Депозит нарығы өзгеріске ұшырап жатыр

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
11939

Халық ақшасын доллармен жинай бастады.

Депозит нарығы өзгеріске ұшырап жатыр

2018 жылғы тамыздың соңындағы жағдай бойынша резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттерінің көлемі соңғы бір айда 2,6% қысқарып, 17 679,9 млрд теңгені құрады. Заңды тұлғалардың депозиттері 9 160,7 млрд теңгеге дейін, яғни 6% қысқарса, жеке тұлғалардың депозиттері 8 519,1 млрд теңгеге көбейіп, 1,3% ұлғайды.

Ұлттық валютадағы депозиттердің көлемі бір айда 9 540,6 млрд теңгеге дейін, яғни 3,9%-ға, шетел валютасында 8 139,3 млрд теңгеге дейін, яғни 1%-ға қысқарды (доллардағы баламада 5,6%-ға төмендеді). Долларлану деңгейі тамыздың соңында 2017 жылғы желтоқсандағы 47,7%-дан қазіргі 46%-ға төмендеді.

Заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттері 2018 жылғы тамызда 4,2%-ға азайып, 5 212,5 млрд теңгеге азайса, шетел валютасындағы салым 8,1% азайып, 3 948,3 млрд. теңгеге кеміді. Осылайша заңды тұлғалардың депозиттерінің 43,1%-ына жетті.

Жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттері 3,5% азайып, 4 328,1 млрд теңгені құраса, шетел валютасындағы жинақ 6,8% өсіп, 4 191 млрд теңгеге жетті. Бұл (жеке тұлғалардың депозиттерінің 49,2%-ын құрайды.

Мерзімді депозиттердің көлемі бір айда 2,3%-ға ұлғайып, 12 335,9 млрд теңгені құрады. Олардың құрылымындағы ұлттық валютадағы салымдар 6 388 млрд теңге, шетел валютасындағы қаражат 5 947,9 млрд теңге болды.

Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 7,1%-ды құрады. Былтыр бұл көрсеткіш 8% еді. Ал жеке тұлғалардың депозиттері бойынша 11,2% болды. Бір жыл бұрынғы көрсеткіш 11,7% болатын.

Естеріңізге сала кетейік, бірер күн бұрын Ұлттық банк депозиттің мерзімі ұлғайған сайын сыйақы мөлшерлемесінің көбейетінін хабарлаған еді. Соған сай, 2018 жылғы 1 қазаннан бастап жеке тұлғалардың жаңадан тартылған ұлттық валютадағы депозиттері бойынша шарттар өзгереді. Енді жеке тұлғалардың салымдары мерзімді, мерзімсіз және жинақ салымдар ретінде жіктелетін болды.

Атап айтар болсақ, ұлттық валютадағы мерзімсіз салымдардың пайызы 10,50%, кепілдіктің ең жоғарғы сомасы 10 млн теңге.

Ұлттық валютадағы мерзімді депозиттердің ең жоғарғы кепілдік сомасы 10 млн теңге, ал пайыздары 3 айға дейін 11,00%, 6 айға дейін 11,80%, 12 айға дейін 12,00%, 24 айдан жоғары 12,50%.

Ұлттық валютадағы жинақ салымдардың ең жоғарғы кепілдік сомасы 15 млн теңге, ал пайыздары 3 айға дейін 12,00%, 6 айға дейін 12,80%, 12 айға дейін 13,00%, 24 айдан жоғары 13,50%.

Шетел валютасындағы депозиттер 1% және ең жоғарғы кепілдік сомасы 5 млн теңге.

Шетел валютасындағы салымдар бойынша ағымдағы тәсіл сақталады, сыйақы мөлшерлемесі салымның мерзіміне қарамастан бірыңғай болып табылады және 1% деңгейінде сақталады.

Банктердің экономиканы несиелеу көлемі 2018 жылғы соңғы бір айда 0,5 пайыз ұлғайып, тамыздың соңында 13 018,6 млрд теңгені құрады.

Заңды тұлғаларға берілген несие көлемі 0,2% азайып, 7 992,9 млрд теңгеге, жеке тұлғалардікі 1,7% көбейіп, 5 025,6 млрд теңгеге жетті.

Ұлттық валютамен берілген қарыз көлемі бір айда 0,7% ұлғайып, 9 887,9 млрд теңгеге жетті. Олардың құрылымында заңды тұлғалардың борышы 0,3% азайып, жеке тұлғаларға берілген несие 1,9% ұлғайды.

Шетел валютасындағы несие көлемі 0,2% азайып, 3 130,7 млрд теңге болса, соның ішінде жеке тұлғалардың қарызы 1,8%-ға азайса, ал заңды тұлғалардың борышы өзгеріссіз қалды.

Теңгедегі несиелердің үлес салмағы тамыздың соңында 76%-ды құрады. Биыл шілде айында бұл көрсеткіш 75,8% болған еді.

Ұзақ мерзімді несиелердің көлемі бір айда 0,3% ұлғайып, 11 211,5 млрд тенгеге жетті. Ал қысқа мерзімді несиелердің көлемі 1,9% көбейіп, 1 807,1 млрд теңгені құрады.

Шағын кәсіпкерлік субъектілерін несиелеу 5,1% азаып, 2 884 млрд теңгені құрады. Бұл жалпы экономиканы несиелеу көлемінің 22,2%-ы.

Салалар бойынша бөлінген банктердің экономиканы несиелеудің ең қомақты үлесі өнеркәсіп (жалпы көлемдегі үлесі 14,7%), сауда (14,4%), құрылыс (6,1%), ауыл шаруашылығы (4,9%) және көлік (4,9%) сияқты салаларға тиесілі.

2018 жылғы тамызда банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютамен берілген кредиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 12,2% (2017 жылғы желтоқсанда – 13,2%), жеке тұлғаларға – 18,4% (19,2%) болды.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу