Екібастұз артылған энергияны ақшаға айналдыра бастады

9259

Ел билігі бізге биткоин керек пе, керек емес пе деген сұрақпен бас қатырып жатқанда, Екібастұзда алғашқы биткоин пайда болды.

Екібастұз артылған энергияны ақшаға айналдыра бастады

Криптовалютаның жаңа түрін алматылық "БНКА Энерджи" компаниясы шығарып жатыр. Тың жобаға АҚШ-тың инвестициясы тартылған. Майнингтік орталықта қарағандылық 16 маман жұмыс істейді. Олардың барлығы Қытайда білім алған. Орталық Қытайдың құрал-жабдықтарын пайдаланып отыр.

Осыдан біршама күн бұрын Екібастұздағы майнингтік орталықты премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың өзі барып көрді. Демек билік басындағылар орталықтан үлкен үміт күтіп отыр деген сөз.

"БНКА Энерджи" компаниясының техникалық директоры Жанат Әлдебергеновтің сөзінше, жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Алғашқы кезеңі 6 тамызда жұмысын бастады. 20 қыркүйек күні екінші кезеңі іске қосылды. Бүгінде компания 11 МВт электр энергиясын тұтынып отыр. Ал 10 қарашада үшінші кезеңді іске қосу жоспарлануда. Үшінші кезеңнен кейін орталықтың қуаттылығы 18 МВт-қа дейін ұлғаймақ. Жалпы компания жыл соңына дейін 33 МВт электр қуатын тұтынуды жоспарлап отыр.

"Компания майнингтік фермаларға хостинг қызметін ұсынумен де айналысады. Бұл қызметке майнинг құрылғыларын орнату, құрал-жабдықты бақылау және сараптау, электр энергиясымен, интернет желісімен үздіксіз қамтамасыз ету кіреді. Қазіргі уақытта біздің компания осы нарықтағы ірі ойыншы ретінде танылып үлгерді. Орталықты Екібастұзда ашуымыздың бірнеше себебі бар. Біріншіден, өңірде электр қуаты артылып қалады. Екіншіден, мұнда тариф төмен. Үшіншіден, деңгейі жоғары кәсіби мамандар бар. Енді ірі майнингтік фермалар мен компаниялар осы өңірге тартылса, Павлодар облысы еліміздегі блокчейн-технологияларды қолданатын ірі орталыққа айналады", – дейді Жанат Әлдебергенов.

Техникалық директордың айтуынша, орталықтың жалпы құны 5,7 млрд теңгені құрайды. Жоба аяқталғаннан кейін мұнда 60-қа жуық жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Әр тоқсан сайын мамандар біліктілікті арттыру үшін Қытайдағы майнинг-жабдық шығаратын зауытқа жіберіледі. Ол жақта мамандар жабдықтарды қалай жөндеп, олармен қалай жұмыс істеу керектігін үйренеді.

Еске сала кетейік, 2017 жылғы маусым айында ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев Х Астана экономикалық форумында әлемдік валюта құру мәселесін көтерген еді.

"Әлемдік қаржы архитектурасын түрлендіру қажеттілігі туындап отыр. Халықаралық есеп айырысудың төлем бірлігін енгізу мәселесін мұқият қарайтын уақыт жетті. Бұл әлемді валюта соғыстарынан, алыпсатарлықтан арылтып, сауда қатынастарында қателіктерге жол бермеуге мүмкіндік берер еді. Оған қоса валюта өзінің тұтынушыларына бағыныңқы эмиссияның қарапайым, айқын тетігіне ие болуы керек", – деген болатын президент.

Қазір әлемде қолға ұсталмайтын ақшаға басымдық беріле бастағанын жақсы білеміз. Виртуалды әлемде шырт-шырт саналатын криптовалютаның түр-түрі бар. Соның бірі – биткоин.

"Оны өндіру үшін қандай да бір материалдың немесе металдың қажеті жоқ. Бастысы электр қуаты жеткізіліп тұрса болды. Мұндай валютаны сақтау үшін күні-түні электр қуаты үзілмеуі тиіс. Электр қуатын энергия тасымалдайтын "Горэлектросети" және "Энергоуправления" кәсіпорындарынан сатып аламыз. Елімізде криптовалюта шығару өзекті болып келе жатыр. Ал электр энергиясының елімізде ішкі сұранысты бірнеше есе орайтынын ескерсек, мұндай өндіріс орындары қажет-ақ. Яғни артық электр қуатын қажетке жаратып, қазынаға қаржы түсіруге мүмкіндік бар", – дейді Екібастұздағы майнингтік орталықтың өкілі Әнуар Сәрсенов.

Павлодар облысында майнингтік орталық ашу жайы өткен жылы сөз болған еді. Былтыр Қытайға барған сапарында аймақ басшысы Болат Бақауовқа Maye компаниясының өкілдері дәл осындай орталық ашу туралы ұсыныс тастаған болатын. Алайда облыс әкімі қытай тарапына нақты жауап бермей, заң тұрғысынан ойластырып көреміз деген еді. Демек Екібастұзда майнигтік орталықтың ашылғанына қарағанда, заң тұрғысынан ешқандай кедергі болмаған.

Деректерге сүйенсек, бүгінде Павлодар облысының энергетика кешеніне 7 жылу-электр станциясы еніп отыр. Олардың жалпы қуаттылығы 8400 МВт-тан асады. 2018 жылдың соңғы сегіз айында облыс 30,5 млрд кВТ/сағат электр энергиясын өндірген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 116,4 пайызды құрайды. Сегіз айдың ішінде облыс 12,7 млрд кВт/сағат электр энергиясын тұтынған. Бұл – өңірде өндірілген жалпы электр энергиясының 41,6 пайызы. Павлодар облысы электр қуатының 14,05 млрд кВт/сағатын республиканың өзге өңірлеріне жеткізеді. Ал 3,75 млрд кВт/сағат өнімді Ресей Федерациясына экспорттайды.

Атап өтерлігі, майнингтік орталық орналасқан Екібастұз қаласында энергетикалық тұрғыдан тиімділігі жоғары балабақшалар жұмыс істейді. 2018 жылдың 17 ақпанында Дүниежүзілік банктің өкілдері Швейцарияның Қазақстандағы елшілігімен бірлесіп кеншілер шаһарындағы "Мерей" және "Радуга" балабақшаларын іске қосқан болатын. Жыл соңына дейін Павлодар облысының Ақтоғай ауданындағы "Айгөлек", Май ауданындағы "Қарлығаш" және "Балбөбек" балабақшалары да энергия үнемдеуге көшпек.

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу