banner

Елден кеткісі келетін милы бастардың саны азаяр емес

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4986

Қанша талапкердің Отанды тастап, жатқа кеткісі келетіні анықталды.

Елден кеткісі келетін милы бастардың саны азаяр емес

Биыл мектеп бітірушілердің төрттен бір бөлігіне жуығы шетелге оқуға кетуді, олардың басым көпшілігі сонда "тастай батып, судай сіңіп", Қазақстанға қайта оралмауды жоспарлап отыр.

Қазақстандық түлектердің шетелдік жоғарғы оқу орындарына бағытталған "студенттік миграциясына" талдау жүргізген кең ауқымды зерттеу жобасының қорытындылары белгілі болды. Және ол ұлтжанды азаматтардың көңіліне қаяу, ойына алаң салары анық.

Айта кету керек, кеңқұлашты зерттеу жобасының ақырғы нәтижелерін Тұңғыш президент қорының, "Назарбаев университетінің" және ҚазМЗУ-дың қолдауымен 18-19 мамырда елордада өтетін "Академиялық адалдық пен интернационализация мәселелері жөніндегі жыл сайынғы ІІІ конференцияның" пленарлық отырысы аясында отандық және шетелдік ғалымдар, профессорлар, сарапшылар және қоғамдық пікір көшбасшылары еркін отырып, талқыға салмақ, осы тақырып бойынша ұсынымдар түзбек.

Дегенмен, зерттеу деректерін қазірдің өзінде талдау мүмкіндігі бар. 

Дәлелденген жайт сол, адами капиталдың жатжұрттарға кетуінің теріс салдары мен кесірлері нақты капиталдың сыртқа кетуінен әлдеқайда асып түседі. Жалпы, "мидың ағып кетуі" қай ғылыми ұғымда алсаңыз да қорқынышты құбылыс.

Сондықтан жоғарғы білім беру саласындағы отандық мамандар соңғы жылдары білім-ғылымнан сусындау мақсатында қазақстандық шәкірттердің өзге елдерге қоныс аударуының тұрақты үрдісі қалыптасқанын айтып дабыл көтеруде.

Зерттеуде айтылғандай, жыл сайын шамамен 100 мыңнан астам түлек отандық мектептерден аттестат алып шығады. Олардың 20%-дайы немесе әрбір бесінші талапкердың назары мен ықтияры шетелдік ЖОО-ларға ауады.

Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің дерегінше, 2016 жылы 101 мың 44 студентіміз шет мемлекеттерге оқуға кеткен. Олардың 86%-ы Ресей мен Қытай университеттерін таңдапты. Ал бүгінде Ресейде 70 мыңнан астам қазақстандық студент "инемен құдық қазуда". Ал ҚХР-дағы оқушы жастарымыздың қатары 10 мыңнан асады екен.

Аймақтағы өз мүдделерін ілгерілеткен осы қос көрші держава қазақстандық жастарды өздерінде білім алуға тартуға зор мүдде білдіруде және тек ниетпен шектелмей, осы бағытта белсенді саясат пен қолдау шараларын жүзеге асыруда.

Сарапшылар ол студенттермен бірге өзге елдерге қаржының да ағып кететініне назар аудартады. Себебі, тіпті ЖОО-ға тегін түскеннің өзінде жас қазақстандық сол мемлекетте "тұрақты туристке" айналады: тамағына, көңіл көтеруіне, көп жағдайда тұруына және басқаларына ақша жұмсайды.

Кеңауқымды зерттеу барысында Қазақстанның 14 қаласында мектеп бітіруші сыныптарда оқып жатқан оқушылар арасында сауалнама (анкета түрінде) жүргізілді. Сұрау салынған болашақ талапкерлердің 22%-ы жоғарғы білімді шетелде алуға шешкендерін көрсеткен. Бұл ретте Қазақстанды тастап шығатын жастардың басым көпшілігі жатжұрттық ЖОО-ның дипломы қолына тиген соң, отанға кері оралу ойы жоқтығын, сонда қалып, жұмыс қарастыруға ниетті екендерін жеткізген. Осылайша, отанымыздың ертең тізгінін өз қолына алады дейтін жас ұрпақтың лек-лекпен кетуінің белең алуы ғажап емес. 

Әрине, есік-терезені, яғни шекараны тарс жауып, оларды шығармай тастау еш абырой әпермейді.

Зерттеу қорытындысында оның орнына қазақстандық ЖОО-лардың беделін көтеріп, бастамаларына мемлекеттік қолдау көрсетуді күшейту, олардың нарықта бәсекеге қабілетті түлектер даярлауына шынайы көңіл бөлу керектігі айтылады.

Студенттер алысқа бармай-ақ, мына көрші Ресейдің жоғарғы оқу орындарына тегін түсу Қазақстанға қарағанда, әлдеқайда оңай екенін айтады. Әйтпесе, мысалы, елімізде ҰБТ-да жоғары бал алған түлектердің өздері грантқа іліге алмай қалғаны, оның арты дауға ұласқаны мәлім. Сонымен бірге, білім және ғылым министрлігінің он бір жыл бойы үздік үлгерімді паш етіп, беске бітірген "Алтын белгі" иегерлерін таңдаған университеті мен мамандығына автоматты түрде түсу құқығынан айырғанына депутаттар да наразылық танытқаны есте.

Қазақстанның жоғарғы оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшановтың байламынша, ресейлік университеттерді лайық көретін жастарымыз қатарының артуының бір себебі осы елдің оларға арнап, бюджеттік орындарды үлкен көлемде бөлуі болып табылады.   Ресей әсіресе, техникалық мамандықтар бойынша өте көп бюджеттік орындар ұсынып, болашақ білікті, инноватор мамандарды өздеріне тартып әкетуде. Бұл туралы әсіресе, солтүстік көршімен іргелес облыстарымыздың жастары жақсы хабардар. Мысалға, алдыңғы жылы Қостанай облысының 4 мыңнан астам түлегінің жартысына жуығы ҰБТ тапсырудан бас тартты. Олардың біразы артынша РФ оқу орындарына түсіп кеткен. Шығыс Қазақстан облысынан 890 талантты өрен Ресейге ауды.

Әрине, екіні екіге қосуды білмейтіндерде олардың шаруасы жоқ, шертіп жүріп, ең дарындылары мен ақылдыларын іріктеп алады.

"Ресейдің бұл бағыттағы белсенділігі артты. Олар қазақстандық жоғарғы оқу орындарына дейін аралап, ресейлік ЖОО-ға ауысса не түссе стипендиялар, жатақхана беруді және кейін жұмысқа орналастыруды ұсынады. Сонымен қатар олар талапкерлерді қабылдау ережелерін де жеңілдетті", – дейді Рахман Алшанов.

Нәтижесінде, Қазақстан бірнеше жылдардан бері ресейлік университеттерде оқитын студенттерінің саны бойынша бүкіл әлем елдері арасында лидерге айналды.

Бұл теріс үрдісті тоқтату үшін әрине, ел үкіметі де қам-қарекет жасауда. ҰБТ форматы жеңілдетілді. Енді жүрегі лүпілдеп, тізесі дірілдеп, бар білгенін ұмытқан, сөйтіп сынақтан сүрінген баланы келесі жылға дейін лақтырып тастамай, ақылы негізде болса да, қайта тапсыруға мүмкіндік берілді.

Елбасының биылғы "президенттік бес бастамасы" аясында биыл тағы 20 мың мемгрант қосымша бөлініп отыр. Бұдан бөлек, жатақханалар салу бастамасы көтерілуде. Рас, оған бюджеттен қаржы табылмай, шенеуніктер тағы да бизнеске жүгінуде.  

Әрине, жылдар бойы қордаланған мәселелер сол бойы кезегін күтіп тұрғаны да жасырын емес. ЖОО-ларда шетелдік озық тәжірибе негізінде жаңа, заманауи мамандықтар мен кафедралар ашу қажеттігі байқалуда. Оларда көзбояушылық емес, шынында сапалы білім берілуі үшін шетелден үздік оқытушылар тартылуы шарт. Сондай-ақ отандық білім-ғылым ордаларының материалдық-техникалық базасын жақсарту да күн тәртібінде күйіп тұр. Әйтпесе, оқытушылардың біразы компьютерде не интерактивті тақтада паш етілуге тиіс күрделі процестер мен химиялық-физикалық реакцияларды қарапайым тақтада сызып көрсетуге тырысып, жабығып жүр.

Бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып жатқан қосарлама-дуальді білім беру нарықта зор сұранысқа ие білікті мамандардың жаңа алып толқынының тууына әкелмеді, демек, жетілдіруді талап етеді.

"Ауызды қу шөппен сүрте беру" де жөнсіз. Оң үрдістер қатарында шетелде оқитын 6 мың 722 студенттің биыл өз оқуларын қазақстандық ЖОО-ларда жалғастыруға өтініш беріп, құжат тапсыруын атауға болатындай.

"Сол құжаттарын өткізгендер ішінде 6077 студент ресейлік ЖОО-лардан өзімізге қайтып отыр. Бұл сан бізді қуантады. Өйткені шетелге оқуға кетіп қалған жастарымыздың Қазақстанға оралғаны керек", – дейді білім және ғылым министрлігінің жоғарғы және жоғарғы оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Гүлзат Көбенова.

Ол қазір парламентте қаралып жатқан, ЖОО-лардың басқару және академиялық дербестігін кеңейтетін жаңа заң жобасы отандық жоғарғы білім беру жүйесіне деген жастардың сенімін арттыруға және қазақстандық университеттерді өз еліміз бен шетелде тартымды ете түсуге септеседі деген ойда.

БҒМ дерегінше, биыл төл университеттеріміздегі студенттердің саны  өткен жылмен салыстырғанда, 20 мыңға көбейген.

Шетелде білім алып жатқан Қазақстан азаматтары үшін отандық жоғарғы білім алуды қолжетімді ету мақсатында БҒМ "Білім алушыларды білім беру ұйымдарының үлгілері бойынша ауыстыру және қайта қабылдау қағидаларына" өзгерістер енгізді. Оған сәйкес, 2018 жылдан бастап, аталған санаттағы шәкірттердің елімізге ауысу және қайта қабылдану үшін кешенді тестілеу тапсыруы бойынша міндетті талап жойылды. Бұл үшін енді шетелдік ЖОО-ға түсу кезіндегі қабылдау сынағының нәтижелерін ұсынса жеткілікті. Әлгінде айтылған 7 мыңға жуық жасымыздың жыл басталғалы бері елге оралуы осы өзгерістердің игі бастауына айналып отыр. 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу