Электронды сауда еркін тыныстай бастады

Бұл саладағы ақша айналымы жыл соңына дейін 300 млрд теңгеге жетеді деп болжанып отыр.  

06 Маусым 2018 10:13 Автор: Фархат Әміренов
Электронды сауда еркін тыныстай бастады, электронды сауда, e-commerce, Тимур Сүлейменов, қолма-қол ақшасыз төлем

Электронды сауда саласындағы ақша айналымы 2016 жылы 28 млрд теңгені құраса, былтыр 107 млрд теңгеге тең болды. Ал 2018 жылдың алғашқы 5 айының қорытындысы бойынша ақша айналымы 101 млрд теңгені құрады. Демек, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш үш есе өсуі мүмкін.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, электронды сауданың қанат жаюына «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы мен Электронды сауданы дамытудың жол картасы серпін берген.

«Жыл басынан бері 110 жаңа электронды сауда субъектісі тіркелді. Нарықта 1700 интернет-дүкен жұмыс істейді. Сатып алушылар саны 1,5 млн адамға дейін өсті. Аталған салада жұмыс істеушілердің өсімі 37 мың адамды құрады», – деді Тимур Сүлейменов.

Министр қабылданған жаңа Салық кодексінде «интернет-дүкен», «интернет-алаң», «тауарлармен электрондық сауда» терминдері анықталғанын еске салды. Сондай-ақ, электронды сауда саласындағы корпоративтік және жеке табыс салығын төлеуден түскен кірістерден босатуға қатысты салықтық жеңілдіктер күшіне енді. Жеңілдіктерге ие болу үшін талаптар енгізілді. Ол үшін кәсіпкер мәмілелерді электронды түрде рәсімдеуі керек. Тауарларға ақы төлеу қолма-қол ақшасыз жүргізілуі шарт. Сондай-ақ, тауарды сатып алушыға жеткізу жеке қызметінің немесе логистикалық компаниялармен келісім-шарттың болуы міндетті.

«Ұлттық банкпен бірлесе отырып, ұялы телефонды пайдалану арқылы жылдам төлем жасау жүйесінің жобасы әзірленді. Жүйе ұялы телефон нөмірі бойынша төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру, төлемдерді жылдам рәсімдеу және алушыға ақша аудару, тәулік бойы жұмыс істеу, банкаралық комиссиялардың болмауы секілді қағидаттарға негізделіп отыр. 2018 жылдың тамызында аталған жүйені пилоттық тәртіпте тестілеуден өтеді», – деді ұлттық экономика министрі.

Бұдан бөлек, «Қазпошта» осы жылдың мамыр айында «электронды әмиян» жүйесін іске қосты. Ол үшін тұтынушы «Post.kz» сайтында тіркелуі керек. «Электронды әмиян» арқылы ұялы байланыс, мемлекеттік қызметтер, айыппұлдар, салықтар, коммуналдық қызметтер және тағы да басқа қызметтердің ақысын төлеуге болады. «Қазпошта» бұл жүйені электронды сауда саласына қолданбақ. Оны пилоттық тәртіпте іске қосу 2018 жылдың тамызына жоспарланып отыр.

«Биыл логистиканың инфрақұрылымын дамыту үшін Астана мен Алматы қалаларында Fullfilment орталықтары ашылды. Олар арқылы 170 мыңдай жөнелтімдер жіберу жоспарлануда. Электрондық саудадағы бизнестің құзыреттілігін арттыру үшін «Қазпошта» АҚ негізінде Астана қаласында алғашқы Электронды сауда орталығы (E-commerce) ашылды. Ол дайын онлайн-дүкендерді құру мен оқыту бойынша қызметтер көрсетеді. 2018 жылы 1000 субъектті оқыту жоспарлануда. Ал логистикалық инфрақұрылымды жетілдіру үшін «Қазпошта» Шымкент, Қарағанды, Ақтөбе қалаларында E-commerce орталықтары мен Fullfilment орталықтарын құрмақ», – деді Тимур Сүлейменов.

Осылайша, өңделген жөнелтілімдер саны 20%-ға, яғни 5,148 млн-нан 6 млн-ға дейін арттырып, Қазақстанға жеткізу уақытын 15 күннен 6 күнге дейін қысқарту жоспарлануда.

Қазақстан 2022 жылы электронды сауда үлесін 2,6%-ға дейін ұлғайтуды жоспарлауда. Сондай-ақ, электронды сауда саласы мен оған байланысты салаларда 200 мың жұмыс орнын құру көзделіп отыр.

Фархат Әміренов