Елбасы көп жағдайда менің сөзімді қайталайды

2801

Бұл, әрине, мен айтпасам айтылмайды деген сөз емес, бірақ, менің ойым мен елбасының ойы ұштасып жатқандығы мен үшін мәртебе.

Елбасы көп жағдайда менің сөзімді қайталайды Фото: zanmedia.kz

Шетелден келгеннің барлығын жақсы деуге болмайды. Үйренетін нәрсе де, жиренетін нәрсе де бар. Мұндай пікірді тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай "Атамекен" бизнес телеарнасына сұхбат берген әлемге танымал математик-ғалым, академик Асқар Жұмаділдә айтты.

- Асқар аға, армысыз! Ең алдымен, өзіңізді Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтаймыз. Тәуелсіздік алған жылдары сіз жоғарғы кеңестің депутаты болдыңыз. Сол жылдарды еске түсірсек, қандай маңызды шешімдер, маңызды құжаттар қабылданды?

- Тарихтың сәтімен мен 12-ші сайланған жоғарғы кеңестің депутаты болдым. 13-кеңесте де депутат болдым. Біз қазақ елін мәңгілік ел деп жүрміз ғой. Қазақ дейтін ел болатын болса, оның тәуелсіздігі бір-ақ рет жарияланады, одан кейін тәуелсіздік жарияланбайды. Қазақ елінің тәуелсіздігін жариялаған 360 депутаттың бірі ретінде мен осы 12-ші сайланған жоғарғы кеңестің жұмысына қатысып, тәуелсіздік декларациясын қабылдап, бір жылдан кейін тәуелсіздік заңын қабылдап, осындай кез келген адамның маңдайына жазыла бермейтін абыройлы істі атқардым. Мен, өзімше, азаматтық парызымның бір бөлігін орындадым ғой деп ойлаймын. Ол жылы не істеді десеңіз. Сүбелі-сүбелі, ең маңызды құжаттардың барлығын-дерлік сол он екінші және он үшінші сайланған жоғарғы кеңес қабылдады. Олар не? Қазақ елінің тәуелсіздік декларациясы, Қазақ мемлекетінің тәуелсіздік туралы заңы, Қазақ мемлекетінің алғашқы конституциясы, Қазақ мемлекетінің әнұраны, гимні, гербі және Қазақ елінің тұңғыш президенті. Осындай заңды одан кейін басқа ешбір парламент қабылдаған жоқ. Қалғандарының барлығы соған қосымша, өзгеріс сынды тірліктер атқарды, бірақ, ең сүбелі, ең маңызды заңдар сол жерде қабылданды. Оған қоса, теңге, алғашқы кәсіпорындардың ашылуы жөнінде, шетелдік концессиялар жөнінде, еркін экономикалық аймақ жөнінде, алғашқы салық заңдары жөнінде, оны айтпай-ақ қояйын, оның барлығын тізе берсеңіз өте ұзақ әңгіме айтуға болады. Бірақ, осының өзінен-ақ сіз осы алғашқы екі парламенттің, совет одағы кезінде сайланған парламенттің үлкен жұмыс атқарғанын байқайсыз.

- Тәуелсіз Қазақстан ғылымының басында тұрған ғалымдардың бірісіз. Жалпы, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, сонау 90-жылдары, ғылымның жай-күйі қалай еді? Қазір қалай? Қандай ғылыми жаңалықтар ашылды?

- 90-жылдары өзіңіз білесіз экономика құлдырағанда жұрт ғылым жасамақ түгілі, бала-шаға қамымен базар аралап кетті. Өте қиын жағдай болды. Өкінішке қарай, біздің ғылымда істеп жүрген азаматтардың көбісі сол базарға кетті, бизнеске кетті, кейбіреулері тәп-тәуір жұмыс істеп кетті, бірақ, көбісі далада қалып қойды. Енді, сол кездегі жағдай мен қазіргі жағдайды салыстыратын болсаңыз, бірталай өзгеріс бар. Оны айтуымыз керек. Мысалы, алғашқы он екінші сайланған Жоғары кеңесте мен санақшы комитетінің төрағасы болдым, сонда заңдарға берілген бүкіл дауысты, хаттамалардың барлығын мен бекітетінмін. Сол кезде ең алғашқы Тәуелсіздік декларациясын біз қолмен есептеп қабылдадық. Ол кезде компьютер болған жоқ. Айта берсеңіз, салыстырар болсаңыз, қазіргі жағдай мүлде басқа. Қазір үкіметіміз, елбасымыз ғылымға бірталай назар аударып жатыр. Ішкі өнімнің бір пайызын, тіпті, екі-үш пайызына дейін ғылымға аударамыз деген саясатты жүзеге асырып келе жатырмыз. Бірақ, бұл тура келе жатыр деп айта алмаймын, біресе былай, біресе былай дегендей. Мысалы, үш-төрт жыл бұрын өте жақсы ақша болды, ғылымға өте жақсы көңіл бөлінді. Содан кейін қайтадан саябырсып қалды, бірақ, қазір қайтадан ақша бөлініп жатыр. Негізгі идея дұрыс деп ойлаймын. Біздің парламенттің де, үкіметтің де идеясы дұрыс. Ғылымға көңіл бөлініп, соңғы жылдары жастар көптеп келіп жатыр. Кезінде, 90-жылдары ғылымнан жастардың барлығы да кетіп қалған. Сол кезде семинарыма бір адам келсе, қуанатынмын, қазір семинарға он адам емес, отыз адам келеді. Бұл – үлкен жетістік мен үшін. Бұл нені білдіреді? Бұл біздің саясатымыздың негізгі векторы, бағыты дұрыс. Егер осы бағыттан таймасақ, ғылымның жағдайы жаман болмайды.

- Сіз ойлап тапқан "төрткен" және "төртқара" есептері – бұл әлемдегі алғаш қазақ тіліндегі алгебра атауы. Бұл есептің қандай ерекшеліктері бар және неліктен "төрткен", "төртқара" деп аталған?

- Мен тағы бір қызықты айтайын, менің бірінші копьютерім жоғары кеңесте болғанда пайда болды. Сол кезде мен тек қана жоғары кеңестің шаруасымен ғана емес, өзімнің математикамды қатар алып жүре алдым. Бірақ, 95-жылы біз тарқап кеттік те, мен шетелге кеттім. Содан кейін Еуропада көп жүрдім, он шақты жылдай жүрдім. Алғашында Германияның Гумбольт стипендиясын алдым, атақты Гумбольт стипендиясын. Мен одан кеттім де, он шақты жылдай жүрдім. Соның бір жылдарында Италияға баруды әдетке айналдырып алдым, өйткені, оның қасында Жерорта теңізі бар, сонда суға түсем. Сонда жатқан уақытымда Кенен атамыздың әндерін тыңдап жаттым. Сол кезде менің басыма ой келді, мына төрткен деген алгебра, оның төртінші дәрежесі бар, ондай есеп еш жерде жоқ және бұндай заңды ойлап табудың өзі оңай емес. Егер көпмүшелерді көбейтіп, одан кейін туындысын алатын болсаң, алгебраның заңы қандай болады? Есептен қарасам, оның екінші ретте заңы бар, ол түсінікті, коммуникативті заңы, үшінші ретте заңы жоқ, бірақ, төртінші ретте бір заңы бар екен. Соны жазып қарасам, онда ол өте оңай емес. Оны былай да былай жаза алмайсың, түсінігіңе кірмейді, аспаннан түсті деп айтуға ешқандай негіз жоқ. Бұнда бір әдемі юморды байқадым, әдемі бір қулықты байқадым, өйткені, ассоциаторды алып тастасаң басқа бір интегралға тең болады екен. Сосын ойладым, бұған бір қазақтың әдемі атын берген дұрыс шығар, төрт кемпір бір шал деп. Өйткені, төрт кемпір бір шал деген басқа ат жоқ қой ешкімде. Басқа ешбір халық мұндайды ойлап таба алмайды. Қазақтың юморы бар мұнда, қазақтың психологиясы бар, мұнда қазақтың ұлттық белгісі байқалып тұрады. Сосын ойлап, осы Кенен атамыздың бір қызы болушы еді, төрт кемпір бір шал дейтін, соны бере салайын деп "төрткен" болып кетті. Бұл өзі ғылыми рецензиядан өтті, бұл басылды. Қазір әр жерден қаралып, зерттеліп жатыр.

- Шетелдерде көп жылдары еңбек еттім деп айттыңыз, одан кейін Еуропаның көптеген жоғары оқу орнының профессорысыз, сонда дәріс оқыдыңыз. Жалпы, шетел ғылымынан Қазақстан ғылымы не үйренуі керек? Негізгі трендтерге тоқталып өтсеңіз.

- Ең біріншіден, Қазақстанның ғылымы тек қана шетелден үйренуі керек деген болмайды. Біздің де шетелге үйрететін ғылымымыз бар, бұл – бір. Екіншіден, қазақта сөз бар "Үйрен де жирен" дейді. Шетелге бара қалатын болсаңыз, онда көптеген жақсы нәрселер бар. Бірақ, шетелден келгеннің барлығы да жақсы деуге де болмайды, сонда біз олардан жиренуіміз керек. Үйренетін не нәрсе? Бірінші, ғылымды ұйымдастыру, екінші, ғылымның жағдайы. Егер сіз бір университетте толық профессор ретінде атақ алатын болсаңыз, онда сіз беймарал жұмыс істеуіңізге болады. Ешқандай басқа нәрсеге көңіл аудармай, тек қана өз ғылымыңызбен шұғылдануға болады. Бала-шағаның қамы, басқаның қамы дейтін ой сізден ада болады, өйткені, сіздің өзіңіздің кабинетіңіз бар, өзіңіздің құрал-сайманыңыз бар, сіздің жалақыңыз жетеді барлығына да, сіз алаңсыз, беймарал ғылыммен шұғылдануыңызға болады. Ғылым үшін бұдан артық ләззат, бұдан артық көмек жоқ. Өкінішке қарай, бізде ондай жағдай әлі толық болды деп айта алмаймын. Сіз тек қана ғылыммен шұғылданбайсыз, сонымен қатар, көптеген техникалық сұрақтармен шұғылданасыз, ғылымға қатысы аз, одан кейін бала-шағаның қамы бір бөлек. Оны айтпай-ақ қояйық, ол жұрттың барлығында бар нәрсе. Бірақ, өкінішке қарай, бізде өтірік қағаз жазу, толып жатқан жоспар, солардың 90%-ы өтірік. Өйткені, "ғылым – инемен құдық қазғандай". Мысалы, бір жылдан кейін не жазамын оны өзім білмеймін, ертең маған қандай ой келетінін де білмеймін. Тәуір жерге барсам, тәуір жерге түссем, тәуір адаммен сөйлессем жақсы ой келеді. Мен қазір Италияға барғанды армандап жүрмін, жерорта теңізіне тағы шомылсам, мүмкін, тағы жақсы ой келе ме деп. Өйткені, "төрткеннің" "інілері" бар, "сіңлілері" бар, бесінші дәрежеде "бескен" дейтіні бар. Мүмкін, алтыншы, жетінші дәрежеде тағы да бар шығар. Ол жақты мен білмей жүрмін. Бірақ, оған менің әлі басым жетпей жүр, өйткені, менің шабытым келмей жүр. Шабыт келмегені, маған тыныштық болмай жүр.

- Бір сұхбатыңызда Қазақстандағы жоғары оқу орындарын үш критерий бойынша бағалауға болады деп айтқан едіңіз. Сол тұрғыдан алып қарағанда, жоғары оқу орындарының білім сапасына көңіліңіз тола ма?

- Біздегі білім сапасы ешкімнен кем емес. Мүмкін асып бара жатқан да ештеңеміз жоқ болар, бірақ, ешкімнен кем емеспіз, бұл – бір. Екіншіден, шетелдіктерді, тек шетелден мұғалімдерді алып келу керек деген әңгімені қолдамаймын. Қазақта бір сөз бар "Аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесін" деген. Аузы қисық болса да қазақтың баласы сөйлеу керек, бәрібір. Өйткені, қазақ елінің пұшпағын көтеретін, туын ұстайтын қазақтың азаматы, басқа ешкім болмайды. Жақсы ма, жаман ба, сонымен базар болуымыз керек. Сондықтан менің ойымша бұл жерде реалистік тұрғыдан қарау керек. Реализм тұрғысы дегеніміз не? Ең алдымен білімнің сапасы болуы керек. Білім дегеніңіз не? Мысалы, математика үшін, математиктің екі түрі болады. Біреуі есеп шығара алатын, біреуі есеп шығара алмайтын. Демек, есеп шығара алатын математик көбірек болуы керек. Егер есеп шығара алатын болса, қалғанның барлығы келеді. Бізде совет одағы дәуірінде жақсы мектептер, жақсы әдістемелер қалыптасып қалды. Бізбен келе жатқан ғалымдардың барлығы-дерлік совет үкіметінде шыққан ғалымдар. Енді, тәуелсіз Қазақстанның ғалымдары шығып келе жатыр. Олар мүмкін келешекте белгілі болар, бірақ, әзірге көрінген жоқ. Бес жылда, он жылда олар бізден асып түсер. Оған менің үлкен үмітім бар. Дегенмен, менің ойымша, әсіресе, ғылымда, білімде, бұл – консервативті сала. Жаңаға көштік деп, тым көп далақтай берудің қажеті жоқ. Біздің бастауыш мектебіміз, орта мектебіміз өте жоғары деңгейде. Қазір шетелге баратын болсаңыз, қай университетке барсаңыз да қазақтың баласын табасыз. Соның көп болса 20-30%-ы "Болашақпен" барады, қалғанының барлығы өздігімен барады. Солар қалай түседі сол университетке? Ойлап қарасаңыз, тест, емтихан тапсыратын болса, соның 6%-ы математикадан болады, математикадан озып кетеді біздің балалардың барлығы. Біздің математикамыз жақсы.

- Қазір соңғы уақытта техникалық ғылымдарды ағылшын тілінде оқыту туралы идея көп айтылып жүр. Бұған көзқарасыңыз қалай?

- Ағылшын тілін үйренуге ешкім қарсы емес. Ағылшын тілін үйреніңіз, ағылшын тілін де, қытай тілін де үйреніңіз, барлық тілді үйреніңіз оған ешкім қарсы емес. Бірақ, ағылшын тілі қазақ тілі есебінен емес, қазақ тіліне қосымша ретінде болуы керек. Сонда бәрі орнына келеді. Қазақстанда қазақтың тілі үстемдік құруы керек, өйткені, басқа ешбір елде қазақ тілі үстемдік құра алмайды. Қазақтан өзге ешкімге қазақтың тілі керек емес. Мысалы, Сингапурда ағылшын тілі бар екен дейді, ондағы ағылшын тілі біздің орыс тіліміз сияқты нәрсе. Үштілділік жоқ онда. Үш халық бар: қытай, малай және индия. Бүкіл дүниежүзіндегі төрт адамның біреуі қытай, бүкіл дүниежүзіндегі үш адамның біреуі индия. Сондықтан, олардың мұртын балта шаппайды. Ал қазақтың барлығын есептеп қарасаңыз, көп болса, он миллионның о жақ, бұ жағынан шығады. Сондықтан, біз тілімізге берік болуымыз керек.

- Мемлекет басшысы технократтық ұрпақ қалыптастыруымыз керек деп айтады. Бұл ұрпақты қалай қалыптастыруымыз керек, қандай да бір механизмдері бар ма?

- Мұны Елбасының қолдағанына мен өте қуаныштымен, шынымды айтсам. Көп жағдайда елбасы менің сөзімді қайталайды. Мен бұған қуанамын. Бұл, әрине, мен айтпасам айтылмайды деген сөз емес, бірақ, менің ойым мен елбасының ойы ұштасып жатқандығы маған үлкен мәртебе алып келеді. Өйткені, қазақ шын мәнінде мәңгілік ел болам десе, қазақ ендігі ғасырға қалай барады десеңіз ол технократтық ел болу ретінде ғана баруы мүмкін. Егер сіз дүниежүзін мойындатамын, алға шығамын десеңіз сіз тек қана болатын тірлік жасауыңыз керек. Бір компьютер жасаңыз, бір комбайн жасаңыз, бір ракета жасаңыз, бір машина жасаңыз, "двигатель" жасаңыз, "двигательдің гайкасын", әйтеуір, жұрт пайдаланатын, жұрттың барлығына керек сондай бір дүние жасауыңыз керек. Сонда барып сізді айтады "еее, мынау басы істейтін халық екен ғой" деп.

- 25 жылдыққа орай Қазақстан халқына айтар тілегіңіз, лебізіңіз болса, мархабат.

- Қазақтың мәңгілік ел болам дейтін арманын мен құптаймын. Бірақ, шын мәнінде мәңгілік бола ма, ол өтірік мәңгілік бола ма оның барлығы бізге байланысты. Оны біз тек қана өзіміздің адал еңбегімізбен көрсетуіміз керек. Мен азаматтарға жақсылық тілеймін, бақыт тілеймін. Адал еңбек етіңіздер. Қазақтың туын көкке көтеріп жүре беріңіздер.

- Асқар Серқұлұлы, бүгінгі толымды сұхбатыңыз үшін көп рақмет! Сіздің биылғы тәуелсіздігіміздің 25 жылдығымен қатар келген 60 жылдық мерейтойыңызбен құттықтаймыз! Ісіңізге табыс тілейміз!

-Рақмет!

Сұхбаттасқан – Кәусар Аяпберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу