Ердоған: Лираның әлсіреуі экономикалық шындық емес

5397

Түрік ақшасы жыл басынан бері 40 пайызға құнсызданса да, президент өз елі қаржы дағдарысына ұшырады деп есептемейді.  

Ердоған: Лираның әлсіреуі экономикалық шындық емес

Түркия президенті жексенбі күні де жалынды мәлімдемелерімен әлем ақпарат құралдарының назарына ілікті. Ол Қара теңіз жағалауындағы Трабзонда жақтастарымен кездесіп, пайыздық үстемені көтеруге қарсылығын тағы да қайталады. Сонымен қатар, оның пікірінше, лираның әлсіздігі елде қалыптасқан экономикалық жағдайдың шын бет-бейнесін айқындап бере алмайды. Тағы бір сөзінде Реджеп Тайып Ердоған Түркия 90-шы жылдары Азияны жайлаған қаржы дағдарысына ұқсас жағдайға душар болды деген болжамды да жоққа шығарды.

Айта кету керек, түрік лирасы жыл басынан бері өз құнының 40 пайызға жуығын жоғалтты. Бұған президенттің экономикаға ықпалы күшейді деген қауіп пен Анкараның АҚШ-пен қатынасының тым нашарлап кетуі де себепші.

Ердоған – пайыздық үстеменің жауы
"Пайыздық үстеме – байларды байытатын, кедейлерді кедейлендіретін қанаушы құрал. Бізді ешкім қармағына түсіріп, қаскүнемдігімен ақымақ қыла алмайды", – дейді Түрік Республикасының басшысы.

Бір кездері өзін "пайыздық үстеменің жауы" деп атаған Ердоған арзан несие өсімге сеп болады деген пікірде. Алайда, инвесторлардың ойынша, арзан ақша экономиканы қыздырып, күйретіп тынуы мүмкін.

Президенттің пайыздық үстеме жайлы мәлімдемелері мен күйеу баласын қаржы министрі етіп тағайындауы кейбіреулерді "орталық банк тәуелсіздігінен айрылды" деген ойға жетелеп отыр.  Соған қарамастан, биыл мамыр айында Түркия орталық банкі лираны қолдау үшін пайыздық үстемені бәрібір көтерді. Алайда, соңғы кездесуінде аталған банк монетарлық саясатты қатаңдатқан жоқ.

Жұма күні лира тағы да құлдырап, бірден 17 пайызға құнсызданып, инвесторларды ұлттық ақшаны қорғау жөнінде орталық банкке үндеу жасауға итермеледі. Бірақ, Ердоғанның сөзінше, түрік ақшасының әлсіреуіне саяси қаскүнемдік себепші.

"Бір шәшкенің мұнша бұрқылдауына не себеп? Мұның экономикалық себебі жоқ. Бұл – Түркияға қарсы жасалып жатқан операция ғой", – деді Ақ сарайдың қожайыны Трабзонда жасаған мәлімдемесінде.

Дедлайн
Түркияның Америка Құрама Штаттарымен тайталасы лираны салмағынан айырып барады. НАТО-дағы екі одақтас келісе алмай отырған бірнеше мәселе бар: Вашингтон мен Анкара кейінгі жылдары Сирияда жиі дауласып жүр; Түркия Ресейден қорғаныс жүйесін сатып алуға ниетті; түрік соты америкалық пастор Эндрю Брансонды терроризм бабы бойынша жауапқа тартып жатыр.

Брансон 20 айға түрмеге жабылды. Бірақ, шілдеде оны үй қамауына ауыстыру туралы шешім шығарылды. Содан бері Трамп пен вице-президент Майк Пенс Анкараны шіркеу қызметкерін абақтыдан босатуға шақырып келеді. Дегенмен, түрік үкіметінің айтуынша, бұл мәселені сот қана шеше алады. Бұған ашынған Вашингтон түріктің екі министріне санкция жариялап, жұма күні Түркиядан импортталатын болат пен алюминиге қатысты тарифті екі есеге өсіріп жіберді.

"Бүкіл әлемге және елімізге қарсы сауда соғысының өртін қаулатқандарға берер жауабымыз – біз жаңа нарықтар мен одақтастар іздеуге бет бұрамыз", – деп ескертті Тайып Ердоған.

Өткен аптада түрік делегациясы Вашингтонға аттанып, америкалық әріптестерімен кездесті. Бірақ, одан ешқандай нәтиже шықпады. Ал, кеше Ердоған екі жақтың пастор жайындағы әңгімелерінің мән-жайын жариялады. Түркия президентінің айтуынша, Құрама Штаттар пасторды сәрсенбіге дейін қайтаруды талап етіп отыр. Және де Ердоғанның мәлімдеуінше, егер пастор босатылмаса, АҚШ Түркияға қарсы санкция жарияламақ. Ал, Ердоған Американың өз министрлеріне санкция жариялай алатынын ескертіп отыр.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу