Ескекшілерімізден ерлік күтіп едік

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
4222

ХVІІІ жазғы Азия ойындарының соңғы күні ескекшілеріміз төрт жүлдемен шектелді – бір алтын, екі күміс, бір қола.

Ескекшілерімізден ерлік күтіп едік

Байдарка мен каноэда ескек есуден алты медаль жиынтығы сарапқа салынған. Тағы да "бірнеше алтын алуымыз керек" деп жұтындық. Ескекшілерімізден осыдан төрт жылғыдай ерлік күттік. Кешегі іріктеу жарыстарында біздің спортшылар ерекше көзге түскен еді. Алайда финалда сәл басқаша болды. Бұйырғаны – бір алтын, екі күміс, бір қола.

Инна Клинова байдаркамен ескек есуден 200 метрлік жекелей сында топ жарып, ел қоржынына 13-ші алтынды салды. Осыдан төрт жыл бұрынғы жетістігін қайталады. Уақыты – 42.045. Көмбеге екінші орын алған Қытай қызынан сәл ғана бұрын жетті (42.507).

Өкінішке қарай, ерлер арасындағы дәл осы бәйгеде (байдарка, 200 метр, жекелей сын) Сергей Токарницкий екінші орынмен шектелді. Күміс медаль. Іріктеу жарысында үздік нәтиже көрсеткенімен, финалда оның алдын Оңтүстік Корея ескекшісі орап кетті. Украинадан келген спортшымыз 2015 жылы дәл осы қашықтықта Азия чемпионы болып еді...

Байдаркамен ескек есуден әйелдер арасындағы төрттікте (500 метрге) де Қазақстан құрамасы күміс жүлде еншіледі. Инна Клинова, Ирина Подойникова, Зоя Аначенко, Виктория Копьева төртеуі Қытай қыздарына жете алмады. Екінші орын...

Каноэда жұптасып ескек есуден 200 метрлік қашықтықта Мерей Медетов пен Тимур Хайдаров үшінші орынға ие болды. Қола медаль. Олар Қытай және Өзбекстан ескекшілерінен сәл ғана қалып қойды. Аянған жоқ, шамаларының жеткені осы болды.

Каноэда ескек есуден 200 метрлік жекелей сында бақ сынаған Светлана Усова 6-орынмен шектелді. Сөйтіп ескекшілеріміз ХVІІІ жазғы Азия ойындарында 2 алтын, 4 күміс, 1 қола медаль еншіледі. Төрт жыл бұрынғы жетістіктерімен салыстырғанда – жұпынылау (5 алтын, 3 күміс, 2 қола).

Есесіне, триатлоннан Аян Бейсенбаев қайсарлық танытып, екінші орынға ие болды. Жүзу, веложарыс және жүгіру үшсайысында күміс медаль олжалады. Аяғы тартылып, көсіле сілтеуіне мүмкіндік бермепті. Әйтпесе, топ жаруды көздеген екен.

Жалпы, ХVІІІ жазғы Азия ойындарының соңғы күні біз үшін аса табысты болса керек еді. Кешке дейін спортшыларымыздан әлі де алтын күтеміз...

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу