Еуразиялық одақ "Қорғастың" аяғынан шалды

4098

Биылдан бастап, Қорғастан әкелуге рұқсат етілетін тауар көлемі екі, ал сомасы үш есе қысқарады.

Еуразиялық одақ "Қорғастың" аяғынан шалды

Қазір қазақстандықтар той жасаса, қазақ-қытай шекарасына ағылатын болған. Тек біздің азаматтар ғана емес, демалыс күндері ТМД-ның өзге елдерінен 7-8 мыңдай адам да соны бетке алады. Өйткені онда "Қорғас" халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығы (ХШЫО) орналасқаны мәлім. "Қорғас" ашылғалы бері, қырғыздың қытай тауарларын сататын атақты базарлары да соның көлеңкесінде қалып қойды. Бұл ХШЫО аумағындағы сауда орталықтарында киім-кешек, брендтік сөмкелер, сеңсең ішік-құндыз тон, тұрмыстық техника, жиһаз, құрылыс материалдары, косметика, азық-түлік және басқа да тауарлардың он мыңнан астам түрі сатылады. Білетіндер онда бірер жүз мың теңгеге бір "вагон" қалыңмал жабдықтауға болатынын айтады. 

"Қорғас" орталығы – бұрынғы кеңес одағы көлемінде еш теңдесі жоқ, қазақ пен қытайға ортақ "шаһар" болып табылады. Кезінде Ресей де ҚХР-мен шекарасында дәл осындай шекаралық еркін сауда аймағын ашуға талаптанып көрген. Нақтырақ айтқанда, 2000-ші жылдардың басында солтүстік және шығыс көршілеріміз осы тәрізді үш бірдей жобаны қолға алды, орыс-қытай "ортақ шаһарлары" Благовещенск – Хэйхэ, Забайкал – Маньчжоули қалалары және Пограничный кенті – Суйфэньхэ қаласы аралығында орналасуға тиіс болған. Бірақ оларынан түк шықпады. Тек Суйфэньхэде тұрғызылған Holiday Inn қонақүйі ғана қалқайып тұрып қалыпты.

Мұндай идеяны тек Қазақстан ғана жүзеге асыра алды. "Қорғас" ХШЫО жобасы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2002 жылғы 22-25 желтоқсан аралығындағы Қытай халық республикасына сапары аясында алғаш рет жария етілді және жүзеге асырыла бастады. Қазір бұл орталық ірі сауда хабына, жыл он екі ай жүретін алып жәрмеңкеге айналған. Қазақстандықтар және сауда саласындағы бизнесмендер бұрынғыдай ішкі Қытайға, Шанхайға, не Үрімшіге шабылмай, қытайлық арзан тауарларды осы "Қорғас" еркін сауда аймағынан ала салады. 

Бірақ енді оның жолына штаб-пәтері Мәскеуде орналасқан Еуразиялық одақ кесе-көлденең тұруда. ХШЫО осы ЕАЭО-ның бас органы болып табылатын Еуразиялық экономикалық комиссияның №91 ("Жеке пайдалануға арналған тауарлармен байланысты жекелеген мәселелер туралы") шешіміне сәйкес, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, қазақстандықтар Еуразиялық одақ аймағына, яғни Қазақстанға әкеле алатын жеке пайдалануға арналған тауарлардың рұқсат етілген құны, салмағы және саны бойынша нормалар өзгергенін мәлімдеді. 

Нәтижесінде, енді биылдан бастап, ХШЫО аумағында жеке тұлғаларға жалпы құны 500 еуродан және салмағы 25 келіден аспайтын тауарды ғана жеке пайдалану мақсатында сатып алып, әкетуіне рұқсат етіледі. Салыстыру үшін атсақ, бұған дейін әр адамға кедендік баж салығын төлеусіз, жеке қолдану үшін құны 1500 еуро, ал салмағы 50 келіге дейінгі жүкті бері тасуға рұқсат етілетін.   

"Аталған нормалардан асып түсетін тауарларға қатысты кедендік төлемдердің, салықтардың бірыңғай мөлшерлемесі қолданылады. Атап айтқанда, жалпы құнның 30 пайызы мөлшерінде, бірақ нормадан құны немесе салмағы бойынша асып түскен жүктің әр келісі үшін 4 еуродан кем болмайтын көлемде жиынтықты кедендік төлем алынады" делінген құжатта.

Кейбір сарапшылар және шенеуніктер одақтың бұл ұстанымын қолдайды. Олар осы арқылы "көлеңкелі" экономиканың азаярына сенімді. Әйтпесе, жеке пайдалану үшін деп ішке енгізілген кейбір қытай тауарлары артынша базарлардан, "бәрі 60 теңгеден", "1 мың ұсақ-түйек" деген сияқты дүкендерден бір-ақ табылатыны да құпия емес.

Айта кету керек, "Қорғас" орталығының бұдан басқа да проблемалары жеткілікті. Мәселен, ұзын-сонар кезектер арты дауға, шекарадағы төбелеске айналып кетіп жатады. Еркін сауда аймағында сауда-саттығын жасап шыққан қазақстандықтарды елдің ішіне алып кететін көліктер жетіспей, халық қайда барарын білмей, аңырайды. Ал кешкі 19.00-де "Қорғас" ХШЫО жабылады.

Туристік ағынның күрт артуына байланысты "Алматы-2 – Алтынкөл" пойызы жолға қойылған, ол әр сәрсенбі, жұма, жексенбі күндері таңғы бесте келеді. Алайда бұл бағдар жолаушылардың жету мәселесін біршама жеңілдеткенімен, паспорттық және кедендік бақылау қызметтеріне түсер жүктемені арттырып жіберген. Содан не пойызбен, не автобуспен, не жеке көлігімен келген адамдар таңғы 7-ден ашық тұрған орталық ішіне өте алмай, кептеліс түзеді.

"Қорғас" ХШЫО" АҚ-ның президенті Қаһарман Жазин алапат кезектерді жою үшін тағы бір терминал салу жоспарланып отырғанын айтады.

"Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың өткен жылғы сапары кезінде біз осы мәселені көтердік. Мен адамдар ағыны шырқау шегіне жететін кездер ешқайда кетпейтінін, ұдайы қайталанып отыратынын айттым. Шешу жолдарының бірі – тәулік бойы жұмысқа көшу. Бірақ бұл да мәселені ұзаққа шешпейді. Сондықтан біз қазір екінші кіру терминалын жобалауға кірісудеміз. Ал қазіргі бар ескі екі терминал шығуға жұмыс жасайтын болады. Жаңасын 2020 жылы іске қосуды жоспарлап отырмыз", – дейді Қаһарман Жазин.

Оның айтуынша, адамдардың қақпа алдында жаппай жиналып қалуы проблемасының түйінін тарқату үшін ХШЫО өзінің еншілес ұйымын құрыпты: шоп-турларды енді сол ұйымдастырумен айналысады.

Бұл ретте орталық өзі ынтымақтастыққа отырған туристік агенттіктердің саяхатшыларына "жасыл дәліз" арқылы жедел паспорттық бақылаудан өтуді ұйымдастырған. Жалпы алғанда, 2018 жылы "Қорғас" халықаралық шекаралық ыңтымақтастық орталығында біздің тараптан 1 миллион 200 мың турист болып қайтыпты. Олардың қатары 2017 жылмен салыстырғанда, былтырғы жылы 8%-ға артқан.

Ресми мәлімет бойынша бұған "туристердің қатынауы мен инвесторлардың бизнесін ашық жүргізуі үшін жағдайлар жасау бағытында қабылданған шаралар" ықпал еткен. Сонымен бірге, жүк терминалының аумағы 900-ден 3500 шаршы метрге дейін ұлғайтылды және жаңғыртылды.

"Автопаркке 15 шағынтонналық жүк көліктері жаңадан қосылды. Бұл келушілердің жүктерін "багаж қабылдау орнынан" жүк терминалындағы "беру орнына" дейін жеткізу уақытын қысқартуға мүмкіндік берді. Келушілердің жайлы қозғалысы бойынша бірыңғай оператор жұмыс істеуде. Қазіргі таңда "Қорғас" ХШЫО-да қазақстандық және шетелдік қатысушыларды әлеуметтік салықтан басқа барлық негізгі салықтар төлеуден босату мәселесі шешілуде. Қазақстан мен ҚХР-дың сауда, экономикалық, туристік және инвестициялық ыңтымақтастық бойынша айрықша жобасы – "Қорғас" ХШЫО-ға арнайы экономикалық аймақ мәртебесінің берілуі қазақстандық бөліктегі аумаққа инвестиция тарту және кәсіпкерлік қызметті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасайды", – деп түсініктеме берді орталыққа жауапты "ҚТЖ" ұлттық компаниясы.

Оның мәліметінше, 2018 жылдың қорытындысында қазақстандық бөлікке 12 инвестициялық компанияның жобасы тартылған. Олар 32,7 гектар аумақта құрылыс жүргізеді, ал бой көтеретін ғимараттары 193 000 шаршы метр ауданды алып жатады. Бұл қажет-ақ. Себебі, біраз жыл бұрынғы сапар аясында қытай тарапының өзіне тиесілі бөлікті гүлдендіріп, сауда көрігін қыздырып жатқанын, ал қазақстандық бөлікте қаңбақ қана қаңғып жүргенін көріп, түңілген депутаттар "Қорғас – елес қала" деп бағалағаны есте.

Өркендетсе, мұнда үлкен кент тұрғызуға болады. "Қорғас" ХШЫО-да инфрақұрылымдық нысандарды қоспағанда, жер учаскелерінің аумағы 113,5 гектарды құрайды.

Жыл сайын Қытай тарапынан "Қорғасқа" бес миллиондай адам кіретін көрінеді. Синьхуа агенттігінің хабарлауынша, 2018 жыл қорытындысында "Қорғаста" болған адамдардың саны алты миллионға жетіп қалған (5,92 млн адам). Бұл былтырғыдан 6,7%-ға көп.

Шың елінің тұрғындары қазақстандық кәсіпкерлерден негізінен экологиялық таза азық-түлік өнімдерін – ұннан пісірілген тағам түрлерін, ет және кондитерлік өнімдерді сатып алады. Қазақстандық омарташылардың балы, қазақ жерінен өндірілген минералды су да шығыс көршілеріміз арасында кең сұранысқа ие көрінеді. Кәдесый бұйымдары да жақсы өтеді екен.

Сарапшылар қазақстандық бөлікте орталықтың отандық бизнесті дамыту әлеуеті толық пайдаланылмай отырғанына назар аудартады. 

Қалай болғанда, келушілердің орталық жабылғанша кетіп үлгеру үшін автобустардағы орындарға таласуы, бақылау-өткізу бекеттеріндегі шаршатып, жүйкені жұқартар ұзынсонар кезектер, шекарашылар мен кеденшілердің лайықсыз мінез-құлықтары және басқа да наразылық туғызатын мәселелер шешілмей, "Қорғас" орталығы ел аузында көбіне теріс жаңалықтарымен жүре бермек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу