Галышева жаңа маусымды күміс жүлдемен бастады

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2653

2018 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері биылғы маусымды сәтті бастады.

Галышева жаңа маусымды күміс жүлдемен бастады

 Фристайл спортының могул жаттығуынан әлем кубогының 2018/2019 жылдар маусымы Финляндияның "пердесін" түрді. Рука шипажайында өткен бірінші кезеңдік сынға біздің елден бес спортшы қатысты. Олардың ішінде Юлия Галышеваның ғана бағы жанып, екінші орынға ие болды.

Осыдан бірер күн бұрын ғана ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті "Қысқы спорт түрлерінен 2018 жылғы ең үздік спортшымыз" деп жариялаған жанкешті қызымыз өзінің шынымен де теңдессіз екендігін іс жүзінде дәлелдеп шықты. Ол әлем кубогының бірінші кезеңінде 81,48 ұпаймен күміс медальға қол жеткізді.

Рука шипажайында бірінші орынды 2018 жылғы қысқы Олимпиада чемпионы, Франция қызы Перрин Лаффон жеңіп алды. Оның көрсеткіші – 82,26 ұпай. Қола жүлде АҚШ аруы Тесс Джонсонға бұйырды (75,85 ұпай). Біздің Аяулым Әміренова 17,52 ұпаймен 31-орынды қанағат тұтты. Жалпы, "Battery Run" сайыс жолында 34 спортшы-қыз бақ сынаған болатын.

Ерлер арасындағы 18 елден 58 фристайлшы қатысқан могулшылар сайысында Қазақстан құрамасының жігіттері үштікке іліге алмады. Жүлделі орындарды Майкл Кингсбюри (Канада; 88,14 ұпай), Бенджамин Кавье (Франция; 86,45 ұпай) және Уолтер Уоллберг (Швеция; 82,38 ұпай) сынды спортшылар иеленді.

Ал біздің елдің намысын қорғаған спортшыларымыздың ішінде ең жоғары нәтиже көрсеткен Дмитрий Рейхерд болды. Ол 76,76 ұпаймен 5-орынға орналасты. Павел Колмаков 75,49 ұпаймен 20-орынды қанағат тұтса, Александр Геберт 45.36 ұпаймен 50-орынға табан тіреді. Енді фристайлшы қыз-жігіттер Қытайға барып, паралель могул жаттығуында сынға түседі.

Жалпы биылғы маусымда олар әлем кубогы аясында дүниежүзінің әлі сегіз шипажайына барып, өз шеберліктерін паш етеді. Осы ретте айрықша атап өтерлігі, могулшылар биыл алғаш рет Шымбұлақта өнер көрсетеді. Халықаралық шаңғы спорты түрлері федерациясының (FIS) күнтізбесі бойынша әлемнің ең үздік могулшылары Алатау бөктеріне наурыздың басында келулері керек.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу