ЕАЭО экономиканың әртараптануына ықпал ете алмайды

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
20978

Өзбекстан Орталық Азиядағы ынтымақтастықты дамыту мәселесін қозғап жүр.

ЕАЭО экономиканың әртараптануына ықпал ете алмайды

Ресей президенті АҚШ пен Батыс елдері санкциясының ықпалын азайту үшін бізге өз жері арқылы Украинаны бетке алуға рұқсат берді. Осыны назарға алған отандық сарапшылар біздің елге де ЕАЭО аясында Ресей мен Белорусьқа Өзбекстанның терезесін ашатын кез келді деген ойға басымдық бере бастады. Себебі біздің жеке дара импорт-экспорт текетіресіне төтеп бере алмайтынымыз анық.

Сарапшылардың: "Экономикасын әртараптандырып үлгермеген Қазақстан үшін ЕАЭО шарттары тиімсіз. ЕАЭО экономиканы әртараптандыруға ықпал ете алмайды" деген пікірі бұл күнде айна-қатесіз келіп тұр.

Ресми статистика Қазақстан Белорусьпен 2018 жылдың қаңтар-мамыр айларында құны 260 млн АҚШ долларын құрайтын тауар айналымын жасағанын хабарлады. 2018 жылдың алғашқы 5 айында Белорусь бізге 1,2 млн АҚШ долларына ұялы телефон, өзгесіне трактор, үй-жиһаздарын, сүт өнімдерін, қант және ет өнімдерін сатса, біз оларға темір, мұнай, көмір ғана экспорттаппыз. Ресеймен сауда айналымындағы мәліметтер де көңіл көншітпейді. Қорыта айтқанда бізге Белорусьтен келетін импорт экспорттан 5 есе, ал Ресейден келетін импорт экспорттан 11, 7 есе көп болып тұр.

Қазақстан президенті жанындағы стратегиялық институттың ғылыми қызметкері, экономист Вячеслав Додонов журналистермен кездескен кезде  Қазақстан экономикасының баяулауын тек мұнай бағасының төмендеуімен байланыстырып: "Қазақстан экономикасынының өсіміне әсер ететін фактор  ЕАЭО-да қалыптасқан жоқ", – деді.

Мемлекетаралық тауар айналымында импорттың үлесі көбейген сайын ұлттық  валютамыздың позициясы әлсірей беретіні белгілі. ЕАЭО-ға бізбен  бір мезгілде мүше болған Ресей мен Белорусь экономикасы біздің елдің экономикасымен мүлде салыстыруға келмейді. Олар одақтың табалдырығын дайын өнімдерді импорттаушы ел мәртебесінде аттады. Ал біздің елде 2010-2014 жылдарға арналған "Импортты тауарларды алмастыру" бағ­дар­ламасы бар екенін үкімет мүшелерінің өзі ұмытып кеткен сияқты. Аталмыш құжатты бізбен бірдей қабылдаған Ресейде бұл мәселе күні бүгінге дейін өзектілігін жойған жоқ.

Экономист Мырзакелді Кемел сол бағдарлама ішкі нарықты отандық өніммен 30-50%-ға дейін қамтамасыз етуді басшылыққа алғанын айтады. "Қазақстандық өнімнің ішкі нарықтағы үлесі әлі күнге дейін 12-15% төңірегінде қалып отыр. Бұл фактор ЕАЭО-дағы үлесімізге кері әсерін тигізуде", – деді Мырзакелді Кемел.

Ол мемлекеттер арасындағы сауда-саттықтағы құны миллиардтарға бағаланған көрсеткіштерді мақтаныш көру кешегі күннің еншісінде қалғанын айтады. Оның сөзінше, әлемдік тренд: "біз жан-жағымыздағы елдерге қандай дайын өнім саттық" деген көзқарасқа басымдық бере бастапты. Егер мәселеге осы тұрғыдан келсек, мемлекетаралық саудада жүзіміздің пәс болып қалатыны анық. Ресми статистика бойынша ҚХР бізге 2 млрд АҚШ долларына техника мен киім-кешек, ал біз 16 млрд АҚШ долларына шикізат пен азық-түлік экспорттаппыз. Сауда айналымы 18 млрд АҚШ долларына жетті деген деректін көрсеткіші осы. Ресми дерекке ілінбей қалган миллиардтарды есептегенде бұл көрсеткіш еселеніп кетуі әбден мүмкін.

"Тек Қытай немесе ЕАЭО нарығы емес, әлемдік нарықта Қазақстанның экспорттық әлеуеті шикізаттык деңгейден көтерілген жоқ. Бұл фактор  ЕАЭО-дағы позициямызға кері әсерін тигізіп жатыр. Ресей президенті бізге  Украинаға дәліз ашуға рұқсат беруі арқылы одақтың билігі Ресейдің қолында екенін көрсетті. Ресейдің Өзбекстанмен ортақ шекарасы жоқ. Бізге де өз дәліміз арқылы еуропаға өзбек дәлізін ашатын кез келді. Мұндай дәлізді  қазақ жері арқылы ашу өзбекке де тиімді.  Біз Өзбекстан бизнесімен интеграциялану арқылы экспорттық позициямызды күшейтеміз. Бұл үшін өзбек кәсіпкерлерімен бірігіп, дайын өнім шығаратын кәсіпорын салуға кірісу керек" , – дейді Мырзакелді Кемел.  

Экономикалық тұрғыдан қарайтын болсақ, бізге қандай да бір  одақтың қажеті жоқ екенін саясаттанушылардың барлығы айтады. Кез-келген одаққа кіру үшін мемлекет ең алдымен ішкі факторларды зерттеп алуы тиіс. Сыртқы  факторларды қосу қажеттілігі туындаса ғана басқа елдермен одаққа қосылуға болады.

"Қазақстанның ішкі факторлары ескерілмей қалды. Бұл біздің экспорттық әлеуетімізге кері әсерін тигізді. Қазір одақ саясаты тек Ресейдің ішкі факторына ғана негізделген. Біз Ресей факторын сыртқы мүмкіндікпен үйлестіру үшін жұмыс істеп жатырмыз. Бұл біздің экспорттық әлеуетімізге кері әсерін тигізіп жатыр", – деді Мырзакелді Кемел.          

Сарапшылар "ЕАЭО Қазақстанның экономикасына кері әсер етіп отыр" деген болжам жасауға әлі ерте екенін айтады. Мысалы Қазақстанның транзиттік әлеуеті арқылы ҚХР мен Еуропаға өзбек терезесін ашуы ЕАЭО шартына қайшы емес екен. Мысалы Ресей Федерациясы біразға дейін одаққа мүше емес елдер арасындағы елдермен тауар айналымына шектеу қою туралы ұстанымға басымдық беріп келген еді. Апта басында көрші ел өз территориясы  арқылы Украинаға жүк транзитін тасымалдауға рұқсат берді. Енді авто және теміржол магистралы арқылы жүк тасымалдауға мүмкіндік беретін құжаттар дайындалып жатыр.

"Қазақстан осы мүмкіндікті пайдаланып, Өзбекстан транзитін Белорусь пен Украинаға ұсынуына болады. Өзбекстан мен Ресейдің байланысы дұрыс. Бұл Қазақстанның  ЕАЭО-дағы позициясын күшейтетін фактор", – деді Мырзакелді Кемел.   

Energyprom мониторингтік агенттіктің сараптамасына сүйенсек, 2017 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстанға Өзбекстаннан 393,3 млн АҚШ доллары тұратын тауар импортталған. Ол тізімде  азық-түлік тауарларынан бөлек, өндірістік өнімдер де болған. Ал Өзбекстанға Қазақстан импортының негізін бидай құраған.

Өзбектердің өз бидайымыздан нан өнімдерін дайындап, өзімізге импорттауға ниетті екенін осы көктемде Ресей және Орталық Азия елдерінің "Нан өнімдері " форумында байқап қалып, амалсыздан бас шайқағанбыз. Демек бізге өзбек те бәсекелес болайын деп тұр.

"Бізге Өзбекстанды бәсекелес ел деп танып, өзімізден алыстатқаннан, "бауыр" деп жақын тартып, әлеуетімізді бірге пайдаланған тиімді. Осы айда "Халық банк" Өзбекстаннан филиал ашуға ниетті екенін айтты. Банк бет бұрса, бизнестің айы оңынан туады. Түркістан облысының Өзбекстанмен шектесіп жатқан аудандарында жыл аралатып болса да, екі елдің президенттерінің қатысуымен бизнес-форум ұйымдастырсақ, өзбек бизнесінің әлеуетін жақыннан тануға мүмкіндік туады. Бізде бар зат Өзбекстанда жоқ, ал Өзбекстанда бар тауар бізде жоқ. Егер, сауда динамикасында осы факторларды бір-бірімен үйлестірсек, екі жаққа да тиімді болады", – дейді Мырзакелді Кемел.

Өзбекстан ұзақ жылдар бойы жабық есік саясатын ұстанса да, шикізаттық емес секторына сызат түсірмеген ел екенін саясаттанушылардың бәрі біледі. Саясаттанушы Расул Жұмалының сөзінше, Ресейдің ЕАЭО шеңберінде үшінші елдермен интеграциялық байланысты шектеу туралы  талабы заңсыз. Себебі ЕАЭО шеңберіндегі интеграциялық байланыс туралы соңғы шешім 2025 жылы қабылданады.

"Қазақстанға Өзбекстанмен келісімшарт жасап, екі тарапқа да пайдалы ұсыныстарды одақ комиссиясының назарына ұсынуына болады", – деді Расул Жұмалы.

Осы ретте ол ЕАЭО-дағы ірі және ұзақмерзімді жобалардың басым көпшілігі Ресейдің көзқарасы мен мүддесіне қызмет етіп келгенін айтты.

"2017 жылғы дерек бойынша, одақ шеңберіндегі сауда көлемі 17, 3 млрд АҚШ доллары болса, соның 90%-ы Ресей Федерациясының үлесінде. Демек біздің елдің экспорттық әлеуеті көрші елге тәуелді", – деді саясаттанушы.

Сөз арасында Расул Жұмалы ШЫҰ Ресеймен бірге Қытайдың ЕАЭО жобаларын біраз уақытқа дейін тоқтата тұруға мүдделі болғанын тілге тиек етті.

Қытайдың ШЫҰ-ға мүше елдер арасында еркін сауда аймағын құру туралы ұсынысы әлі күшінде. Бұл ұсыныс көпшілік дауыспен қолдауға ие болса,  ЕАЭО-ның ұйымға мүше емес елдерінің біздің елмен сауда-саттығында кедендік баж салығы алынып тасталады.

Расул Жұмалы Қытайдың бұл ұсынысы Ресейдің мүддесіне сай емес екенін,  

көрші ел Орталық Азиядағы  бес мемлекеттің бірігіп кетуіне жол бергісі келмейтінін баяндады.

"Бұған дейін де Орталық Азиядағы интеграцияны дамытуға қатысты қадамдар жасалған, бірақ ол қолдау таппай, тығырыққа тірелген. 2002-2005 жылдар аралығына дейін шығар-шықпас жаны бар болып келген Орталық Азиядағы интеграция әуелі Кеден одағына, кейін ЕАЭО-ға жұтылып кетті. Соңғы  уақытта  Орталық Азиядағы ынтымақтастықты дамыту мәселесін  Өзбекстанның өзі қозғайтын болды. Өзбек президентінің Орталық Азиядағы интеграция кілтін Ташкент пен Астананың жанға жайлы кабинеттерінен емес, ауылдан іздеуі біздің де оң жамбасымызға сай келіп тұр. Өзбекстанның ұсынысын қабылдасақ, Қазақстанның оңтүстік өңірлерінің бизнес-климаты жақсарар еді", – деді Расул Жұмалы.  

Ол Орталық Азиялық субьектілерді күшейту егемендікке кері әсер етпейтінін, керісінше субъектілердің ұлттық қауіпсіздігін күшейтуге ықпал жасайтынын жеткізді. Басқаша айтқанда Орталық Азияда даму көрсеткіші бір деңгейде келе жатқан елдердің орталықтануға ұмтылатын кезі келді. Бұл олардың әлемдік нарықтағы экспорттық әлеуетінің  шебін нығайтады.

"Өзбек президенті Ресей, Қытай сияқты үшінші елдерге жалтақтамай, аймақ мәселесін реттеу туралы ашық мәлімдеме жасай бастады. Енді Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан ШЫҰ аймағында еркін экономикалық аймақ құру мәселесінде Қытайға қолдау білдірсе, ҚХР мен Батыс Еуропа елдеріне өзбек терезесі қазақ жері арқылы ашылады. Бұған дейін Өзбекстан өз өнімдерін Қазақстанның теңіз қақпасы арқылы Еуропа нарығына шығаруға ниетті екенін айтқан. Бұл фактор біздің экспорттық әлеуетімізге оң әсер етеді" –деп қорытты сөзін Расул Жұмалы.          

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу