Ердоғанның "ессіз жобасы"

3631

Түркия президенті сайлауда жеңіске жетсе, Ыстанбұл каналының құрылысы басталуы мүмкін.

Ердоғанның "ессіз жобасы"

Түріктің Панамасы немесе Суэці
Шалқып жатқан Қара теңіз, суды жағалай қонған Қарабурун елдімекені Ыстанбұлдан сонша алыс емес. Бірақ, осынау қоңырқай ғана тіршілігімен күн кешіп жатқан бейбіт ауыл күндердің күнінде әлем үшін маңызы зор арнаға айналып кетуі ғажап емес.

Маусымның 24-де Түркияда президенттік сайлау өтеді. Онда мемлекет басшысы Реджеп Тайып Ердоған тағы да жеңіс тұғырынан көрінуден үмітті. Түрік Республикасының лидері сол арманына жетіп қана қоймай, өзі айтқан бір "ессіз жобасын" жүзеге асырмай, маза таппақ емес. Ол – Ыстанбұл каналы. Бұл су жолы Панама, Суэц каналдарынан асып түспесе, кем болмайтын тәрізді. Айта кету керек, Ердоған 15 жыл билік еткенде, әуежайлар, көпірлер, жолдар, туннельдер салып, Түркияның инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтерді.

"Франс пресстің" хабарлауынша, ерте ме, кеш пе, әйтеуір сырылуы мүмкін Қарабурунда "жер, каналға қарайтын пәтер сатамыз" деген жарнамалар қазірдің өзінде жүріп жатыр. Ал, Ердоған таныстырған видеороликте судан өтетін көпірлер мен олардың жағалауындағы люкстік апартаменттер көрсетілген.

Түрік үкіметі өкілдерінің сөзінше, жаңа канал Ыстанбұлды Азия мен Еуропаға бөліп тұрған Босфор бұғазына түскен салмақты жеңілдету үшін қажет. Босфордан кемелер тым көп өтетіндіктен, онда кептеліс кезінде апаттар да болып тұрады. Ал, Ердоғанның оппоненттеріне сенсек, Ыстанбұл каналы аймақтың экожүйесіне зиянын тигізіп, қала маңында онсыз да азайып кеткен жасыл желектерді жояды.

Ғаламдық брэнд
Бұл канал Ердоғанның сайлауалды науқанында негізгі мәселе болды. Амбициялық жобаны президент Түркияны әлемнің ең инновациялық және қарқынды экономикаларының біріне айналдырудың дәлелі ретінде ұсынды.

Министрлер кабинеті таратқан мәліметке қарағанда, Ыстанбұл каналының ұзындығы 45 шақырым болады. Сонымен қатар, ол Қара және Мәрмәр теңіздерін жалғастырып, күніне 60 кеме өткізеді екен.

"Ыстанбұл каналы ғаламдық брэндке айналады", – деді Ердоған сайлауалды митингтерінің бірінде.

Бірақ, Ердоғанның негізгі қарсыласы – Республикалық Халық партиясының өкілі – оппозиционер Мұхаррем Индженің сөзінше, егер ол сайлауда жеңіске жетсе, Ыстанбұл каналының салынуына жол бермейді.

"Бұл қыруар ақшаны босқа шашатын жоба. Жоқ, мен оны салдыртпаймын. Миллиардтаған долларды арна қазуға жұмсаудың не қажеті бар? Ренжімеңіздер, басқа амалым жоқ", – дейді Индже мырза.

Ыстанбұл каналы – Ердоған ұсынған алып схемалардың бірі. Бұған дейін Босфордың үстінен үшінші көпір, астынан екі туннель салу жобалары жарияланды. Ал, Ыстанбұлдың үшінші алып әуежайы биыл қазан айында ашылады деп жоспарланып отыр.

Жаңа канал Ыстанбұлдың Мәрмәр теңізі жағалауындағы Күчүкчекмедже ауданынан бастау алып, Сазлыдере резервуары арқылы Қара теңізге шығады. Оның құрылысы әзірге басталған жоқ.

Ресми Анкара Ыстанбұл каналы өзі арқылы шетелдік кемелерді де өткзіп, Түркияға қаржылай кіріс әкеліп, су көліктерінің жол жүру уақытын қысқартып, кемелердің Босфордан тысқары жерде ұзақ тұрып қалу проблемасын жояды деп үміттеніп отыр.

Экологиялық құрбандық
Президент оппоненттерінің ойынша, Ердоған 2011 жылы жариялаған жаңа канал жоспарының тағы бір мақсаты – құрылыс жүргізу, үй салу.

"Біз бұл жобадан жай ғана су арнасын көріп тұрған жоқпыз. Ол ауданда ауқымды құрылыс та жүргізіліп, жасыл желектер экологиялық құрбандыққа шалынады", – дейді "Күзей орманлары" (Солтүстік ормандары) тобының белсендісі Нұрай Чолак "Франс пресс" агенттігіне берген сұқбатында. Ал, Ыстанбұлдың қала жоспаршылары палатасының мәлімдеуінше, канал салынатын болса, су ресурстары шектеліп, 20 мың футбол алаңына пара-пар орман жойылады, ауылшаруашылығы өнімдері азайып, Түркияның болашағына қауіп төнеді.  

Жергілікті тұрғындардың да Ыстанбұл каналына қатысты пікірі әртүрлі. Олардың кейбірі бұрын арзан тұрған жер телімдерінің енді үш есеге қымбаттап кеткеніне қуанып отыр. Ендігі бірі жұмыссыз қалудан қорқады. Өйткені, су арнасы өтетін жерде мал жаятын жер қалмайын деп тұр.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу