Есірткіге қарсы халықаралық операция сәтті аяқталды

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
3237

Іс барысында 719 қылмыс ашылып, 7 мыңға жуық қылмыстық іс қозғалды.

Есірткіге қарсы халықаралық операция сәтті аяқталды

Шымкент қаласында ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) мүше мемлекеттердің қатысуымен "Канал-Красный бархан" атты халықаралық есірткіге қарсы операцияның қорытындысына арналған жиын өтті.

Халықаралық шараға ЕО, ЕҚЫҰ, БҰҰ өкілдері бақылаушы, ал Ауғанстан, Иран, Ресей, Өзбекстан, Қытай, Түркіменстан, Пәкістан, Германия, Польша және Балтық елі республикаларының өкілдері негізгі ойыншы ретінде қатысты.

Басқосу барысында ҚР ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов пен РФ ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Зубов сөз сөйледі.

"Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше-мемлекеттердің аумағынан  9 тонна есірткі тәркіленді. Оның 5 тоннасы апиын, 2 тоннасы синтетикалық есірткі, 830 келісі марихуана, 800 келісі гашиш, 38 келісі героин болды. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан – есірткі транзиті жолындағы ел. Ұйымға мүше-мемлекеттермен бірлесіп атқарған жұмыстың нәтижесінде Ауғанстаннан Қазақстан арқылы өтетін есірткі көлемі азайды. Біздің елдің аумағындағы 37 есірткі алқабы жойылды. 2003 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан халықаралық шара шеңберінде осы күнге дейін есірткі заттарынан бөлек, 115 қару, 2,5 мыңға жуық оқ-дәрі тәркіленді", – деді Рашид Жақыпов.

Өз кезегінде Игорь Зубов аймақтық, трансұлттық есірткі айналымына тосқауыл қою үшін ҰҚШҰ аясындағы бірлескен операцияларды үздіксіз жалғастыра беру қажеттігін айтты.

Жиында Ауғанстан мен Ираннан келетін апиынның контрабандалық жолын кесу сондай-ақ трансұлттық есірткі топтарының қызметі мен есірткі кірісін заңдастырудың алдын алу мәселелері талқы таразысына салынды.

"Канал-Красный бархан" операциясы аясында Қызылорда және Жамбыл облыстарында заңсыз өсірілетін қарасора өртелді. Сонымен қатар ІІМ "Дельта-Долина" бөлімшесінің аумағында қазақ-қырғыз кинологтарының  бірлескен жаттығуы ұйымдастырылып, қызметтік-іздестіру иттерінің иісшілдігі сыналды.

"Канал-Красный бархан" атты есірткіге қарсы халықаралық операцияға қатысқан мемлекеттердің аумағында 719 қылмыс ашылып, 7 мыңға жуық қылмыстық іс қозғалды. Бұған қоса заңға қайшы әрекетке барған 500 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды", – деп қорытты халықаралық жиынды Рашид Жақыпов.

Еркеғали Бейсенов

Астана-Шымкент-Астана

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу