Екі мыңнан астам түлек сүрінді

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3207

Алайда, олардың алдағы уақытта тағы да екі мәрте тест тапсыруға мүмкіндігі бар.

Екі мыңнан астам түлек сүрінді Фото: sputniknews.kz

20 маусым күні еліміз бойынша 13 897 түлек ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Алғашқы күннің қорытындысына сәйкес, 11 795 түлек шекті мәннен, яғни 50 балдан артық жинады. Бұл – жалпы қатысушылардың 84,8%-ы. Ал 50 балды бағындыра алмағандардың саны – 2 102 (жалпы тапсырушылардың 15,2%-ы).  

Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұловтың сөзінше, шекті мәннен кем жинағандар үшін жоғары оқу орындарына түсуге әлі де мүмкіндік бар. Ол үшін биылғы тамыз айында өтетін тестілеуге екінші мәрте қатысуы керек. Ал бұдан өтпесе, университеттердің ақылы бөлімінде бір семестр оқуға мүмкіндік алмақ. Семестр аяқталған соң, келер жылдың қаңтар айында үшінші мәрте тест тапсыруға жіберіледі.

Директордың айтуынша, аталған жаңашылдықтың нәтижесінде 2017 жылы еліміз бойынша 30 мыңдай адам жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік алған.

"ҰБТ-ның алғашқы күнінде 33 тестілеу пункті жұмыс істеді. Жалпы, тест тапсыруға 14 250 түлек өтініш берді. Олардың нақты тапсырып шыққаны – 13 897. Бұл – өтініш берген түлектер санының 97,5%-ы. Бір түлектің нәтижесі есепке алынбады. Оқиға еліміздің оңтүстік өңірінде тіркелді. Ол тест тапсыру ережелерін бұзды. Нақты қандай екенін айта алмаймын", – деді Рамазан Әлімқұлов.

Бес пән бойынша республикадағы орташа балл 80,9-ды құрапты. Бұл өткен жылғы ҰБТ-ның бірінші күнінің қорытындысымен салыстырғанда 4 балға артық. Еске сала кетейік, былтыр бірінші күннің қорытындысы бойынша республикадағы орташа балл 77,5-ті құраған еді.

"Тестілеудің алғашқы күні тіркелген ең жоғары бал – 138. Әзірше мүмкін деген 140 ұпайдың бәрін жинаған шәкірт тіркелген жоқ. Алдағы күндері ең жоғары балды еншілейтіндер шығады деп сенеміз", – дейді Рамазан Әлімқұлов.

Қазақстан бойынша 46 түлек тесті ағылшын тілінде тапсыруға өтініш бергенімен, жеме-жемге келгенде олардың біреуі ғана таңдауынан тайқымаған. Ал қалғанды шешімін өзгерткен. Ағылшын тілінде тапсырған түлек – Алматы қаласының өкілі.

"Колл-орталыққа 105 қоңырау түсті. Олардың көбі ҰБТ-ны өткізу ережесіне қатысты шалынған қоңыраулар. Биылғы жаңашылдықтың бірі – тестілеу барысын онлайн режимде бақылау. Осы орайда, аудиториялардың 85%-ы бейнебақылау камераларымен жабдықталғанын атап өткен дұрыс. Алғашқы күннің қорытындысы бойынша аппеляциялық органға өтініш бергендер болған жоқ", – деді ұлттық тестілеу орталығының директоры.

Рамазан Әлімқұловтың айтуынша, аппелациялық органға өтініш бергісі келген түлек тест тапсырған күннің ертеңінде түскі 13:00-ге дейін үлгеруі керек.

Директор атап өткендай, алғашқы күні екі түлек есінен танып қалған. Оның бірі – алматылық, екіншісі Сарыағаш қаласының тұрғыны. Алғашқысы мемлекеттік комиссияның шешімімен ҰБТ-ны келесі лекпен тапсыратын болды. Ал екіншісі сол сәтте-ақ есін жиып, тестілеуге бастан-аяқ қатысып шыққан.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу