Елбасы 28 жаңа технологиялы нысанды ашты

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4702

Жеті мың жұмысшы қатысқан әлемдегі ірі телекөпір өтті.

Елбасы 28 жаңа технологиялы нысанды ашты

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Индустриаландырудың екінші бесжылдығы" жалпыұлттық телекөпірі аясында еліміздегі жаңа технологиялы жаңа өндіріс орындары мен кәсіпорындарды тікелей эфирде іске қосты.

Телекөпір барысында мемлекет басшысына металлургия саласының қос алыбы – "Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны" мен "Sary-Arka Copper Processing" өздерінің өндірістік қуаттылықтарына шыққаны жария етілді.

"Қазақстанда заманауи тау-кен байыту кешені тақыр жерден тұрғызылып отыр. Онда әлемдегі алдыңғы қатарлы жабдықтар мен технологиялар ендірілуде. Бұл кәсіпорын енді жылына 10 тонна алтын өндіретін болады. Жоба 9 жыл бойы алтын кенін ашық тәсілмен өндіруді, одан кейін жер астындағы өндіріске көшуді қарастырады. Кешеннің өнімділігі жылына 2 миллион тонна руданы өңдеуге жетеді. Бұл бірегей жоба әзірлеуден өндіріске дейінгі жолды толық жүріп өтті және бүгінде үш тонна алтын өндірді", – деп баяндады шығысқазақстандық Бақыршық кәсіпорнының бас директоры Юрий Овчинников.

Өз кезегінде "Caravan Resources Ltd" ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Сатылғанов "Sary-Arka Copper Processing" компаниясының Қарағанды облысындағы "Алмалы" кен орнында катодты мыс өндіретін зауытты тестілік режимде іске қосқандарын хабарлады.

"Қазіргі кезде барлық сынақ жұмыстары тәмамдалды. 1000 тонна өнім шығаруда. Жобаны жүзеге асыру барысында 550 жоғары өнімділікті жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отырмыз. Біздің кәсіпорын Индустрия 4.0 талаптарына және цифрландыру бағдарламасына жауап береді", – деді Қайрат Сатылғанов.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев алтын және мыс өндірісінің аса маңыздылығына тоқталды.

"Бақыршық кенішінде 44 тонна металды алтын өндірілетін болады. Жалпы алғанда, Қазақстан жылына 85 тонна алтын өндіруге шықты. Бұл тек әлемдегі белді мемлекеттердің қолынан келетін іс, әрі орасан зор көрсеткіш. Әлемдік ауқымда біз алда алғашқы "ондыққа" енетін боламыз", – деді елбасы. 

Қазақстан президенті сондай-ақ өзінің бес әлеуметтік бастамасының бірі саналатын "Сарыарқа" газ құбырының құрылысына "ақ батасын" берді. Бұл магистралді газ желісі Қызылордадан бастау алып, орталық және солтүстік Қазақстан өңірлері арқылы Астанаға дейін жетпек.  

Осы мақсатта құрылған "АстанаГаз ҚМГ" АҚ-ының бас директоры Сағидулла Мақашевтің айтуынша, "Сарыарқа" газ құбыры "Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана" бағыты бойынша төселеді.

"Магистралдік желінің ұзындығы 1 мың 61 шақырым. Оның өткізу қабілеті жылына 2,2 миллиард текше метр газды құрайды. Бұл жобаны жүзеге асыру 2 миллион 700 мың қазақстандықты "көгілдір отынмен" қамтуға мүмкіндік береді", – деді ол.

Бұл ретте жоба ұйымдастырушылары өзге телекөпірге қатысушылардан дараланып, өзгеше рәсім өткізді. Олар елбасыдан құрылыс іргетасына болашақ ұрпаққа үндеу салынған арнайы капсуланы орналастыруға ұлықсат сұрады.

Нұрсұлтан Назарбаев мұны қуана құптады. Ол "Сарыарқа" тәуелсіздік жылдарындағы осы саладағы ірі жобалардың бірі әрі бірегейі екенін нықтады.

"Міне, ақыр соңында Қазақстан мұнай мен газ өндіруші ел ретінде өзінің орталығын және солтүстігін табиғи газбен қамтамасыз етуді бастап отыр. Мен сіздерге осы нысанның құрылысын өз мерзімінде, дер кезінде аяқтауда табыс тілеймін!" – деді мемлекет басшысы.

Жалпы алғанда, телекөпір барысында президент 27 жаңа жобаның тұсауын кесті.

Олардың арасында Павлодар облысындағы темір жол көлігі үшін доңғалақ шығаратын "Проммашкомплект" кешені, Шымкенттегі 110 және 220 кВ кернеудегі күштік трансформаторлар жасайтын зауыт, Қызылорда облысындағы "DANAKE Корпорациясы" цемент зауыты, Алматыдағы "GreenRecycle" қоқыс өңдеу зауытының құрылысы, СҚО-дағы "Радуга" металды-пластикалық бұйымдар шығаратын зауыт және басқалары бар.

Телекөпірге 7 мыңнан астам жұмысшы қатысты.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу