banner

Еуролигалардағы қазақ клубтары – ұрда-жық

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2545

Ньон қаласындағы UEFA штаб-пәтерінде Еурокубок додаларының алғашқы екі кезеңіндегі жеребелері тартылды.

Еуролигалардағы қазақ клубтары – ұрда-жық

2018/2019 жылдар маусымында Қазақ елінен Еурокубок додаларына төрт команда қатысады. "Астана" ел чемпионы ретінде Чемпиондар лигасында бақ сынаса, "Қайрат" (Алматы), "Ертіс" (Павлодар) және "Тобыл" (Қостанай) клубтары Еуропа лигасында додаға түседі. Осы аптада аталған екі лиганың бірінші және екінші іріктеу кезеңдеріндегі жеребелері тартылды.

Чемпиондар лигасының бірінші сатысындағы жеребе тарту рәсімінде "Астана" азулы клубтардың үшінші тобына түсті. Әрі Црна Гора елінің үш дүркін чемпионы "Сутьеска" (Никишич қаласы) клубымен кездесетін болды. Бірінші ойын 10 немесе 11 шілде күні Астанада, ал қарымта матч 17/18 шілдеде "Қаратау" елінде өтеді.

Егер "Астана" екі ойынның қорытындысы бойынша осы командадан басым түсіп (оған сенімдіміз десек те болады), алғашқы електен өтсе, онда екінші кезеңде Данияның чемпионы "Митьюлланд" клубымен кездесетін болды. Бұл кезеңде бірінші ойын 24/25 шілде күні Астанада, қарымта матч 31 шілдеде немесе 1 тамызда Хернинг қаласында өтуі керек.

Еуропа лигасындағы үш клубымыздың да алғашқы қарсыластары соншалықты азулы командалар емес. Мәселен, "Қайрат" биылғы Еурододаны "Энгордани" (Андорра) және "Фольгоре" (Сан-Марино) жұбының жеңімпазымен бастайтын болды. Бұл командалар бірінші кезеңге дейінгі електік сатыда кездеседі. "Ертіс" болса, "Сефн Друидс" (Уэльс) және "Тракай" (Литва) жұбында жеңіске жеткен ұжыммен кездеседі. Ал "Тобылға" Грузияның "Самтредия" клубы түсті.

Еуропа лигасының алғашқы кезеңіндегі матчтар 12 және 19 шілде күндеріне белгіленген. Жеребе бойынша Қазақстан клубтарының үшеуі де бірінші ойындарын сырт алаңда өткізеді. Бұл өте ыңғайлы, әрине. Өкінішке қарай, екінші кезеңдегі қарсыластары тым осал емес. Тәжірибелі ұжымдар болып шықты.

Егер "Қайрат" бірінші кезеңнен өтсе (бұған тіпті шүбә келтірмейміз), онда екінші іріктеу сатысында Нидерландтың "АЗ Алкмаар" клубымен кездеседі. Ал "Ертіс" алғашқы електен сүрінбесе, онда "Рудар" (Црна Гора) және "Партизан" (Сербия) жұбында жеңіске жеткен командамен додаға түседі (серб клубы шығуы тиіс). Бұл екеуіне қарағанда, "Тобылдың" жеребесі жеңіл түскендей. Қостанайлықтар екінші кезеңге өтсе, "Пюник" (Армения) және "Вардар" (Македония) клубтары арасында бағы жанғанымен жолығады.

Еуропа лигасының екінші кезеңіндегі матчтар 26 шілде мен 2 тамызға жоспарланған. Егер алғашқы електен өтсе, "Қайрат" бірінші ойынды өз алаңында, ал қарымта матчты Нидерланд да өткізуі керек. "Тобыл" да әуелі өз жанкүйерлерінің қолдауына сүйеніп, содан кейін сырт алаңда ойнауға тиіс. "Ертіс" қана бұл кезеңдегі ойынын түзде бастайтын болады.

Төрт клубымызға да сәттілік тілейміз. Тек жеңіске жетулеріне тілектеспіз. Әрі бірінші кезеңнен төртеуі де өтеді деп үміттенеміз. Екінші електік сатыда да намысты қолдан бермей, сенімді ақтауға тырысатындарына күмән келтірмейміз. Бақтары мен баптары қатар шапса, Еуролигаларда өрнекті ойын үлгісін көрсетіп, Батыстағы біраз клубты сескендіріп қоюлары керек.

Жалпы, Еуропадағы футбол клубтарының көбісі Қазақстан командаларынан қазір де қаймығады. Жеребе тарту рәсімінде "қазақтың сайын даласына сапар шегуден сақтай гөр" деп, Тәңірлеріне жалбарынады. Себебі олар үшін жол – ұзақ, қазақ жері жазда – ыстық, күзде қара – суық, ал клубтарымыз – ұрда-жық... 

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу