Экономиканы сауда алға сүйреп, құрылыстың бәсеңдеуі кері тартуда

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
4547

2017 жылы экономиканың негізгі драйверлерінің бірі болған құрылыс "минусқа кетіп", негізгі өсім сауда мен өңдеу өнеркәсібінде байқалуда.

Экономиканы сауда алға сүйреп, құрылыстың бәсеңдеуі кері тартуда

2018 жылғы ақпанда қысқа мерзімді экономикалық көрсеткіш, Ұлттық банктің хабарлауынша, 105,2% болды. Негізгі салалардың басым көпшілігінде өсімнің оң динамикасы тіркелген. Ал құрылыс пен сумен жабдықтау саласында бұрынғы тоқырау қазіргі жағдайға кері әсерін тигізіп отыр. Өнеркәсіптегі және көліктегі өндірістің әртараптануы, инвестициялық белсенділіктің өсуі, соның оның ішінде шетелдік инвестицияның белсенділігі және ішкі тұтынудың қалпына келуі қысқа мерзімді экономикалық индикатордың ұлғаюына себеп болған.

Бас банктің мәліметінше, ең жоғары қысқамерзімді экономикалық индикатор (ҚЭИ) мәні республика бойынша Атырау облысында байқалады. Тау-кен өнеркәсібіне бағытталған инвестициялардың елеулі өсуі көтерме саудадағы шикі мұнай саудасының ұлғаюына, бұл өз кезегінде аталған көрсеткіш өсім көрсетуіне алғышарт болды.

"Сонымен қатар, тау-кен өнеркәсібі мен байланыс саласында алға ілгерілеушілік байқалады. Ал құрылыс саласында керісінше көрсеткіштер төмендеуде. Көп уақыттан бері алғаш рет Қызылорда облысы бойынша ҚЭИ алға ілгерілеген. Астана қаласы бойынша жыл басынан бері өңдеу өнеркәсібінің, құрылыстың, көлік және сауданың тоқырауы себепті мұндағы қысқамерзімді экономикалық көрсеткіштер "минусқа" кеткен. Ал Батыс Қазақстан облысындағы көрсеткіштің төмендеуіне тау-кен өнеркәсібіндегі газ конденсатын өндірудің азаюы, сауда-саттық пен көлік тасымалының төмендеуі түрткі болған", делінген бас банктің баяндамасында. 

Жалпы, республика бойынша 2018 жылдың қаңтар-ақпан айларында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5,6%-ға артты. Соның ішінде тау-кен өнеркәсібі 5,5%-ға өсті. Шикі мұнай мен табиғи газ өндірісінің өсуі өнеркәсіптің ұлғаюына әсер етті. Ал көмір мен лигнит өңдіру азайып кеткен.

Өз кезегінде өңдеу өнеркәсібінде өсім 6,1% құрады. Салаға кіретін барлық секторда өсім байқалып отыр. Ең көп өсім металлургия және машина жасау жағында. Жеңіл өнеркәсіп саласы болса, бірер жылдық тоқыраудан кейін қалпына келіп жатыр.

Нақты сектордағы іскерлік белсенділіктің артуы көлік саласына оң әсерін тигізіп, жылдың басынан жүк айналымының 9,4%-ға өсуіне ықпал етті. Көлік қызметтерінің барлық түрлерінде, ең алдымен теміржол және әуе көліктерінде оң динамика байқалады.

Құрылыс жұмыстарының көлемі 2018 жылдың қаңтар-ақпан айларында тұрғын емес ғимараттар құрылысының көлемінің азаюы салдарынан 4,5% -ға төмендеді. Құрылыс жұмыстарының бәсеңдетуі Атырау, Қостанай облыстары мен Астана қаласында тіркелді. Құрылыстың ең жоғары өсу қарқыны Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарында байқалды. Мердігерлік құрылыс жұмыстарының түрлері бойынша тұрғын емес ғимараттардың (27,8%), тұрғын үй құрылыстарының (11,4%), автомобиль жолдары мен автомобиль жолдарының құрылысы (8,6%) маңызды үлесін алады.

Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 3,3%-ға өсті. Өнеркәсіптің өсуі мал шаруашылығындағы өндірістің 3,4%-ға ұлғаюына байланысты. Өсімдік шаруашылығында екінші ай қатарынан жалпы шығыс өзгеріссіз қалды. Қостанай, Ақмола және Қарағанды ​облыстарында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің (тауық жұмыртқасы, барлық түрдегі ет және сиыр сүті) айтарлықтай өсуі байқалады.

Жыл басынан сауданың нақты көлем индексі 7,0%-ға өсті. Бұл ретте бөлшек сауда көлемі 4,1%-ға, ал көтерме саудасы 8,6%-ға өсті. Көтерме сауда шикі мұнай мен газ сату көлемінің артуы есебінен, ал бөлшек сауданың азық-түлік емес тауарларды сату көлемінің артуы есебінен өсті. Бөлшек сауданың жалпы көлеміндегі ең үлкен үлес – Алматыда, ең азы Маңғыстауда байқалды.

Байланыс қызметтерінің көлемі 5,7%-ға өсті. Саланың өсуіне интернет-қызметтер, ұялы байланыс және басқа да телекоммуникация қызметтері оң үлесін қосты.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр экономиканың ең жоғары өсім көрсеткен құрылыс, ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібі болған еді. Биыл құрылыс бәсеңдеп, ауыл шаруашылығының орнын сауда саласы баспақ.

ҚР ұлтттық экономика министрлігі статистика комитетінің деректері бойынша, туынды ІЖӨ көлемі 2017 жылғы қаңтар-желтоқсанда нақты көрсеткіште 4,0%-ға ұлғайып 51,6 трлн теңгені құрады. ІЖӨ өсуіне негізінен тау-кен өнеркәсіп (9,3%-ға), өңдеуші өнеркәсіп (5,1%- ға), көлік және қоймаға жинау (4,8%-ға), көтерме және бөлшек сауда (3,2%-ға), жылжымайтын мүлікпен операциялар (2,1%-ға) көлемінің ұлғаюы әсер еткен.

ІЖӨ 2017 жылдың 9 айдың қорытындысы бойынша түпкілікті пайдалану әдісі 4,2% деңгейде сақталуда. Көрсеткіштің ұлғаюына шикізат тауарларының әлемдік конъюнктурасының жақсаруы аясында таза экспорттың өсуі оң үлес қосты. Үй шаруашылық шығыстарының өсуі баяулады, бұл нақты ақшалай табыстың және айлықтың мөлшері төмендеуіне байланысты болды. Ұлттық банктің болжауы бойынша 2018 жылы ІЖӨ-нің нақты өсімі 2,9%, 2019 жылдың 9 айында 2,8% болады деп болжануда.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу