Экспорттық жүктерге тарифтік жеңілдік бар

Сұлугүл Бакесова Сұлугүл Бакесова
4106

Алдын ала жасалған болжам бойынша, Қазақстан биыл 10 млн тонна шамасында астық және майлы дақылдар тасымалдайды.

Экспорттық жүктерге тарифтік жеңілдік бар

Елімізде межеленіп отырған бұл тасымал көлемі өткен жыл көрсеткішінен 10 пайызға жоғары екен. Жүк тиелімі республикаішілік қатынаста да, экспортта да әдеттегідей Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарынан жүзеге асырылмақ.

Басты жағымдық жаңалық – бүгінде отандық ауылшаруашылық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін шет мемлекеттерге тасымалды жүзеге асыруға тарифтік жеңілдіктер қарастырылып отырғаны. Мұндай тарифтік шарттар Ауғанстан мен Иранға бағытталған астық пен ұнға да қолданылуда.

Мұнымен қатар еліміздің ірі ұлттық тасымалдаушы оператор –  "Қазақстан темір жолы" компаниясы Өзбек темір жолдарымен Өзбекстан аумағы арқылы өтетін,  Ауғанстанға бағытталған транзиттік қазақстандық вагондардағы жүктерді тасымалдау барысында вагон үшін, вагонды жуып-шайғаны үшін қолданылып жүрген қосымша алымдарды алып тастауға қатысты мәмілеге келген. Мұның өзі жүк жөнелтушілер үшін біраз жеңілдік болмақ.

Қазір елімізде астық тиелімі науқаны қызу жүріп жатыр. Жыл басынан бергі деректерге жүгінсек, биылғы жылдың басынан бері 7 млн тонна астық тиеліп, бұл көрсеткіш өткен жылға қарағанда 46% жоғары болып отыр. Осы астық көлемінің 5,3 миллион тоннасы экспортталған. Мұнда да көрсеткіш былтырғыға қарағанда екі еседей көп. Ұн және ұн өнімдерінің тиеліміне қатысты көрсеткіштер де артқан. Сандарды сөйлетсек, 2,1 млн тонна ұн тиеліп,  өткен жыл көрсеткішінен 2%-ке артық болыпты. Бұл жерде 1,6 млн тонна ұнның шетел асып, былтырғы жыл көлемінен 2%-ке артық тиелгенін айтар едік. Осы жерде, ақмолалық ауылшаруашылық өндірушілер өнімдерінің басым бөлігі көрші Өзбекстан, одан әрі  Тәжікстан, Ауғанстан және Иран елдеріне жөнелтіліп жатқанын атар едік.

"ҚТЖ-Жүк тасымалы" АҚ бас директорының маркетинг және тасымалды біріктірілген жоспарлау  жөніндегі орынбасары Сағындық Жұмабаевтың айтуынша, астықтың уақытылы тасымалын қамтамасыз етуге кері ықпал ететін проблемалар да жоқ емес. Соның бірі вагон айналымының артуы болып отыр. Яғни, вагондардың кідіруіне басты себеп жүк қабылдап алушылар, кеден және карантин қызметтері әрекеттерінде үйлесімдік пен келісімнің жоқтығы болып отыр. Мәселен, Ақмола аймағындағы кірме жолдарда әрбір вагон орташа алғанда берілген уақытынан тыс 15 сағатқа дейін тұрып қалуда. Соның салдарынан жүк тиелімі ресурстарының жоғалуы  тәулігіне 112 вагонды немесе айына 3 мыңнан астам вагонды құрап отыр. Көп жағдайда элеваторлар демалыс күндері жұмыс істемейді, немесе жұмыс істеген күннің өзінде өз қызметтеріне тарифті жоғарылатады, ал бұл өз кезегінде демалыс күндері вагондардың кідіртуде. Десе де, бұл түйткілді мәселенің түйіні тарқайтын сыңайлы. Ендігі уақытта жұмыс демалыс күндері де ұйымдастырылмақ.

Сағындық Жұмабаев, жүк жөнелтушілер, трейдерлер мен өзге де мүдделі тараптардың жұмылып, вагондар кідірісін азайтуға атсалысу керектігін айтады. Сонымен қатар ол ҚТЖ трапынан астық нарығына қатысушыларға Түркіменстан аумағы арқылы Ауғанстанға астықты жеткізудің баламалы бағдары ұсынылып отырғанын жеткізді. Бұл бағдар вагон айналымын қысқартып, жылжымалы құрамның елге оралуын 2-2,5 есе шапшаңдатпақ. Қостанай – Болашақ – Серхетабад (Түркіменстан) бағдарының ұзындығы 3500 шақырымнан асады.

Теміржолшылар тарапынан астықты контейнерлермен тасымалдау мүмкіндігін қарастыру баламалы нұсқа ретінде де ұсынылуда. Бүгінде "ҚТЖ" ҰК" АҚ контейнерлік сервисті белсенді алға бастыруға барын салуда. Соның арқасында, экспортқа шығарылатын қазақстандық тауарларды тасымалдау үшін контейнерлерге сұраныс жоғарылап келеді. Айталық, "Казцинк" ЖШС түсті металды жөнелту үшін ірі тоннажды контейнерлерді пайдаланып отыр. .

Жүктерді контейнерлендіру деңгейін арттыру бойынша шаралар Қазақстан арқылы өтетін Азия мен Еуропа арасындағы транзиттік тасымалда өсіп отырғаны байқалады. Контейнерлік ағын өсімін біздің еліміздің аумағы арқылы өтетін Қытай  мен Еуропа, Түркия, Орталық Азия/Ауғанстан, Парсы шығанағы елдері арасынан көруге болады. Контейнерлік сервис өз кезегінде көліктік-логистикалық қызметтердің сапасын және жүк ағынының теңгеремін қамтамасыз ететінін айтады темір жол саласы өкілдері.

Сұлугүл Бакесова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу