Еуро-2020 іріктеу додасындағы Қазақ елі құрамасының қарсыластары

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
4077

Дублинде 2020 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу додасының жеребесі тартылды.

Еуро-2020 іріктеу додасындағы Қазақ елі құрамасының қарсыластары

UEFA құрамына кіретін һәм ХVІ Еуропа чемпионатының іріктеу додасына қатысатын 55 елдің ұлттық құрамасы арасында жеребе тартылды. Әуелі осы ұлттық құрамалардың деңгейлеріне қарай бәрі жеті қоржынға бөлінді. Бұл ретте, жақында ғана аяқталған Ұлттар лигасы додасының қорытындысы ескерілді. Мәселен, Ұлттар лигасының жоғарғы төрт тобында 1-орынға ие болған Англия, Португалия, Нидерланд және Швейцария құрамалары бірінші қоржынның көшін бастады.

Әрі қарай барлық құрамалар UEFA рейтингі бойынша жіктелді. Қазақ елі құрамасы бесінші қоржында болды. Бұл қоржынға бізбен бірге Македония, Косово, Беларусь, Люксембург, Армения, Әзербайжан, Молдова, Гибралтар және Фарер аралдары елдерінің ұлттық құрамалары түсті. Ал бұдан төмен, яғни алтыншы қоржындағы бестік Латвия, Лихтенштейн, Андорра, Мальта және Сан-Марино футболшыларынан құралды. 

Жеребе барысында бір-бірінен тым алшақ орналасқан үш елдің бір топқа түсуіне жол берілген жоқ. Сонымен қатар, қысы суық және ұзаққа созылатын елдердің де бір топқа шоғырланып қалмаулары қарастырылды. Тіпті қазіргі таңдағы саяси жағдайлар да ескеріліп, қырғиқабақ елдердің ұлттық құрамаларын да бір топқа түсірмеу алдын-ала ойластырылды. Қысқасы, бәріне де егжей-тегжей көңіл бөлінді.

Қазақ елі құрамасы "I" тобына түсті. Бұл топты 2018 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері және дәл қазір FIFA-ның ұлттық құрамалар арасындағы рейтингінде көш бастап тұрған Бельгия құрамасы бастап тұр. Сонымен қатар, Ресей, Шотландия, Кипр және Сан-Марино футболшыларымен бір топта додаға түсетін болдық.

Жалпы, UEFA құрамына кіретін 55 елдің ұлттық құрамалары 10 топқа бөлінді. Оның тең жартысында бес құрама, ал қалған бесеуінде алты команда бар. Әр топтан екі құрамадан шығып, 2020 жылғы Еуропа чемпионатының финалдық кезеңінде бақ сынау құқығына ие болады. Қалған төрт жолдама Ұлттар лигасының қорытындысы негізінде сарапқа алынады.

ХVІ Еуропа чемпионатының іріктеу додасы 2019 жылдың 21 наурызында басталады. Ал соңғы, яғни 10-туры 19 қараша күні өтеді. Яғни біздің топтағы құрама командалар сегіз айдың ішінде 10 ойыннан өткізіп шығады. Әр командамен үйде және түзде кездесіп шығады. Ойындар күнтізбесі таяу арада бекітілуі керек.

Енді жеребе қорытындысымен, яғни 10 топтың құрамымен таныс болыңыздар:

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу