"Динамо" осал қарсылас емес

713

Еуропа футболының жаңа маусымында Қазақстан намысын Чемпиондар лигасында еліміздің қазіргі чемпионы "Астана" қорғайды. 

"Динамо" осал қарсылас емес

Турнирдің бірінші іріктеу кезеңінде елордалықтарды Тбилисидің (Грузия) "Динамосымен" қиын кездесу күтіп тұр. Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңінің матчтары 11-12 және 18-19 шілдеде өтеді. Алдымен "Астана" өз алаңында қарсыластарын қабылдаса, бір аптадан кейін сырт алаңда ойнайды.

"Динамо" кез келген команда үшін оңай қарсылас емес. Бұл грузиялық клуб өз елінің чемпионы. Қазір Грузия чемпионатында екі айлық үзіліс болып, Тбилиси клубы 19 турдан кейін 34 ұпай жинаған. Команда турнирлік кестеде төртінші орында және көшбасшылардан сегіз ұпайға артта қалып келеді. Төртінші орында тұрғанына қарамастан, "Динамо" чемпионатта ең көп гол соққан команда (44 гол) екен.

Клуб өз алаңындағы матчтарын Динамо Аренада өткізеді. Кеңес заманында дәл осы стадионға ең көп көрермен жиналатын. 1979 жылы "Ливерпульмен" (3:0) еурокубок ойынына 110 мың жанкүйер жиналды. Ал 1995 жылы Грузия мен Германия құрамалары арасындағы кездесуде рекорд қайталанды. 2006 жылы стадион қайта жөндеуден өтіп, оның сыйымдылығы 55 000 адамға дейін қысқарды.

Команданың айтулы жетістіктерінің ішінде Грузия чемпионатындағы 18 жеңісті атап өтуге болады. Бұл рекордтық көрсеткіш. КСРО чемпионатындағы екі алтын медаль (бар болғаны 20 рет үздік үштікке енген), сондай-ақ Грузияның кубоктары мен суперкубоктарының саны бойынша (13 және 8) рекорд жасаған. Сондай-ақ "Динамо" УЕФА кубогы мен Еуропа чемпиондары кубогының 1/8 финалына дейін жетті. Бірақ қазіргі таңда клуб топтық кезеңге сирек жолдама алады. Команда соңғы рет 2004/05 маусымында УЕФА кубогында топтық деңгейде өзін көрсете алды.

"Динамоның" құрамын Transfermarkt порталы 9,05 миллион еуроға бағалап отыр. Бұл көрсеткіш бойынша Астана (12,73 миллион) алда тұр. Тбилисидегі ең қымбат ойыншылар – қорғаушы Джемал Табидзе мен жартылай қорғаушы Анзор Меквабишвили. Олар бір миллион еуроға бағаланып отыр. Қазіргі құрамда Сербия, Нидерланды, Гвинея, Бразилия, Конго және Гана елдерінің легионерлері бар. "Динамоның" бас бапкері Грузиядан басқа елде әлі жұмыс жасамаған 43 жастағы маман Георгий Чибрашвили.

Айта кетейік, Чемпиондар лигасының тобына жолдама алу үшін "Астана" қатарынан төрт қарсыласынан сүрінбей өтуі керек. "Динамомен" кездесуде "Астана" сәтті өнер көрсетсе, команданы іріктеудің екінші кезеңін күтіп тұр. Дегенмен, қазақстандық клуб Грузия құрамасына жол берсе, бірден Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңіне шығады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу