Елбасы қазақстандықтарды әз-Наурызбен құттықтады

4050

Нұрсұлтан Назарбаев халықтың Наурыз мерекесін қалай тойлап жатқанын өз көзімен көрді.

Елбасы қазақстандықтарды әз-Наурызбен құттықтады Фото: akorda.kz

Ұлыстың ұлы күнін атап өтіп жатқан қазақ елі бүгін шаттық пен думан құшағында. Халықтың қуанышына ортақтасу үшін Астанадағы Наурыз мейрамы атап өтіп жатқан басты алаңға елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келді.

Қазақстан президенті биыл бұқара алдына өзгеше бейнеде көрінді: ЭКСПО көрме кешені аумағындағы "Нұр әлем" сферасының алдында қанат керген арнаулы этноауылға мемлекет басшысы үстіне ұлттық ою-өрнектермен әрленген шұға шапан, басына бөрік киіп келіп, қалың қауымды елең еткізді, әрі сүйсінтіп, бір желпінтіп тастады.

Нұрсұлтан Назарбаев ұлтымыздың ұлық мейрамын астаналықтар мен елорда қонақтары қалай өтіп жатқанын өз көзімен көріп қана қоймай, жұртшылық өкілдерімен тілдесіп, амандық-аулық сұрасты. Қазақтың әлем таныған лидерін жақыннан көріп, қолын алмаса да, шапанына қол тигізіп қалуға немесе ұялы телефондарына түсіруге тырысқан қазақстандықтармен бірге балалар да айнала жүгіріп, мәз-майрам болысты. 

Мемлекеттік қайраткерлер мен биік лауазымды тұлғаларды ерткен мемлекет басшысы "ЭКСПО" көрме кешені аумағындағы шағын ауылды аралап, наурыз көжеден дәм татты. Мұнда музыкамен әрленген театрландырылған көріністер қойылып, декоративті-қолданбалы шығармашылық көрме және ұлттық спорт сайыстары ұйымдастырылды. 

Елбасы халық алдына ЕХРО кешені қасындағы Конгресс орталықта өткен мерекелік мюзикл-концертті тамашалағаннан кейін шыққан болатын.

Мерекелік іс-шара аясында Нұрсұлтан Назарбаев "Жаңарған жер, бақ қонған нұрлы ел" мюзиклін тамашалады. Жоғары технологиялы музыкалық-хореографиялық этно-модерн қойылымына Қазақстанның белгілі өнер тарландары мен сахна өнерінің жас таланттары қатысты.  

Ең соңында Қазақстан президенті өзін асыға күткен ақпарат құралдары өкілдері алдында сөз сөйлеп, журналистер арқылы барша қазақстандықтарды әз-Наурыз мерекесімен құттықтады. Ол осы мейрамның ұрпақтар сабақтастығының және халқымыздың тереңнен тамыр тартатын салт-дәстүрі мен мәдениетінің символына айналғанын айтты.

"Наурыз шынайы жалпыхалықтық мерекеге, әрбір азаматымыздың бүкіл Қазақстанның дамуы мен өркендеуіне зор үлес қосып отырғанын көрсететін ел бірлігінің жарқын үлгісіне айналды", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ол жалпыға ортақ жаңару мен рухани жаңғыруды танытатын бұл қастерлі мерекенің өнегелік маңызы зор екенін ерекше атап өтті.

"Ежелден бұл мейрам адамдарды береке-бірлікке бастап, оларды жақсылық пен мейірімділікке, махаббат пен шаттыққа бөлеп келеді. Бұл күндері біз бір-бірімізге қолдау көрсетіп, өкпе-ренішімізді кешіреміз, үйлесімділік пен бірлікке ұмтыламыз. Еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігінің берік негізін қалыптастырып, өзара құрмет пен келісім құндылықтарын нығайту бәріміз үшін аса маңызды", – деді елбасы.

Ол Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында басты барлық бағыттар бойынша зор нәтижелерге қол жеткізгеніне ерекше назар аударып, бүгінде еліміз одан да өршіл мақсатты – әлемнің озық дамыған отыз елінің қатарына қосылуды көздеп отырғанын атап өтті.

"Өміріміздің барлық саласын терең жаңғырту – осы заманның сын-тегеуріндеріне қарсы біздің нақты іс-қимылымыз. Әлемдегі жаңа технологиялық революция жағдайында  адам капиталы, соның ішінде азаматтарымыздың білімі, қабілеттері мен патриотизмі еліміздің басты байлығы болып саналады. Ақылды, табысты және өзіне сенімді азаматтары бар ұлт қана мықты әрі өркендеген Қазақстанды дамыта алады", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы әрбір азаматымызға жаңа мүмкіндік беретін "Бес әлеуметтік бастаманы" іске асыру мәселесіне ерекше тоқталды.

"Жаңа "7-20-25" атты ипотекалық бағдарламаның арқасында еліміздің барлық өңіріндегі көптеген отбасы баспаналы бола алады. Жеңілдетілген шағын несиенің берілуі өз кәсібін бастаймын дегендердің қатарын көбейтеді. Қосымша 20 мың грант бөліп, жаңа жатақханалар салу арқылы мыңдаған жастарымызға жаңа мүмкіндіктер ұсынылады. Осы айтылған нақты шаралар – жастар мен жас отбасыларды қолдаудың көрінісі. Сол арқылы халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және еліміздің әл-ауқатын арттыруға тың серпін беріледі", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.           

Соңында мемлекет басшысы Отанымыз – Қазақстан Республикасының өркендеуі жолында барша жұртқа бақыт, береке-бірлік пен толағай табыс тіледі.

Бұл күні Астана тұрғындары мен қала қонақтары үшін Наурыз думаны жалғыз ЭКСПО аумағында ғана емес, "Қазақ елі" монументі айналасында да өтті. Бүгін және ертең үлкен қазандарда әзірленген "наурыз көже" тегін таратылады. Сонымен бірге бірқатар бизнесмендер мен компаниялар демеушілік жасап, көшедегі халықты қымыз бен бауырсақтан да дәм татқызды.

Елордалық мәдениет және спорт басқармасының дерегінше, негізгі мерекелік шаттық орны – Астанадағы этноауыл аумағында 1775 жылғы қазан орнатылыпты.

Наурыз мейрамына арналған бағдарлама аясында елорда тұрғындары мен қонақтары ЭКСПО көрме кешенінің аумағында бірегей этноауыл мен тақырыптық киіз үй-музейлерді, "Қазақ елі" монументі алдындағы алаңда "Дала қазығы" тарихи ортағасырлық жекпе-жектер турнирін, сондай-ақ қазақстандық эстрада жұлдыздары мен жетекші шығармашылық ұжымдардың қатысуымен театрландырылған қойылымдар мен концерттер тамашалай алады.  

 

ЭКСПО аумағындағы алаңда бүгін сағат 13:00-де мерекелік бағдарлама басталды. Көрме аумағында қала тұрғындары мен қонақтары үшін этноауыл ашылды. Келушілерді  қазақ халық ертегілерінің кейіпкерлері – Алдар Көсе, Қожанасыр, Тазша бала және басқалары құшақ жая қарсы алуда. Елордалық театрлардың артистері мұнда көрермендерді ұлттық салт-дәстүрлермен және әдет-ғұрыптармен таныстырады.

Қышшылар, зергерлер, киіз басу мен сәндік-қолданбалы өнер шеберлері қолдан жасалған бұйымдарын көпшілік наарына ұсынады.

Этноауыл қонақтарының арасында қазақ күресі, асық ату, арқан тарту, армрестлинг және гір көтеруден сайыстар өткізіледі. Бұдан басқа, ниет білдірген жандар "Қой көтеру" сынды ұлттық ойында күш сынасады, алтыбақан тебеді.

Киіз үй қалашығының аумағында сыйымдылығы 1000 литрлік тайқазан орнатылған, оның жанында театрландырылған қойылым көрсетіледі. Сонымен қатар, жиналған қауымның назарына жетекші отандық артистердің қатысуымен мерекелік концерт ұсынылады. Этноауылға келушілер қазақ халқы ежелден өсіріп келе жатқан тазы мен төбеттер көрмесін тамашалай алады.

Арнайы ұйымдастырылған фудкорт аймағында шығыс аспаздығынан ыстық тағамдар сатылады. Этноауыл аумағында орналасқан төрт киіз үйден тұратын музей кешені келушілердің ерекше ықыласына бөленбек.

Бірінші киіз үй ежелгі түркі жазбасына және мәдениетіне арналады. Мұнда ежелгі түркі жазбалары жазылған тас стеллалардың реконструкциясы ұсынылған, экскурсия жүргізушілер адамдарға бұл тарих ескерткіштерінің пайда болуы туралы айтып береді.

Екінші киіз үй "Ұлттық музыкалық аспаптар музейі" деп аталады. Мұнда қонақтар домбыра, нарқобыз, дауылпаз, жетіген, сырнай және басқа да ескі аспаптардың реконструкциясымен таныса алады, сондай-ақ аталған аспаптарды жасау тарихы мен дамуы туралы әңгімелер тыңдайды.

Үшінші киіз үй – "Ұлттық этнография және зергерлік бұйымдар музейі". Келушілер назарына қазақ халқының тұрмысындағы ескі заттар ұсынылады, атап айтқанда, адалбақан, жағлан, кебеже, жүкаяқ және басқалары, сонымен қатар батысқазақстандық шеберлердің ескі зергерлік бұйымдары – сәукеле, өңіржиек, өңіртал, құдағи жүзік, белдік, асатаяқ және т.б. әшекейлер. 

Төртінші киіз үй – "Ұлттық кілем өнімдері музейі". Қонақтар ескі түкті және түксіз кілемдерді, сондай-ақ киіз бен жібектен жасалған кілемдерді тамашалайды, ал гид оларды аталған бұйымдарды жасаудың ежелгі технологиясымен таныстырады.

ЭКСПО көрмесінің аумағындағы мерекелік бағдарлама 22 наурызда жалғасын табады.

"Қазақ елі" монументінің алдындағы алаңда мерекелік бағдарлама 21-22 наурызда сағат 10:00-ден 16:00-ге дейін өткізіледі. Көрермендер мұнда қазақстандық эстрада жұлдыздарының, би және аспапты ұжымдардың қатысуымен өтетін концерт пен театрландырылған қойылымды тамашалай алады.

Монументтің алдындағы алаңда киіз үй қалашығы ашылып, алтыбақандар, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізуге арналған спорттық ареналар, сонымен қатар сауда палаткалары орнатылған.

21-22 наурызда мерекелік бағдарлама аясында "Дала қазығы" ортағасырлық жекпе-жектер бойынша халықаралық турнир ұйымдастырылады. Оған Қазақстан, Ресей, Украина, Қырғызстан және Өзбекстан мемлекеттерінен 80-нен артық реконструктор қатысады деп күтілуде. Жарыстың бірінші күні қалқан-семсер, семсер-баклер, бір жарымдық семсер, алебарда форматындағы жеке сайыстар, ал екінші күні командалық сайыс өткізілмек.

Бұған қоса, 21 және 22 наурызда дәстүрлі халықтық серуендер елордалық әкімдік алдындағы қалалық алаңда, "Студенттік" саябақта, "Жастар" театры және тұрғын алаптары өтеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу