Ескекшілер бір алтын, екі күміс еншіледі

Бүгін таңертең ХVІІІ жазғы Азия ойындарында байдарка мен каноэда ескек есу спортынан бір алтын, екі күміс олжаладық.

30 Тамыз 2018 14:10 Автор: Маруан Түсіп
Ескекшілер бір алтын, екі күміс еншіледі, ХVІІІ жазғы Азия ойындары, ескек есу, Алтын, күміс

Палембангада байдарка және каноэда ескек есу спортынан 12 жүлде жиынтығының тең жартысы бүгін таңертең сарапқа салынды. «Осы спорт түрінен бірнеше алтын алуымыз керек» деп үміттеніп едік. Алайда әзірше бір алтын және екі күміс еншіледік. Қалған алты жаттығудағы финалдық жарыстар 1 қыркүйек күні өтеді. Үмітімізді әлі де үзбейміз.

Байдаркада екі қалақты ескек есуден 500 метрлік қашықтықта Қазақстан құрамасының төрттігіK-4 жаттығуында топ жарды. Илья Голендов, Алексей Дергунов, Евгений Алексеев және Сергей Токарницкий бәсекелестерінен біршама озып кетті. Уақыттары – 1:24.203.

Сондай-ақ байдаркада екі қалақты ескек есуден 1000 метрлік қашықтықтағы K-2 жаттығуында Илья Голендов пен Андрей Ергучев екінші орынға ие болды. Уақыттары – 3:23.813. Ал мәре сызығын олардан кішкене ғана бұрынырақ қиған Қытай жұбынан уақыты – 3:23.601.

Каноэда бір қалақты ескек есуден 1000 метрлік қашықтықтағы C-2 жаттығуында Сергей және Тимофей Емельяновтар да екінші орынды қанағат қылды. Бұлардың да алдын Қытай жұбы орап кетті. Айта кетейік, осыдан төрт жыл бұрын аталған екі жұбымыз да алтын медаль алған болатын.

Жалпы, бүгін алты медаль жиынтығы сарапқа салынған. Анастасия Березовская байдаркада ескек есуден 500 метрлік қашықтықтағыK-1 жаттығуында 6-орынмен шектелді. Қалған екі жаттығудың финалында (C-1, 1000 метр, ерлер және C-2, 500 метр, әйелдер) Қазақстан ескекшілері бәйгеге түскен жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, осыдан төрт жыл бұрын байдарка мен каноэда ескек есу спортының өзінен 5 алтын, 3 күміс, 2 қола медаль олжалаған болатынбыз. Биыл сол жетістігімізді қайталай алар ма екенбіз? Бүгін бір алтынмен шектелдік.

Ескек есу спорты

Алтын:

Илья Голендов, Алексей Дергунов, Евгений Алексеев және Сергей Токарницкий – төрт кісілік қайық, екі қалақты ескек, 500 метр;

Күміс:

Илья Голендов пен Андрей Ергучев –екі кісілік қайық, екі қалақты ескек, 1000 метр;

Сергей және Тимофей Емельяновтар –екі кісілік қайық, бір қалақты ескек, 1000 метр.

Маруан Түсіп