banner

Қарағанды облысы "цифрландырудан" қара үзіп кетті

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
18565

Қарағандыға жұмыс сапарымен келген премьер Бақытжан Сағынтаев облысқа былтыр құйылған инвестициялардың 70%-ы кәсіпорындардың технологиялық жаңғыруы мен цифрландырылуына бағытталғанын білді. 

Қарағанды облысы "цифрландырудан" қара үзіп кетті

Облыс әкімі Ерлан Кошановтың айтуынша, аймақ экономикасы өсудің анағұрлым жоғарғы қарқынына шыққан екен. Атап айтқанда, өткен жылдың қорытындысы бойынша өсім бастапқыда жоспарланған 1,8%-дан артып, 4,1%-ға жетіп отыр. Бір жыл ішінде мұндағы өнеркәсіптік кәсіпорындар 2,3 триллион теңгенің тауарларын өндірген.

Индустрияландыру картасы аясында 2017 жылы жалпы құны 8 миллиард теңге тұратын 8 жаңа жоба жүзеге асырылып, оларда 300 жұмыс орны құрылған. Ал 2018 жылы 1 мың жаңа жұмыс орындары ашылатын тағы 5 жобаны іске қосу көзделуде екен. Аймақ басшысының дерегінше, Қарағанды облысында бизнесмендер ірі инвестициялық жобаларды да жүргізуде. Мәселен, Жәйремде заманауи байыту фабрикасы, ал Осакаровкада жоғары сапалы әктас зауыты тұрғызылуда.  

Үкімет жетекшісін облыста бизнестің қаншалықты буырқана дамып отырғаны қызықтырды. Өңірде тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субьектілердің саны қазір 100 мың 710-ға жеткен және алдыңғы жылғыға қарағанда, 100,3%-ға көбейіпті. Бұлар шығарған өнім көлемі 685,4 млрд теңгені құраған, ал бұл 2016 жылмен салыстырғанда, 125,6%-ға артық. 228 мыңнан астам қарағандылық шағын және орта бизнесте жұмыс істеп, нәпақа тауып жүр екен.

Бақытжан Сағынтаев Сәтпаев қаласындағы "Ханум" макарон өнімдерін шығаратын кәсіпорынды аралау барысында өңірде шағын және орта бизнесті дамыту қарқынын бағамдады.

"Қарағанды облысында Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша 65 жоба қолдауға ие болды. Бұдан өзге, "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасы аясында қаржылық қолдау шараларымен 33 жоба қамтылды. Басымдықты салаларда бизнесті субсидиялау үшін жергілікті бюджеттен қосымша 500 млн теңге бөлінеді. Мұндағы бизнес жүргізуге болатын әлеуетті салалар – азық-түлік өндірісі, өнеркәсіп, туризм секторы және қызмет көрсету салалары. Мақсат – тауарлар өндірісі мен қызмет көрсету көлемін екі есеге арттыру", – дейді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Алмас Айдаров.

Үкімет басшысы алдымен атбасын бұрған "Ханум" макарон өнімдерін шығаратын цех астаналық лауазымды тұлғалардың келісіне мұқият дайындалғаны байқалады. Цехтар мұнтаздай таза, жабдықтар зауыттан жаңа шыққандай жарқырайды. Шынында, кәсіпорын өткен жылдың қыркүйек айында ғана пайдалануға берілген болатын.

"Біздің кәсіпорын сағатына 200 келі, ал жылына – 3000 тоннаға дейін макарон өнімдерін шығара алады. Өткен алты айда 5,5 тонна өнім шығарып үлгердік. Біздің өнімдер облыстағы шетелдік импортты алмастыруға, сондай-ақ Жезқазған өңірінің экономикасын әртараптандыруға ықпал етеді. Қазіргі кезде өнімдеріміз Жезқазған, Сәтпаев және Ұлытау дүкендері мен супермаркеттеріне жеткізілуде. Келешекте макаронның жаңа түрлерін шығару, кәсіпорынның өндірістік қуатын арттыру, сондай-ақ Қазақстанда және шетелде өткізу нарығын кеңейту көзделген", – деді үкімет басшысына "Ханум" атқарушы директоры Алена Алексеева.

Дегенмен, Қарағанды өлкесі ірі зауыт-фабрикаларымен атақты екені сөзсіз. Сондықтан сапарының негізгі бөлігін премьер соларға арнады. Атап айтқанда, Бақытжан Әбдірұлы "КаzakhmysSmelting" ЖШС-ына қарасты Жезқазған мыс қорыту зауытында болып, ондағы екінші кен қыздыру пешін реконструкциялау барысымен танысты. Мәртебелі мейман осында катодты мыс өндірісінің технологиялық үдерісін, айналмалы құю машинасы мен анодты мыс құю жұмысын тамашалады.

Жезқазғандағы осы алпауыт мыс зауыты іске қосылған кезден бері жер қойнауынан 1 миллиард тоннадан астам кен өндіріп, қорытып шығыпты! 2018 жылдың қаңтар-наурыз айларында 30,7 мың тонна тазартылған мыс өндірілді. Бұл ауқым мен қарқын енді тек арта бермек.

Кәсіпорынның бас директоры Әділет Бәрменқұлов дайын өнімдер қоймасын көрсетіп, Жезқазған мыс қорыту зауытын технологиялық жаңғырту жоспарларын жария етті. Оның айтуынша, осы зауыт қуаттылығы жаңа күкірт қышқылды цехтың құрылысы аяқталған соң, екі кен қыздыру-балқыту пештерінің жұмысы есебінен ұлғайтылады. Айтқандай, бұған дейін, 2009 жылы қолжетімді шикізат көлемінің азаюына байланысты зауыт бір пешпен жұмыс жасау режиміне көшіп, екінші балқыту агрегатының жұмысын тоқтатқан, консервациялап тастаған еді. Енді Ақтоғай және Бозшакөл кен байыту фабрикаларының жоспарлы іске қосылуы арқасында құрамында мыс бар шикізат көлемінің ұлғаюына байланысты екінші кен қыздыру-балқыту пешін іске қосу туралы шешім қабылданды.

"Нақты мысал ретінде түсіндірер болсақ, зауыт өз қуаттылығын жартылай ғана пайдаланып, жұмыс істеу арқылы жылына 100 мың тонна мыс өндіріп келді. Екінші пештің іске қосылуымен өнім көлемі екі есеге артады. Бұл мыс өндірісінің әлемдік нарығында біздің компанияның бәсекеге қабілеттілігін жоғарылатуға жол ашады. Сондай-ақ жобаның әлеуметтік маңызы бар. 600-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі. Мемлекеттік бюджетке салынатын аударымдар жүздеген миллион теңгеге өседі", – деп қос қолын ысқылайды Әділет Бәрменқұлов.

Бүгінде "KazakhmysSmelting" зауыты – Қазақстандағы ең ірі мыс өндірушілерінің, ал оның қожайыны "Қазақмыс корпорациясы" – мыс өндірушілерінің әлемдегі жетекші "ондығының" құрамына кіреді. Зауыт 99,99% мысы бар және әлемдік талаптарға сәйкес келетін катодты мыс өндірумен айналысады. Сондай-ақ, ілеспелі өнімдер – мыстың күкірт қышқылды түзуі, мыс электролиттік шламындағы алтын мен күміс, күкірт қышқылы, қорғасын құрамды тозаң шығарылады. Қазір кәсіпорында мың жарымнан астам адам жұмыс істейді.

Осыдан шыққан Бақытжан Сағынтаев "Сарыарқа" арнайы экономикалық аумағындағы индустрияландыру мембағдарламасы аясында іске асырылған "Бёмер Арматура" ЖШС мен "Recycling Company" ЖШС өнеркәсіптік кәсіпорындарына барды.

Жалпы, өңірде 2018 жылы мембағдарлама аясында 689 жаңа жұмыс орны құрылатын 4 өнеркәсіптік жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Алмас Айдаров "Сарыарқа" АЭА аумағында 15 қатысушы тіркелгенін хабарлады. Металлургия өнеркәсібін және метал өңдеу саласын дамыту, атап айтқанда әлемдік сауда маркаларын өндірушілерді тарту арқылы дайын өнім өндірісін дамыту қызметтің басым бағыттары саналады.

"Биылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша өндірістік өнім көлемі 50,9 млрд теңгені құрады. Соның ішінде 28,2 млрд теңгенің өнімі экспортқа шығарылды. 44,1 млрд теңге инвестициялар келді. Соның ішінде "Бёмер Арматураға" – 3,1 млрд теңге, ал "Recycling Company"-ге – 3,4 млрд теңге салынды", – деді ол.

"RecyclingCompany" қолданыстан шыққан ескі көлік құралдарын кәдеге жарату саласындағы Орталық Азия өңіріндегі алғашқы әрі жалғыз зауыт болып табылады. Кәсіпорында үкімет жетекшісі ескі автокөліктерді кәдеге жарату үшін жинайтын өндіріс үрдісімен танысты, сондай-ақ өнеркәсіптің түрлі салаларында одан әрі пайдалану үшін қалдықтардан металл қорытпалары мен пеш отынының аналогы шығарылатын пиролиз және балқыту цехтарын тексерді.

"RecyclingCompany" бас директоры Александр Рябинин жоба 2017 жылдың желтоқсан айында іске қосылғанын мәлім етті. Оның қуаттылығы жылына 50 мыңға жуық машинаны утилизациялауға мүмкіндік береді. 2018 жылдың өткен І тоқсанында "б/ушый" көліктерден 150 тонна металл қорытпасы мен 7 тонна пеш отынының аналогы өндіріліпті. Мұнда 100 жұмыс орны құрылған. Басты мақсат – қоршаған орта мен халық денсаулығын қорғау, сондай-ақ атмосфераға шығарылатын зиянды заттардан, пайдаланудан шыққан автокөліктердің салдарынан болатын теріс әсерді азайту болып отыр.

"Бёмер Арматура" зауытының бас директоры Кефер Андреас зауыт іске қосылған сәттен бері жалпы сомасы 7,4 млрд теңгеге 14 мыңнан астам өнім шығарылғанын айтты. Келешекте осында шығарылатын шарлы крандар мен ілмекті арматура "Сарыарқа" магистральді газ құбырын салу кезінде пайдаланылатын болады деп жоспарлануда.

Осы орайда айта кету керек, Қарағанды облысы елорданың алдағы ұлы мерейтойы аясында тұсауы кесіледі деп күтіліп отырған Қазақстанның орталығы мен солтүстігін газдандырудың "Сарыарқа" жобасына үлкен үміт артуда. Өйткені "Сарыарқа" газ құбыры тек бір Қарағанды облысының ғана 119 елді мекенін, яғни осынша қала, аудан, ауылдарды көгілдір отынмен қамтамасыз етпек!

"Қазіргі уақыта "Сарыарқа" магистралдық газ құбырының құрылысы" жобасын жүзеге асыру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Бүгінге дейін техникалық-экономикалық негіздемесі жасалды, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы да алынды. Ал жобалық-сметалық құжаттамаларды түзу аяқталу кезеңіне шықты", – дейді "ҚазТрансГаз" ұлттық компаниясының бас директорының орынбасары Серікқали Брекешев.

"ҚазТрансГаз" – осы "тарихи" жобаның тапсырыс берушісі болып табылады. Техникалық-экономикалық негіздемені жасаушы ретінде "КАТЭК" консорциумы таңдалды.

"Нақтыланған мәліметтер бойынша, магистралдық газ құбырының Астанаға дейінгі ұзындығы 1063 шақырымды құрайды, оның 764 шақырымы Қарағанды облысын басып өтеді. Жер мәселелеріне, инфрақұрылымға қатысты негізгі жұмыс Қарағанды облысымен байланысты болады. Құрылыс екі кезеңмен жүргізіледі. Біріншісі Астанаға газ берумен аяқталады және ол жұмыстардың ішіне құбырларды төсеу және газбен қамту жүйесін салу кіреді. Бірінші кезең 2018–2019 жылдар аралығын қамтиды. Құрылыстың екінші кезеңі 2019–2020 жылдарға жоспарланып отыр", – дейді жобалық ұйымның бас директоры Құндыз Нұпов.

Бірінші кезектің құны 264,4 млрд теңгені құрайды. Газ құбырының бірегейлігі – оның 100 атмосфера қысымға шыдай алатындығында.

"Қарағанды облысының үш қаласында – Жезқазған, Қарағанды, Теміртауда автоматтандырылған газ тарату стансалары орналасатын болады. Сонымен қатар аудандарға арналған әлеуетті АГТС-ке қажетті 5 бұрмалар болады, оларды дайын болуына қарай іске қосып отырады", – деді Құндыз Нұпов.

Бұл жоба өңірге экономикалық, экологиялық және әлеуметтік оң әсер беруге тиіс. Есептеулер бойынша, жыл сайын қосымша инвестициялар 10–15 млрд теңгеге дейін жетеді. Газ құбырын салуда пайдаланылатын құрылыс материалдарын шығаратын қарағандылық кәсіпорындар таңдалып жатыр. Жобаны жүзеге асыру қосымша жұмыс орындарын ашады: құрылыс кезінде 2000-ға дейін адам жұмыс табады, кейін мыңға жуық жұмысшы газ құбырының қызмет етуін қамтамасыз ету үшін қажет болады.

"Газ құбырының құрылысы – елбасының бес әлеуметтік бастамаларының бірі. Бұл – ауқымды жұмыс. Бұл жобаны біздің тұрғындар, кәсіпкерлеріміз тағатсыздана күтті. Газ – біздің аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жаңа құрал. Бұл жобаны жүзеге асыру тұрғындардың өмір сапасын жоғарылатуға жол береді", – дейді облыс әкімі Ерлан Қошанов.

Еске сала кетсек, үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев осының алдында Қызылорда облысына да сапар жасап, "Қараөзек" компрессорлық стансасының дайындық барысын бақылап қайтқан болатын. Дәл осы стансадан "Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана" бағытында 2,7 млн адамды табиғи газбен қамтамасыз ететін "Сарыарқа" газ құбырының құрылысы басталады.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу