Еуропа лигасы – «Астана» Киевте «Динамомен» тең түсті

Қазақстан чемпионы Еуропа лигасының топтық кезеңіндегі бірінші ойынын түзде өткізіп, Киевтің «Динамосымен» тең түсті.

21 Қыркүйек 2018 09:49 Автор: Маруан Түсіп
Еуропа лигасы – «Астана» Киевте «Динамомен» тең түсті,  Еуропа лигасы, футбол, «Астана», «Динамо»

Футболдан Еурокубок додаларының топтық кезеңдері басталды. Биыл да Еуропа лигасында бақ сынау құқығына қол жеткізген «Астана» бірінші ойынын Киевте өткізді. Әрі шежіресі мол «Динамомен» тең түсіп, түзден бір ұпай олжалап қайтты.

Ойынның басы өте шиеленісті болды. Ұсақ-түйек қателіктер аз болған жоқ. Алаң иелері шабуылды үдете түскендерімен, қонақтар да қарап қалмады. Әйтсе де, есепті 11-минутта Украина клубы ашты. Виктор Цыганков айып алаңының сыртынан шірене теуіп, қорғаушыларымыз бен қақпашымызды қапы қалдырды. Гол...

Көп ұзамай «Астана» таразы басын теңестірді. Доп ойынға бұрыштан қосылып, «Динамоның» қақпашысы Денис Бойко оны тойтарған. Алайда теңбіл допты Джуниор Кабананга іліп әкетіп, бірер толғап қайтадан қақпа алдына асырды. Марин Аничич басымен серпіле ұрып, қақпаны дәл көздеді. Гол!

Бұдан кейін «Астана» футболшыларының гол соғатын бірнеше мүмкіндіктері болды. Әсіресе, Марин Томасов бірнеше рет оңтайлы сәтте мүлт кетіп, аһ ұрғызды. Тіпті қақпашыны алдап өтіп, допты қақпаға бағыттауға үлгермей, жаза басты. Ал Ласло Кляйнхайсердің пәрменді соққысын қақпашы тойтарды. 

Өкінішке қарай, бірінші таймның негізгі уақытына қосылған минуттар аяқталуға айналғанда тасқамал қақпашымыз Ненад Эрич өрескел қателік жіберді. Беньямин Вербичтің алыстан тепкен допты қағып ала алмай, қолынан шығарып алды. Жанында тұрған Денис Гармаш мұндай «тосын сыйды» мүлт жіберген жоқ. Гол...

Екінші таймның басында «Астана» бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Томасов тағы да көзге түсіп, қақпаны нысанаға алды. Бірақ бәрі де қиыс кетті. Ал ойынның екінші жартысының ортасына қарай ала иелері қарқындарын үдетті. Әрі бірнеше тамаша мүмкіндікті мүлт жіберді...

«Астананың» бағына қарай, «Динамоның» ойыншылары ұрымтал сәттерде асығыстық танытып, жаза басты. Ал ойының соңғы минуттарында тек жеңісті есепті ұстап қалуды ғана ойлады. Екі команда да ойыншыларын алмастырып, тың күш қосуға кірісті. Алаңға шыққан біздің жігіттер аянған жоқ...

Серікжан Мұжықов допты ойынға бұрыштан қосқан. Әуелеп ұшқан допты «Динамоның» қорғаушысы мен қақпашысы әрі асырып, тойтарған болды. Бірақ Педро Энрике допқа жетіп алып, алаң жиегінде ту сыртындағы ойыншыны алдап өтіп, қақпа алдына қайта асырды. Роман Муртазаев серпіле секіріп, допты қақпаға дәл түсірді. Гол!

Бұл ойынның 95-минуты болатын. Ойынның негізгі уақытына қосылған қосымша минуттарда «Астана» есепті теңестіріп, бір ұпай олжалады. Футболды төреші ысқырығы безілдегенше ойнау керек екендігін паш етті. Ал «Динамоның» қорғаушылары мен қақпашысы екінші рет әуелеп келген допты тойтара алмай, дәрменсіздік танытты.

Қызық болғанда, Еуропа лигасының «K» тобындағы екінші ойында да матч тағдыры ойынның негізгі уақытына қосылған қосымша минутта шешілді. «Ренн» (Франция) және «Яблонец» (Чехия) арасындағы матч 2:1 есебімен аяқталып, француздар жеңіске 91-минутта қол жеткізді. Әрі бұл голды пенальтиден соқты. «Астана» келесі ойынын 4 қазан күні өткізіп, дәл осы Франция клубын қабылдайды.   

«Динамо» (Киев, Украина) – «Астана» (Қазақстан) – 2:2

Голдар: Цыганков, 11 (1:0). Аничич, 21 (1:1). Гармаш, 45+1 (2:1). Муртазаев, 90+5 (2:2).
Ескертулер: Бурда, 42. Русин, 81.
«Динамо» (Киев): Бойко, Пиварич, Бурда, Кадар, Кендзера, Буяльский (Шепелев, 90+3), Сидорчук, Вербич, Цыганков (Морозюк, 90), Гармаш (Дуэлунн 79), Русин.
«Астана»: Эрич, Шомко, Аничич, Постников, Рукавина, Кляйнхайслер, Маевский, Энрике, Томасов (Муртазаев, 88), Алмейда (Мұжықов, 80), Кабананга (Янга, 82),
Төрешілер: Озкахья, Сесигюзел, Емишкен (бәрі де – Түркия).
Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 11 – 11

Тура соққы: 7 – 4

Қиыс кеткені: 3 – 4

Тойтарылғаны: 1 – 3

Бұрыштама соққылар: 3 – 5

Офсайдтар: 0 – 8

Доп иелену: 51% – 49%

Пастар: 456 – 411

Дәл пастар: 372 – 347

Пастар дәлдігі: 82% – 84%

Қорғаныста доп тартып алу: 32 – 41

Ескерту (сары қағаз): 2 – 0

Ереже бұзу: 10 – 14

Маруан Түсіп