Экономиканы сыртқы сауданың тәуекелінен сақтандыру қажет

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
4591

Жаңа салық кодексі еліміздің ішкі жалпы өнімін 3 есе арттырады.

Экономиканы сыртқы сауданың тәуекелінен сақтандыру қажет

"S&P Global Ratings" агенттігі Қазақстан Республикасының ұзақмерзімді және қысқамерзімді тәуелсіз несие рейтингінің шетелдік және ұлттық валютадағы міндеттемесі "ВВВ-/А-3" деңгейінде екенін растады.

Агенттіктің мәлімдеуінше, жағдай "тұрақты". Елдің ұлттық валютадағы рейтингі "kzAA" деңгейінде сақталған.

Ресми ақпаратқа сәйкес, Ұлттық қордың едәуір бөлігі бұғатталып жатса да, Қазақстан нетто-кредитор мәртебесінен айырылған жоқ.

"S&P Global Ratings" агенттігі сарапшыларының сөзінше, Қазақстанның экономикалық көрсеткіші тап қазір әлсіремейді, себебі жаңа салық кодексі еліміздің ішкі жалпы өнімін 3 есе арттырады.

Ұлттық экономиканың қарыштап өсуіне Қашаған кен орнының игерілуі айтарлықтай үлес қосады. Үкімет мемлекеттік институттарды күшейту бағытындағы саяси реформаны жемісті атқарса, экономиканы диверсификациялау мақсатындағы экспорт аясын кеңейту бастамасы оң нәтиже береді. Бұл үшін экономиканы сыртқы сауданың тәуекелінен сақтандыру қажет.

Агенттіктегілердің айтуынша, саяси шешімдердің болашағы мен нәтижесі қандай болатынын тап басып айта алмау рейтингке кері әсерін тигізуі мүмкін.

"Елдің сыртқы экономикалық жағдайы төмендейтін болса, қазіргі көрсеткіштер бірден құлдырайды. Мұндай жағдай базалық сценариде алдын ала қарастырылған. Ұлттық қордың қаржысы алдағы уақытта да бұғатталатын немесе елдің сыртқы қаржылық сұранысы ұлғаятын болса, жағдай қиындайды", – деді сарапшылар.

Олардың айтуынша, доллардың дәурені жүріп, жалпы ішкі өнімнің көрсеткіші төмендесе де бүгінгі нәтиже көзден бұл-бұл ұшады екен.

"Қазіргі көрсеткішті оң нәтижеде өзгеріссіз сақтап қалу үшін Қазақстан шетелдік және ұлттық валютадағы міндеттемелеріне қатысты саясатын сақтықпен жүргізуі және болашаққа бағытталған жоспарын жүйелі түрде жүзеге асыруы керек. Бұл ретте бекітілген жоспардан ауытқымау және  нәтижесі белгісіз тәуекелдерге бармау аса маңызды", – деп мәлімдеді агенттік қызметкерлері.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу