ЕАЭО-ның экономикалық моделі санкциядан сескенбейді

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
3738

Ресей рублі АҚШ пен батыс елдерінің қысымына төтеп бере ала ма деген сұрақ жауапсыз қалды.

ЕАЭО-ның экономикалық моделі санкциядан сескенбейді

ЕАЭО-ның қолданыстағы экономикалық моделі және оның ұйымға мүше мемлекеттердің өмір сүру деңгейіне әсері туралы мәселе "Wall Street Invest Partners" компаниясының сарапшысы Уалихан Қайсаров, "ТeleTrade" компаниясының вице-президенті Дмитрий Дригайло және осы компанияның сарапшысы Мария Сальникова қатысқан жиында талқыланды.

Дмитрий Дригайло Еуразиялық экономикалық одақ өз жұмысын күрделі жағдайда бастағанын еске түсірді. Ол одақ шеңберінде қалыптасқан қолайсыз жағдайға Ресейге салынған санкция мен әлемдік мұнай бағасының құлдырауы себеп болып отырғанын айтты.

"Түрлі қиындықтарға қарамастан, біз одақ аясында нақты нәтижеге қол жеткізгенімізді атап өтуге тиіспіз. Одақтың арқасында ұйымға қатысушы елдердің экономикасы сырттан келетін қауіпке қарсылық таныта бастады", – деді "ТeleTrade" компаниясының вице-президенті

Мария Сальникова соңғы жылдары Қазақстанның экономикалық бостандық индексі тұрақты өсіп келе жатқанын тілге тиек етті.

"Қазақстан еңбек коэффициенті бойынша 86,8%-ға жетті. Ресейде бұл көрсеткіш 52%-ға енді бағындырып жатыр. Дегенмен бізде де девальвацияға қатысы кері құбылыс байқалады", – деді Мария Сальникова.

Оның пікірінше, теңгенің АҚШ долларына қатысты биылғы бағамын 328-338 аралығында  ұстап тұруға болады. Бағамға маусымдық өзгерістер тікелей әсер ету мүмкін.

"АҚШ алдағы аптада өзінің пайыздық мөлшерлемесін жариялайды. Мұнан кейін АҚШ банктері өздерінің резервтегі артық ақшасын несиеге бере бастайды. АҚШ-тың Солтүстік Корея мен Қытай басшыларымен кездесуінің қорытындысы да доллар бағамына әсер етуі мүмкін", – деді  Мария Сальникова.

Сарапшының сөзінше, Қазақстан ЕАЭО мүше бола жүріп ЕО және  мұсылман елдерімен экономикалық интеграциясын арттырған.

"Қазақстанның бұл ұстанымына Ресейдің кейбір саясаттанушылары сын садағын тартты. Сол-ақ ел арасында ЕАЭО-ның  танымалдылығы мен қажеттілігі төмендеп бара жатқаны туралы сөз тарады. Бұл қате және ұшқары айтылған пікір", – дейді Мария Сальникова.

"Wall Street Invest Partners" компаниясының сарапшысы Уалихан Қайсаров 2014 жылғы санкция кезінде ұйымға қатысушы барлық елдердің жағдайы күрт нашарлап кеткенін айтты.

Доллар эквивалентімен алғанда РФ экономикасы санкциядан бергі 3,5 жыл  ішінде 44, 8%-ға "отырып" қалған. Қазақстанда бұл көрсеткіші - 42,5, Белорусьте 34,8, Арменияда - 9, Қырғызстанда - 5% -ды құраған.

"Қырғыздардың ұлттық валютасы соңғы 10 жылда тұрақты болып тұр. Оның тұрақтылығына дем беріп тұрған фактор туралы ЕАЭО сарапшылары әлі күнге дейін ортақ пікірге келген жоқ. Бюджетті шикізат бағасына қарап бекітудің заманы өтті. Бізге қырғыздар секілді қосымша кіріс көздерін қарастыру керек", – деді Уалихан Қайсаров

Бұдан кейін ол ЕАЭО жайлы біржақты пікір айтуға болмайтынын баяндап, ЕАЭО-ға қатысты артық ауыз пікір білдіру тым ақылды шешім емес,  себебі бұл ұйымды жақтаушылар да, даттаушылар да бар екенін жеткізді.

Осылай дей тұра спикердің экономикалық одақтың жағымды тұстарын тәптіштеуге дәті барды.

"Шикізатты, технологиялық жабдықты шетке немесе шеттен елге тасымалдау кезіндегі трансшекаралық алымдар  төмендеді, ШОБ интеграцияланды, еңбек миграциясы жүйеленді", – деді Уалихан Қайсаров.

Ол ЕАЭО қиындықтарға қарамастан одаққа аса қажет прогрессивті технологияларды қолданысқа енгізе алғанына тоқталды.

"Мұның нәтижесін ел көруі керек. Бұл үшін ғылыми негіздерді және білім беруші секторларды дамытуға қаржы бөлінуі тиіс. Мұны ЕАЭО шеңберінде бір мезгілде жүзеге асырса ғана мультипликативті әсері болады", – деп түйді сөзін Уалихан Қайсаров. 

Сөз сөйлеген спикерлер ЕАЭО-ға мүше елдердің  институционалды дамуына дем беретін нақты факторларды атай алмады. Ал ЕҚДБ-ның осы аптадағы интеграциялық зерттеуінің нәтижесі ЕАЭО-ға мүше елдерге дем беру факторлары уақыт өткен сайын азайып бара жатқанын көрсетті.

Зерттеу қорытындысына сүйенсек, РФ еуразиялық бағытты ұстанбайды. Бұл ұстаным Қазақстан мен Қырғызстанда ғана басымдыққа ие.

ЕАЭО уақыт өте келе Орталық Азия одағы елдеріне айналып, оның қатарын Өзбекстан мен Тәжікстан толықтыруы мүмкін бе деген abctv.kz тілшісінің сауалына спикерлер мардымды жауап қайтарған жоқ.

Уалихан Қайсаровтың пайымдауынша, бұл уақыт еншісіндегі мәселе.

Жиында Ресей рублі АҚШ пен батыс елдерінің қысымына төтеп бере ала ма деген сұрақ та жауапсыз қалды.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу