Денис Тенге тағзым

Қашанғы спортшыларымыз соққыға жығылып, қарақшылардың қолынан қаза таба береді?

20 Шілде 2018 14:16 Автор: Маруан Түсіп
Денис Тенге тағзым,  Денис Тен, Денис Тен қайтыс болды, Денис Теннің ата-анасына көңіл айтты, мәнерлеп сырғанау

Мәнерлеп сырғанау спортынан 2014 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Тен кісі қолынан қолынан қаза тапты.

Кеше тапа-тал түсте, Алматының қақ ортасында автокөлік айнасы үшін Олимпиада жүлдегерін пышақтап кетті. Денис Тен өз көлігінің айнасын ұрлап жатқан екі ұрының үстінен түсіп, арты орны толмас қайғыға ұласты. Қазақ спортының тарихына соны сүрлеу салып, ерен жетістіктерге қол жеткізген талантты спортшы көп қан жоғалтып, бақилық болды.

Кешеден бері әлеуметтік желілер қан жылап тұр. Қапелімде 25 жастағы талантты спортшыдан айырылып қалғанымыз көпшіліктің жанына батып, қабырғаларын қайыстырды. Қайғылы хабар төрткіл дүниеге тез тарады. Мәнерлеп сырғанау спортының бүкіл әлемдегі жарық жұлдыздары да аһ ұрып, Денисті жоқтап жатыр. Тіпті Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Томас Бах та қайғырып, көңіл айтты.

Өкінішті, өте өкінішті! Дүниежүзілік спорт әлемі Қазақстанды тағы бір қырынан «танып жатыр». Халықаралық Олимпиада комитеті 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының Алматыда өтпейтіндігіне, дауыс беру кезінде Бейжіңнің бағы жанғанына шүкіршілік етіп жатқан да болар. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманда, еліміздегі ең ірі мегаполисте есімі шартарапқа мәлім Олимпиада жүлдегерін пышақтап кету деген жан түршігерлік жағдай емес пе?! Онсыз да туристерді елімізге көптеп тарта алмай жүр едік қой...    

«Автокөліктің айнасынан емес, еліміздің айнасынан» айырылдық деп, боздап қалғандар аз емес. «Бұл қайғылы оқиға – бүгінгі күннің айнасы» деген мағынада тереңнен толғаушылар да баршылық. Әлеуметтік желілердегі қоғам белсенділерінің сөзіне сенсек, «айна бизнесінің» қарапайым халықты зар еңіреткеніне аз уақыт болмаған. Сан адам автокөлігінің қымбат айнасынан айырылып, дәрменсіз күй кешкен. Құқық қорғау органдарына жүгінгендерімен, ұрылар ізім-қайым ұстатпаған.

Ақыры халықаралық додаларда қазақтың намысын абыроймен қорғап жүрген Денис Тен де айна ұрлаушылардың құрбаны болды. Бұған дейін еліміздің абыройын асқақтатып жүрген мұзайдын саңлағы енді қарапайым халықтың зар-уайымын, қапа-қасыретін, мұң-мұқтажын жер шарына әшкере қылғандай болды. Анадан арда туған арыстың бұл өмірдегі борышы мен міндеті қандай асқақ еді. Ол тұрлаусыз мынау фәниде болмысы бөлек жан еді ғой.   

Жалпы, осы ұры-қарылардың спорт жұлдыздарында не «өштері» бар екен?! Қаншама спортшымыз қарақшылардың қолынан қаза тапты. Өкініштісі, бәрі де жұмбақ күйінде қала берді. Мұстафа Өзтүрік, Әбдісалан Нұрмаханов, Ермек Серіков (жас боксшы) сынды саңлақтар да белгісіз қаныпезерлердің қолдарынан қайтыс болған жоқ па еді? Бекзат Саттархановтың да мезгілсіз қазасы шешуі табылмаған жұмбақтай.

Ал соққыға жығылып, оның анық-қанығы ашылмай, жым-жылас болғаны қаншама?! Марқұм Әбілсейіт Айханов ағамыз да қапелімде соққыға жығылғанын айтып еді. Ермахан мен Илья да осындай келеңсіздікті бастарынан өткізген жоқ па?! Дзюдошы Ислам Бозбаевты да аяғынан атып кетіп еді ғой. Жақында Жанқош Тұраровты да тапаншамен нысанаға алғандарды ғаламтор желісінен көргенбіз.

Айтпағымыз, қазақ спортындағы осы бір келеңсіздіктер тезірек тиылса екен. Қандықол қарақшылар ұсталып, тиісті жазаларын алса, өзгелерге сабақ болар ма еді?! Бүгінгідей қайғылы оқиғалардың алдын алар да ме едік?!

Қош, Денис! Бақұл бол! Пейіште нұрың шалқысын. Қазақ халқы сені ажалдан алып қала алмағанына, көзінің қарашығындай сақтай алмағандығына өкінеді. Қазақтың ұлттық киімдерін киіп алып, мұзайдында төрткіл дүниені тәнті қылған өнерің ешқашан ұмытылмайды! Сен мәнерлеп сырғанаудан қазақ спортының мәңгі өшпес жарық жұлдызысың!

Мәруан Түсіп