Эконом-класс бизнес-класты шаң қаптырады

9588

Ел азаматтарының баспана сатып алу мүмкіндігінің төмендеуі тұрғын үй нарығын тұралатуы мүмкін.

Эконом-класс бизнес-класты шаң қаптырады

Мамандардың мәлімдеуінше, биыл тұрғын үй нарығындағы өтімділік көрсеткіші азаяды. Адамдар бұрынғыдай  бизнес-класс емес, эконом-класс үй алуға көшеді. Бұған олардың баспана сатып алу мүмкіндігінің төмендеуі, яғни қаржыларының жетпеуі себеп болады.

"Қазақстан құрылысшылар одағы" РЗТБ атқарушы директоры Азамат Қарлығашевтың пікірінше, "7-20-25" бағдарламасымен сатылатын эконом-класс үйлер бағасы арзан болуына байланысты бизнес-класс үйлердің сатылымына кері әсер етеді.

"2020 жылға дейін баспана бағасы тағы 10% -ға қымбаттауы мүмкін. Бірақ сұраныс болмаса немесе төмен болса бағаны өсіргеннен пайда жоқ. Статистика комитетінің дерегінше, былтыр бастапқы нарықтағы тұрғын үй бағасының орташа өсімі 5%, ал қайталама нарықтағы үйлердің құны 7,5%-ға өскен. Есесіне сатып алу көрсеткіші төмендеп кеткен", – деді атқарушы директор.

Экономист Әсет Наурызбаевтың сөзінше, жеке құрылыс компаниялары тұрғын үй нарығындағы мемлекеттік бағдарламалардың алдын ораудың түрлі тәсілдеріне жүгініп жүр.

"Тұрғын үй нарығындағы бәсекелестікке төтеп беру үшін құрылыс компаниялары баға саясатын қайта қарауға мәжбүр болып отыр. Алайда олар салған үйлерін өз құнынан арзанға сата алмайды. Ал адамдарды бірінші кезекте үйдің сапасы емес, құны қызықтырады. Десек те, бұл қымбат бағаға сатылған үйдің барлығы сапалы деген сөз емес", – деді Әсет Наурызбаев.

Оның ойынша, ел азаматтарының баспана сатып алу мүмкіндігінің төмендеуі тұрғын үй нарығын тұралатуы мүмкін.

"Өздеріңіз білесіздер, қазір тұрғын үй нарығында доллармен емес, теңгемен есеп айырысады. Сондықтан адамдарға доллардың құбылмалы бағамына алаңдаудың қажеті жоқ. Бірақ құрылыс компаниялары үнемі доллар бағамын назарда ұстап отырады. Олар қит етсе, сатылымдағы үйлерінің құнын өсіруге талпынады. Неге деп сұрағандарға доллар өсті деп жауап береді", – деді Әсет Наурызбаев.

Экономист Рахым Ошақбаевтың ойынша, тұрғын үй нарығында қазіргі баға сақталады. Қымбаттау да, арзандау да болмайды.  

"Адамдардың үй сатып алу мүмкіндігі төмендеп кетті. Теңгенің құнсыздануы да тұрғын үй нарығына теріс ықпал етіп тұр. "7-20-25" бағдарламасына келетін болсақ, ол ел азаматтарының белгілі бір бөлігін ғана қамтиды және нақты бір стандартпен шектелген. Осыған орай бұл бағдарлама тұрғын үй нарығындағы бағаның арзандауына ықпал етеді деп ойламаймын", – деп түйді ойын Рахым Ошақбаев.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу