Екі қазақ – Әлем чемпионатының қола жүлдегері

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2395

Күрес түрлерінен Будапеште өтіп жатқан Әлем чемпионатында Айдос Сұлтанғали мен Мейіржан Шермаханбет үшінші орынға ие болды.

Екі қазақ – Әлем чемпионатының қола жүлдегері

Грек-рим күресінен – екі қола
Будапешт кілемінде өтіп жатқан Әлем чемпионаты бүгін аяқталады. Бірақ Қазақ елі балуандары үшін бүкіләлемдік бірінішілік кеше түнде аяқталды. Сенбі күні грек-рим күресінен төрт салмақ дәрежесінде белдескен бауландарымыз жеңіліске ұшырап, жүлдеден үміттерін үзді. Ал 60 және 67 келі салмақ дәрежелерінің шешуші белдесулері біз үшін сәтті аяқталып, екі медаль бұйырды.

Грек-рим күресінен 60 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Айдос Сұлтанғали қола медаль олжалады. Ол әуелі Украина балуанын ұтып, 1/8-финалында жапон жігітінен айласын асырды. Ширек финалда қырғыз қыранынан басым түскенімен, жартылай финалда ресейлік Емелинге есе жібері алды. Ал қола медаль үшін өткен белдесуде солтүстіккореялық Се Унг Риді ұтты.

Күрестің осы түрінен 67 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Мейіржан Шермаханбет те 2018 жылғы Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Ол бірінші айналымды түрік тарланын тізе бүктірді. 1/8-финалында Куба қабыланын ұтып, ширек финалда Иран балуанынан басым түсті. Бірақ жартылай финалда ресейлік Сурковтан ұтылып қалды. Ал үшінші орын үшін өткен белдесуде Франция үміті Мамадасса Силладан үстем түсті.

Өкінішке қарай, Нұрым Дүйсенов жаттықтыратын қалған жігіттеріміз жүлделі орындарға маңайлай алмады. Мақсат Ережепов (82 келі) 8-орынды, Жансерік Сәрсенбиев (55 келі) 10-орынды, Демеу Жадыраев (72 келі) 13-орынды, Айдын Нұғыманов (63 келі) 19-орынды қанағат тұтты. Ал кеше Мансұр Шадукаев (130 келі) 1/8-финалында, Тамерлан Шадукаев (77 келі) және Азамат Құстыбаев (87 келі) 1/16-финалында, Әлімхан Сыздықов (97 келі) іріктеу сатысында ұтылып қалды.

Еркін күрестен – бір күміс
Жалпы, биылғы әлем чемпионатын еркін күрес шеберлері бастаған болатын. Біздің елге күрестің бұл түрінен бір күміс бұйырды. 57 келі салмақта күрескен Нұрислам Санаев (Артас Санаа) екінші оынға ие болды. Ол әуелі Самоа спортшысын бұйым құрлы көрмеді. Бұдан кейін Украина балуанын да қиналмай жеңді. Ширек финалда түрік тарланын, жартылай финалда Америка жігітін жолынан тайдырды.

Финалда ресейлік Заур Угуевпен күрескен болатын. Белдесудің аяқталуына 13 секунд қалғанда, есеп 3:3 болып тұрған. Әрі соңғы ұпайды Нұрислам еншілеген болатын. Алайда дәл сол сәтте төреші Угуевқа бір ұпай беріп, көпшілікті қайран қалдырды. Сөйтіп, жеңісті 4:3 есебімен Ресей балуанына берді. Қолда тұрған алтын медаль сынаптай сусыды. Төрешінің осы бір түсініксіз шешіміне Қазақстан ұлтық құрамасының бапкерлері наразылық білдірген жоқ...   

Басқа балуандарымыз жүлделі орындарға іліге алмады. Болат Сақаев (74 келі) 7-орынға, Мамед Ибрагимов (97 келі) 10-орынға, Ермұхамед Іңкәр (125 келі) 10-орынға, Дәулет Ниязбеков (65 келі) 13-орынға, Нұрғали Нұрғайыпұлы (92 келі) 15-орынға, Бақтияр Ізбасаров (79 келі) 17-орынға, Амандық Бәкеев (70 келі) 18-орынға, Қуат Әміртаев (61 келі) 20-орынға, Әділет Даулымбаев (86 келі) 22-орынға орналасты.

Әйелдер күресінен жүлде бұйырмады
Будапеште әйелдер арасындағы еркін күрестен жүлделі орындарға іліге алмай, жер шұқыдық. Өкінішті, әрине. Венгрия кілемінде намысты қолдан бермейтін қайсар қыздарымыздың бақтары жанбады. Тек Жұлдыз Ешімова ғана қола медаль үшін күресу мүмкіндігіне ие болды. Бірақ ол да шешуші белдесуде жеңілістің кермек дәмін татып, жеңіс тұғырына көтеріле алмады.

Жұлдыз алғашқы белдесуінде Америка аруы Сара Хильдебранттан ұтылып қалған. Бірақ қарсыласы финалға шығып, үшінші орын үшін күресу мүмкіндігіне ие болды. Әуелі Әзірбайжан қызы Анжела Дороганды ұтқанымен, қола медаль үшін өткен шешуші белдесуде Канада үміті Диана Вайкерге есе жіберіп алды. Есеп – 2:3. Сөйтіп, бесінші орынмен шектелді.    

Қалған қыздарымыздың нәтижелеріне тоқталар болсақ, Эльмира Сыздықова (76 келі) 7-орынды, Жәмила Бақбергенова (72 келі) 10-орынды, Екатерина Ларионова (68 келі) 11-орынды, Алтынай Сатылған (59 келі) 12-орынды, Аяулым Қасымова (62 келі) 20-орынды, Марина Седнева (55 келі) 12-орынды, Эмма Тисина (57 келі) 18-орынды, Валентина Исламова (50 келі) 13-орынды қанағат тұтты.  

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу