: "Жылыжай өндірілген өнімнің сапасы өте жақсы, сондықтан ол үлкен сұранысқа ие. Делдалдар қиярдың бір келісін 750 теңгеден әкеледі. Пайда көру үшін біз үстінен 150 теңге қосамыз. Баға осылай өсе береді".

Таяуда ғаламтор қолданушылары әлеуметтік дүкендер мен сауда орындарында жергілікті қияр деп сатылып жатқан өнімнің дәмі де, пішіні де басқа және құны тым қымбат екеніне назар аударды. Олар 1100 теңгеден сатылып жатқан қияр оңтүстіктен жеткізілген өнім болуы мүмкін деген болжам жасады. Ал күні кеше әлеуметтік желіде тағы бір бейне жарияланды. Онда облыс орталығындағы ірі сауда орындарының бірінде Екібастұзда өсірілген қызанақ керісінше оңтүстіктікі болып сатылып жатқаны көрсетілді.  

Айта кетейік, былтыр Екібастұз қаласында ашылған "Qaztomat" жылыжайы өнімдерінің бір келісін  әлеуметтік дүкендерде 660-680 теңгеден сатты. "Greenhouse KZ" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бақылау кеңесінің төрағасы Дәурен Баймағамбетовтың айтуынша, олар тұрақтандыру қорына қызанақтың бір келісін 440 теңгеден өткізеді. Ал "Павлодар" ӘКК" ҰК" АҚ оны 600 теңгеден сатады

Ақтоты Қабдықайыр, Павлодар облысы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу