Ет экспорты мен діни ұстаным үйлеспейді

Биыл фермерлік шаруашылықтарды қаржыландыруға 50 млрд теңге бөлу жоспарланған.

22 Маусым 2018 13:05 Автор: Бұлбұл Болат
Ет экспорты мен діни ұстаным үйлеспейді, Ауыл шаруашылығы министрлігі, етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы, Ет экспорты, ет импорты, Фермерлік шаруашылық

Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниевтің мәлімдеуінше, еліміздегі етті мал шаруашылығын дамытудың 2018-2027 жылдарға арналған бағдарламасы ет өнімдерін экспортқа бағыттау мен импортты алмастыруға басымдық береді. Ұзақмерзімді бағдарлама фермерлік шаруашылық санының 20 мыңнан 100 мыңға дейін өсуін, қазіргі 7 млн ірі-қара басының 15 млн-ға жетуін, сондай-ақ сиыр, қой еті өндірісін 600 мың тоннадан 1,6 млн тоннаға дейін көбейтуді көздейді.

«Фермерлік шаруашылықтар өндіріс моделінің негізі болады. Олар өнім өткізу, тәжірибе алмасу және ветеринарлық қызмет көрсету мәселелері бойынша бірлесіп жұмыс атқарады. Жер бөлу, несие беру ең жақсы фермерлерді іріктеу негізінде жүзеге асырылады. Фермерлік шаруашылық өкілдеріне «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ мен «ҚазАгро» ҰБХ субсидиямен, лизингпен көмектеседі. Биыл фермерлік шаруашылықтарды қаржыландыруға шамамен 50 млрд теңге бөлінеді. Қарыз 15 жылға 4%-бен беріледі», – деді тілшілермен тілдескенде  ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары.

Оның сөзінше, ауыл шаруашылығы саласының инвестициялық тартымдылығын арттыратын бағдарламаға қатысуға Inalca Eurasia (Еуропа), Cedar Group (Австралия) компаниялары, сонымен бірге Rifa Holding және Citic Group қытай корпорациялары  ерекше құлшыныс танытып отыр.  

«Қазақстан ет экспортынан 2,6 млрд доллар табыс табуы мүмкін», – деді журналистерге Арман Евниев.

Вице-министр айтқан сөздің жаны бар. Себебі Қазақстанда ет өте көп. Соңғы 5 айда отандастарымыз 107,7 мың тонна ет және ет өнімін тұтынған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,5%-ға көп көрсеткіш. Мұны шетелдіктер біліп отыр. Себебі олар біздің нарықты әбден зерттеп алған.  Тіпті Қытайдың өзі былтыр қазақ етінің экспортына қатысты еліміздің 9 облысына қойған шектеуін алып тастады. 2013 жылы қойылған шектеу алынып тасталғаннан бері Қазақстан Қытайға сиыр мен қой етін экспорттай бастады. Жоспар бойынша Қытай бізден жылына 60 мың тонна  сиыр, 300 мың тонна қой етін алып отырмақшы. 

Бұдан бөлек Қазақстан Иран, Израиль, Сауд Арабиясы, БАӘ және Кувейт мемлекеттеріне ет тасымалдамақшы. Бұл үшін арнайы жол картасы  әзірленген.

Шетелдіктер де мүмкіндіктерін мүлт жіберіп жатқан жоқ. Мысалы Италияның-Inalca, Ирландияның-Dunbia, Австралияның-Cedar Meats компаниялары біздің елде ет комбинатын салуға ниет білдіріп отыр. Олар ет экспорты арқылы өздерін де, фермерлерді де пайдаға кенелтпекші.

Бұл ретте етті мал шаруашылығымен айналысатын барлық шаруа қожалықтары байып кетпейтінін бірден айтуымыз керек. Себебі 50-ден 200-ге дейінгі аралықта ірі қара өсіріп отырған немесе 600-ден 1200-ге дейін ұсақ мал бағып жүрген фермерлік шаруашылықтар ет экспортымен айналыса алмайды. Малдың саны бұдан әлдеқайда көп болуы керек. Шетелдік компаниялармен ет экспорты бағытында әріптестік орнату үшін ұсақ  фермерлік шаруашылықтар бірігіп, кооперация құруы тиіс.

Ет экспортында тағы бір үлкен мәселе бар: әлемнің бірқатар елдерінде жылқы етін жемейді, басым бөлігі шошқа етін тұтынады. Ал біздің фермерлердің дені діни ұстанымына байланысты шошқа өсіруден ат-тондарын ала қашады.

Ресей халқы жылына 265 мың тонна, қытайлықтар 1 млн 942 мың тонна шошқа етін жейтінін назарға алатын болсақ, біз ет экспортында қыруар қаржыдан қағыламыз.

Қазақстан дәл қазір экспортқа сиыр мен қой етін шығаруға ғана әзір. Сиыр етіне сұраныс жоғары, оны Үндістаннан басқа елдердегі барлық адамдар жейді, ал қой етін тұтыну талғамға байланысты.

Бұлбұл Болат