Дуальды оқытуға кәсіпорындар құлықсыз

Сондықтан колледж студенттерінің кәсіпорындардағы тәлімгерлеріне қосымша ақы төлеу ұсынылды.

30 Мамыр 2018 13:33 Автор: Фархат Әміренов
Дуальды оқытуға кәсіпорындар құлықсыз, Дуальды оқыту, сертификаттау, біліктілік, «Атамекен» ҰКП, Эльдар Жұмағазиев

Дуальды оқыту жүйесі Қазақстанда 2012 жылдан бастап енгізіле бастады. Әу баста бұл жүйе жақсы қолға алынғанымен, кейін қарқыны бәсеңсіп қалды. Сөйтсек, кәсіпорындар тарапынан қызығушылық төмендеп кеткен екен.

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің айтуынша, кәсіпорындар тарапынан қызығушылық төмен. Олар колледж студенттерін жұмыс процесіне араластырмайды. Сондықтан студент жастар анау айтқандай практикалық білім алып жатқан жоқ. Енді кәсіпорындардың дуальды жүйеге деген қызығушылығын арттыру үшін студенттердің тәлімгерлеріне ақы төленбек. Ол үшін колледждер кәсіпорындарға ақша төлейді. Шамамен әр студентке 7 мың теңге бөлінеді. Бұл бағытқа жұмсалатын шығыстардың бәрін жергілікті әкімдіктер көтермек.

«Бүгінде дуальды оқытудың заңнамалық және институционалдық базасы қалыптастырылған. Алайда әлі де болса «тәлімгер» ұғымы және оған еңбекақы төлеу нормалары ешқандай заңда немесе құқықтық актілерде көрсетілмеген. Осыған байланысты еңбек кодексіне «тәлімгер», «өндірістік оқыту», «кәсіптік практика» ұғымдары енгізілді», – деді мәжілістің жалпы отырысында  «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырған халық қалаулысы Бақытгүл Хаменова.

Депутаттың айтуынша, заң жобасы кәсіптік және техникалық білім беретін оқу орындары қызметінің басты төрт бағытын реттеуге негізделген. Атап айтқанда модульдік оқу бағдарламаларын әзірлеу, дуальды оқытуды дамыту, біліктілікті сертификаттауды бәсекелестік ортаға беру және оқу орындарының қаржылық жағдайын реттеу. Дуальды оқыту жайын жоғарыда айттық.

Заң жобасы мақұлданатын болса, кәсіптік және техникалық оқу орындарында оқитындар бір мамандық бойынша үш біліктілік алатын болады. Яғни, бұған дейін 9 сыныпты бітіріп, 3 жыл 10 ай оқыған студент бір ғана мамандық алса, жаңа модульге сәйкес, оқушы бір мамандық аясында үш біліктілікті қатар алып шығады. Мәселен, электрослесарь мамандығы бойынша оқитын студент техник-механик, техник-электрик, техник-слесарь біліктілігін қатар ала алады. Депутат Бақытгүл Хаменованың сөзінше, бұл қадам еңбек нарығына қажетті мамандарды жылдам даярлау үшін қажет-ақ. 

Сондай-ақ, заң жобасына сәйкес, студенттердің біліктілігін сертификаттау бәсекелестік ортаға беріледі.

«Бүгінде колледжді бітіруші түлектер қорытынды аттестаттау бойынша мемлекеттік емтихан тапсырады. Бұдан бөлек, дипломдық жобаны қорғайды. Сондай-ақ, кәсіптік даярлық деңгейін бағалау және біліктілікті беру бойынша теориялық тест пен практикалық емтихан тапсырады. Шыны керек, мұның бәрі бірін-бірі қайталап отыр. Сондықтан, колледж түлектерінің кәсіби даярлық деңгейін бағалау және біліктілікті беру процедурасын қорытынды аттестаттаудан алып тастап, оны бәсекелестік ортаға беруді ұсынамыз. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, түлектердің біліктілігін сертификаттауды тәуелсіз ұйымдар жүзеге асырады», – деді Бақытгүл Хаменова.

Бұл процедура неліктен бәсекелестік ортаға берілмек? Халық қалаулысының сөзінше, оның өзіндік себептері бар. Біріншіден, бұл сертификаттарды жұмыс берушілер мүлдем талап етпейді. Берілген сертификаттар шаң басып, сандық түбінде жатады. Яғни, саны бар да, сапасы жоқ. Екіншіден, бұл процедура бюджет қаражатына айтарлықтай салмақ салып отыр. Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, 2006 жылдан бері бұл бағытқа 1 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған. Үшіншіден, бекітілген бағалау процедуралары колледждің өз базасында өтеді. Яғни, ешқандай жаңашылдық, жан-жақтылық жоқ.

Біліктілікті сертификаттау ісі «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының құзыретіне берілмек.

«Қазіргі сертификаттар жұмыс беруші тарапынан сұранысқа ие болып отырған жоқ. Сертификаттау орталықтарын ашу нарыққа да қызықты емес. Өйткені, жұмыс берушілер бұл сертификатты талап етпейді. Біз еңбек кодексіне ұсыныс енгізу дұрыс деп есептейміз. Бұл ретте, Түркияның тәжірибесіне сүйенуге болады. Бұл ел 40-50 мамандық бойынша сертификаттауды міндетті етіп қойған. Заңға енгізген. Бізде осы қадамға барсақ, нарықта қызығушылық артады», – дейді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев.

Оның айтуынша, бүгінде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының реестрінде 30 сертификаттау орталығы бар. Десе де, олар экономиканың барлық бағытын қамтып отырған жоқ. Эльдар Жұмағазиевтің пікірінше, әлемдік тәжірибеде сертификаттау орталықтарының дамуына әлі де болса 5-6 жыл уақыт керек.

Сонымен қатар, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2020 жылға дейін 5 тәуелсіз сертификаттау орталығын ашуды көздеп отыр.

Бақытгүл Хаменованың айтуынша, заң жобасында қарастырылған төртінші бағыт – оқу орындарының қаржылық жағдайын реттеу. Бұл ретте, мемлекеттік білім беру тапсырысына өзгерістер енгізілмек. Өзгерістер мемлекеттік білім беру тапсырысын бекіту рәсімінде және оларды бекіту мерзімінде айырмашылықтың болуына байланысты енгізіліп отыр.

«Заң жобасы экономиканы білікті кадрлармен қамтамасыз ету, халықаралық талаптарға сай кәсіптік білім беру бағдарламаларын жаңарту аясында қойылған міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған. Сондай-ақ, жолдауда айтылған баршаға арналған кәсіптік және техникалық білім жобасын тиімді, заңды түрде қолданысқа енгізуді көздейді», – деді Бақытгүл Хаменова.

Фархат Әміренов