Еліміздің әлеммен саудасындағы Қытайдың үлесі 14%-ға жуықтады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4447

Қазақстан мен Қытай арасындағы жобалары аясында ел экономикасына 27 миллиард доллар инвестиция құйылуда.

Еліміздің әлеммен саудасындағы Қытайдың үлесі 14%-ға жуықтады

Яғни, ол елімізге бір жылда бүкіл әлемнен келетін инвестиция көлемінен асады. Бұл дерек бүгін елордада өткен қазақ-қытай бизнес форумында жария етілді. 

"Индустрияландыру және инвестициялау саласындағы ынтымақтастық аясында қазақстандық-қытайлық бірлескен жобаларды жүзеге асыру белсенді кезеңіне шықты. Бұлар қатарына жалпы құны 27 миллиард доллардан асатын 51 жоба кіреді. Біз осы жобалар есебінен шамамен 20 мың жаңа, тұрақты жұмыс орындарын құруды жоспарлап отырмыз" – деп мәлімдеді инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.

Бұл жерде 2018 жыл үдерінде жалпы құны 363 миллион доллар тұратын 6 ірі қазақстандық-қытайлық жобаны пайдалануға беру көзделуде.

Министр іске асырылған бірлескен жобалардың ішіндегі табыстылары мен үлгілілеріне де тоқтала кетті.

"Мәселен, 2017 жылы әлемдегі аса ірі логистикалық компания болып табылатын COSCO SHIPPING Holdings Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамыту үшін "Қорғас – Шығыс қақпа" арнайы экономикалық аймағындағы құрғақ порттың 49%-дық үлесін сатып алды. Сондай-ақ Қостанай облысында қытайлық JAC жеңіл автокөліктер маркасын шығаратын жоба іске қосылды. Бұдан басқа, Павлодар облысында ұнтақты полипропилен өндірісі, Солтүстік Қазақстан облысында рапс майын өндіретін зауыт ашылды", – деді Жеңіс Қасымбек. 

Ол кейінгі бес жыл ішінде еліміз транзит көлемін арттыру үшін бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаларды қолданысқа бергенін жеткізді. Атап айтқанда, олардың арасында Ляньюньган порты, Алматы жақта, Қытаймен шекарада Қорғас құрғақ порты, Каспий теңізінде Ақтау порты, жалпы ұзындығы шамамен 900 шақырымға созылып жатқан және орталық Азиядан тікелей Парсы шығанағына шығаратын "Қазақстан–Түрікменстан–Иран" жаңа теміржол дәлізі, "Батыс Еуропа–Батыс Қытай" халықаралық көлік дәлізі бар. 

Жеңіс Қасымбектің айтуынша, қабылданған осы шаралар Қытайдан Қазақстан жері арқылы Еуропаға жүктерді небары 15 күн ішінде жеткізуге мүмкіндік берген. Ал егер осы жүк бұрынғыдай теңіз жолымен тасылса, онда 2–2,5 есе көп уақыт алатын көрінеді.  

Қытай халық республикасының төрағасы Си Цзиньпин бизнес форум қатысушыларына жолдаған жеделхатында: "Біз, қазақстандық серіктестерімізбен бірге, "Бір белдеу, бір жол" бастамасын жүзеге асыруда ізашар көшбасшыларға айналдық және бірқатар рекордтарды орнаттық" деп мәлімдеді.

Мәселен, "Батыс Еуропа–Батыс Қытай" дәлізімен тасымалданатын транзит пен жүк көлемі бірден 2,5 есеге артқан. Инвестициялар және даму министрінің ақпарынша, жалпы, 2017 жылы Қазақстан бойынша автомобиль көлігімен жүк тасымалдау көлемі 2,1 миллион тонна болып, соңғы 5 жылдағы рекордтық көрсеткішке жетті. Көліктің барлық түрлерімен жүк тасымалдау көлемі 5,1%-ға өсіп, 3,9 миллиард тоннаға барған.

Министрдің байламынша, "Батыс Еуропа–Батыс Қытай" халықаралық транзиттік дәлізінің тиімділігі дәлелденді. Орташа жылдық экономикалық тиімділік 190 миллиард теңгеден асады. Жүк тасымалдау (33 млн тонна) мен транзит (900 мың тонна) көлемі 2,5 есеге өсті. Жол жүру уақыты екі есе азайды, жазатайым оқиғалардың саны 27%-ға, өлім-жітім 35%-ға төмендеді.

Қазіргі кезде Қытай мен Еуропа арасында Қазақстан территориясы арқылы өтетін транзиттік бағыттардың саны 15-тен асыпты. Осының арқасында әлемдік алпауыт саналатын АҚШ-тың сауда шайқасы мен санкцияларына қарамастан, көрші шың елінен Батыс елдеріне жеткізілетін тауарлар көлемі 2 есеге, ал екі ортада үздіксіз ағылатын пойыздан саны 581-ден 1212-ге дейін ұлғайған. Осылайша, жиында сарапшылар айтқандай, Қазақстан мен Қытай бірлесіп, "жаһандық көлік дәліздерінің жаңа архитектурасын" түзуде.

Осы орайда сарапшылар бір қызықты деректі келтіреді. Тәуелсіздік басындағы, өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы ішкі өндіріс дағдарған кезеңде отандық нарықты, базардан бастап, ірі сауда орындарының сөрелеріне дейін қытайлық тауарлар басып кеткені мәлім. Ал қазір жағдай күрт өзгерген екен: Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара тауарайналым бір жыл ішінде бірден үштен бірге, нақтыласақ, 32,6%-ға көбейген. Бірақ бұл ретте біздің шығыс көршіге сатқанымыз одан тасығанымыздан әлдеқайда көп болып шықты. Тарата айтқанда, қазақ-қытай саудасы қазір 10,5 миллиард доллар межесін бағындырған. Соның ішінде еліміз бұл көршісінің алып нарығына экспорттан 5,8 миллиард доллар табыс тапқан, ал ҚХР-дан 4,7 миллиард долларға тауарлар импорттаған. Демек, біздің экспортымыз олардан арбалағанымыздан 1,1 миллиард долларға асып түсуде. 

Жалпы алғанда, Қазақстанның бүкіл дүниежүзіндегі елдермен өзара сауда-саттығының жалпы көлемі 2017 жыл қорытындысында 77,7 миллиард долларды құраса, соның ішінде Қытайдың үлесі 13,5%-ға дейін өсіп отыр.

Бұл көрсеткіштер одан әрі көркейіп, рекордтар жаңара беруі ықтимал. Өйткені бүгінгі бизнес-форум алда үлкен сапарларға ұласатын болды. Атап айтқанда, Қазақстанның сыртқы сауда палатасы Қытайдың ұшан-теңіз нарығын игергісі келетін барлық отандық кәсіпкерлерден арнайы сауда-экономикалық миссия қалыптастырған. Қазақстандық бизнестің ірі делегациясы шың еліне биылғы 22-25 қыркүйек аралығында сапар жасамақ. Оның барысында тікелей байланыстарды жолға қою, өзара сауда қатынастарын жандандыру, өз өнімдеріне ықтимал сатып алушылар табу және екіжақты кездесулер өткізу жоспарланған.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу