Джакартада белдесетін балуандар

Еркін күрестен ХVІІІ Азия ойындарында ел намысын қорғайтын ұлттық құрама сапы белгілі болды.

31 Шілде 2018 09:26 Автор: Маруан Түсіп
Джакартада белдесетін балуандар, Джакарта, еркін күрес, Азия ойындары
Фото: en.asiangames2018.id

«Сарықұрлықтың» Олимпиадасына баланатын Азия ойындары биыл 18 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында Джакартада өтеді. Уақыт болса, аз қалды. Сондықтан, кейбір спорт түрлерінен осы дүбірлі додада еліміздің намысын қорғайтын спортшылар тізімі жарияланып жатыр. Мәселен, еркін күрестен Қазақ елі құрамасының бас бапкері Әсет Серікбаев Индонезия кілемінде бақ сынайтын алты балуанды іріктеп алыпты.

Бапкерлер алқасы негізінен ел чемпионатында көзге  түскен балуандарға сенім артуды жөн санапты. Қазір күрестің осы түрінен ұлттық құрама сапына іліккен жігіттер Алатау бөктерінде тер төгіп, жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Олар 15 тамызға дейін Алматыда болатын көрінеді.   

Еркін күрес шеберлері ХVІІІ жазғы Азия ойындарында Олимпиада бағдарламасына енетін алты салмақ дәрежесінде белдеседі. Ал «Сарықұрлықта» күрестің бұл түрі өте жоғары қарқында дамыған. Біздің жігіттердің негізгі қарсыластары Иран, Корея, Үндістан мен Моңғолия балуандары болуы керек. Сонымен, Қазақ елі құрамасының сапы:

57 келі: Жандос Исмаилов (Алматы облысы),

65 келі: Саятбек Оқасов (Павлодар облысы),

74 келі: Данияр Қайсанов (ШҚО),

86 келі: Әділет Дәулембаев (Алматы),

97 келі: Бақдәулет Әлментай (Шымкент),

125 келі: Олег Болтин (ШҚО).

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ХVІІІ жазғы Азия ойындарында қатысатын боксшыларымыздың тізімі жарияланған болатын. Олар –

Теміртас Жүсіпов (49 келі), Азат Махметов (52 келі), Қайрат Ералиев (56 келі), Саматәлі Төлтаев (60 келі), Бекдәулет Ибрагимов (64 келі), Асланбек Шымбергенов (69 келі) және Әбілхан Аманқұл (75 келі).

Осы ретте айта кетуге тиіспіз, 2018 жылғы Азия ойындарының бағдарламасына бокстан 81, 91 және +91 келі салмақ дәрежелері енгізілмеді. Ал бұл салмақтарда Қазақ елі боксшылары құрлықта теңдессіз болатын. Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов «біздің құрама кем дегенде екі жүлдеден, тіпті саф алтыннан айырылды» деп қынжылған. Әйтсе де, күрзі жұдырықты жігіттеріміз Джакарта рингінен 4-5 жүлде (оның екеуі – алтын) жеңіп алуды мақсат тұтып отыр.

Маруан Түсіп