Экономикалық ынтымақтастықтың шекаралары

Тигран Оганесян Тигран Оганесян
4713

Ереванда ЕЭЭО-ның үкіметаралық кеңесінде жалпы шекараның жоқтығы және қазіргі шекаралардағы жағдай талқыланды.

Экономикалық ынтымақтастықтың шекаралары

Еревандағы отырыс басталмас бұрын Армения президенті Серж Саргсян Еуразия үкіметаралық кеңесінің мүшелерін қабылдап, күн тәртібіндегі техникалық кедергілерді жою мәселесіне назар аудартты. Оның ойынша, бұл жалпы нарықтағы тауарлар мен қызмет көрсетуге, капитал және жұмыс күшінің еркін қозғалуына кедергі келтіреді де, интеграциялық процестердің нәтижесін тежейді.  Армения президенті талқылау барысында күн тәртібіндегі осы және басқа да мәселелер өз шешімін табатынына сенім білдіріп, отырысқа қатысушылардың жұмысына табыс тіледі.

Отырыс барысында Қазақстан премьер-министрі бәсекелестік пен одаққа мүше елдер арасындағы сауда қарым-қатынасын құру проблемаларын сөз етті.  

"Бүгінгі күні халықаралық сауда қарым-қатынасы түрленіп, протекцианизм тренді күшейіп, ірі елдер арасында өңірлік сауда аймағын құру үшін бәсекелестік артуда", – деді Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев кеңейтілген құрамдағы  отырыста.

Оның ойынша, осыған байланысты ЕАЭО жүйелік реттеуді және орташамерзімді ұлттық саясатты жаңа шарттарға бейімдеуді қолға алуға тиіс. Қазақстан үкіметінің басшысы ЕАЭО-ны құрғаннан бері одаққа мүше-елдердің экономикасын дамытуға бағытталған негізгі бағдарламалық құжаттар қабылданды, бірақ та оларды дәл қазіргі уақытта іске асыру маңызды экономикалық сараптамамен бекітілуге тиіс деп есептейді.  

Еуразия үкіметаралық кеңес отырысында қырғыз-қазақ шекарасындағы жағдайды сөз еткен Қазақстан премьер-министрі бүгінгі таңда шекарада атқарылып жатқан жұмыс "қырғыз тарапына қатысты арнайы бағытталған жұмыс" емес екенін атап кетті.

"Бұл жерде салық үлесі бойынша шығындарды және контрабанда деңгейін азайтудан басқа Қазақстанның бөтен ойы жоқ. Сондай-ақ бұл одақ бойынша басқа да достарымызға қатысты", – деді Бақытжан Сағынтаев.

Оның айтуынша, 2014-2016 жылдардағы кедендік баж түсімдерінің динамикасына жасалған сараптама Қырғызстаннан басқа одаққа мүше-елдердің бәрінде түсімінің аз болғанын көрсетеді.

"Бұл арада ең көп шығынға ұшырап отырған Қазақстан, біз 18,9% жоғалтып отырмыз", – деді ол.

"Біз Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы жол картасы бойынша жұмыс істеп жатырмыз.  Барлық 43 тармақ бойынша толық түсінік қалыптасқан. Алдағы уақытта біздің органдар мұны іске асыратын болады", – деді Бақытжан Сағынтаев.  

Сондай-ақ ол Қытайдан ЕАЭО елдеріне тауар жеткізуге қатысты жағдайға қысқаша шолу жасап кетті.

"ЕЭК мәліметі бойынша, ЕАЭО елдерінің импорты  2016 жылы 201 млрд доллар болған. Бұл жерде айтарлықтай меншікті салмақ – 22,7% Қытайға тиесілі", – деді Бақытжан Сағынтаев.

Сонымен қатар Қазақстан үкіметінің басшысы жан басына шаққандағы халық тұтынатын тауарларды (киім мен аяқ киім) тасуға қатысты мәліметке тоқталды. Мысалы, Қырғызстанға Қазақстанға қарағанда 65 есе көп киім әкелінеді. Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, қазақстандық тарап 2016 жылдан бастап кедендік әкімшіліктендіру мәселесін бірнеше рет көтерген. Қазақстан мен Қырғызстанның өкілетті органдары Қытайдан әкелінетін тауарларды жалған декларациялаудың алдын алу мақсатында 2017 жылдың 5 маусымында бірлесіп жұмыс істеу жоспарына қол қойған. Алайда келісім нәтиже бермей отыр.   

Қырғызстан премьер-министрі қырғызстандық тарап жеке мәлімдеме жасайтынын айтып: "Біздің де айтарымыз бар. Бірнеше шақырымдық кезек тек Қырғызстанның ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның және үшінші елдің де ашу-ызасын тудырады", – деді.  

"Өздеріңіз білесіздер, 10 қазаннан бастап қазақстандық тарап көлік құралы мен тауарларға қатысты шекаралық бақылауды күшейтті, әзірге мәселе шешілген жоқ. Біздің қазақ ағайындар бұл мәселені шешеді деп ойлаймын", – деп қосты Қырғызстан үкіметінің басшысы.

Ол одақ елдерінің  шарттық-құқықтық базасына сәйкес, көлік құралдары тұрып қалмай өтуге тиіс екенін, одақ аясында қолданылатын келісімшарт негізінде тауарлар мен жүктер, капитал мен жұмыс күші еркін қозғалуы керектігін  айтты.

Сондай-ақ Сапар Исаков қырғыз-қазақ шекарасындағы жағдай бойынша премьер-министрлер келіссөз жүргізгенін, проблемалардың кейбіреуі жойылғанын айтты.

Бұл серіктестік пен ынтымақтастық  аясына сәйкес пе деген сауалға жоқ сәйкес келмейді деп жауап қатты Қырғызстан премьер-министрі.

10 қазаннан бастап Қырғызстан мен Қазақстанның шекарасында адамдар мен жүктердің қалың нөпірі пайда болды. 15 қазан күні президент сайлауы өтуіне байланысты Қырғызстанның мемлекеттік шекара қызметі жұмысын күшейтті. Қазақстанда шекарадағы бақылауды күшейтіп, мұны шекарадағы жоспарлы операция деп түсіндірді.   

Армения премьер-министрі Карен Карептян ЕАЭО-ға қатысты әріптестік сипаттың маңызды екенін атап кетті де, цифрлық күн тәртібінсіз экономиканың бәсекелестігін арттыру мен жаңғыру мүмкін еместігін айтты.

Карен Карапетян ЕАЭО-ға мүше-мемлекеттердің 2018-2019 жылдарға арналған көлік саясаты туралы айтқанда көлік коммуникацияларын әртараптандырудың маңыздылығына тоқталды.

"ЕАЭО елдерімен ортақ шекараның болмауынан  біз үшін логистика және көлік коммуникациялық бағыттағы мәселе өзекті. Жол картасын жүзеге асыру  біздің мемлекеттердің арасында көлік коммуникацияларын әртараптандыруға көмектеседі деп ойлаймын", – деді ол.  

Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру шеңберінде Армения премьер-министрі  электр энергиясының өзара  саудасының өсуіне және ЕАЭО елдерінің электр энергетикалық жүйесінің жапсарлас жұмысын  жоспарлауға сәйкес келетін ақпарат алмасудың осындай жүйесіне шығуға қызығушылық бар екенін атап кетті.

25 қазан күні өткен Еуразия үкіметаралық кеңес отырысында  Ресей, Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан және Армения үкіметінің басшылары бірқатар құжатқа қол қойды. Нәтижесінде ЕАЭО-ның цифрлы күн тәртібі аясындағы бастамаларды әзірлеу туралы шешім,  ЕАЭО-ға мүше-мемлекеттердің 2018-2019 жылдарға арналған үйлестірілген көлік саясатын іске асыру кезеңі мен негізгі бағыттарын жүзеге асыру шараларының жоспары ресми рәсімделді. Сонымен қатар 2018-2019 жылдарға арналған ЕАЭО-ның ішкі нарығындағы  шектеулер мен шарттарды алып тастау, авиация  оқиғаларын тергеуге қатысты органды құру, электр энергетикалық нарық аясында ақпарат алмасу жүйесін қалыптастыру,  тауарларды сәйкестендіру құралдары арқылы таңбалау туралы келісім жобасы және 2018-2020 жылдары "Еуразия апталығы"  көрме форумын өткізу бойынша іс шаралар жоспары туралы өкімге қол қойылды.

Еуразия экономикалық комиссиясы алқасының төрағасы Тигран Саркисянның айтуынша, үкіметаралық кеңестің келесі отырысы 2018 жылдың басында Сочиде өтеді. Сондай-ақ келесі жылы дәстүрлі "Еуразия апталығы"  көрме форумы Арменияда ұйымдастырылады.   

Гүлназ Ермағанбетова, Тигран Оганесян

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу