Газ бағасының күрт қымбаттауы өндірушілерге қиын болғалы тұр

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
4328

"ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ 1 тамыздан бастап газ бағасын көтеруді сұрауда.

Газ бағасының күрт қымбаттауы өндірушілерге қиын болғалы тұр

2017 жылдың 30 маусымында "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ Қостанай, Жамбыл, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстарында және Алматы қаласында 2017 жылдың 1 тамызынан бастап тауарлық газдың бөлшек саудадағы бағасын қымбаттату туралы ҚР ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне жүгінді.

Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің (КК) 124-5 бабы 3 тармақшасына сәйкес, бағаларды мемлекеттік реттеу тауарлық газды бөлшек саудада өткізу саласында қоғамдық маңызы бар нарықтар субъектілерінің тауарларына (жұмыстарына, көрсетілетін қызметтеріне) қолданылады.

КК-нің 124-8 бабы 2 тармақшасында субъект уәкілетті органды алдағы уақытта тауарға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) қойылған бағаның шекті бағадан өсетіндігін және өсу себептерін растайтын негіздемелік материалдарды табыс ете отырып, олардың өсу себептері туралы кемінде 30 күнтізбелік күн бұрын хабардар етуге міндетті.

Бағаны өсірудің негізгі себебі ретінде энергетика министрінің 2017 жылдың 5 мамырындағы №164 бұйрығымен бекітілген ішкі нарықта тауарлық газдың көтерме саудасындағы шекті бағаларының көтерілуі, тауарлық газды сатуға байланысты компания шығындарының көбеюі (шикізат, материал, энергия бағасының қымбаттауы және қосалқы ұйымдар көрсететін қызметтер құнының артуы) айтылды.

Осыған орай тиісті өңірлерде қоғамдық талқылаулар өткізілді. Мысалға, Қостанай облысында "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ тарифті жеке тұлғалар үшін – 7%-ға, заңды тұлғалар үшін – 12%-ға, ал жылу энергиясын өндіретін заңды тұлғалар үшін 26%-ға көтеруді ұсынды.

Сонымен қатар тау-кен өндіруші және тау-кен металлургиялық кәсіпорындардың қауымдастығы (ТӨТМКҚ) abctv.kz-ке мәлім еткендей, "ҚазТрансГаз Аймақ" бағаны газдың көтерме саудада арттырылған бағасынан да жоғары көтергісі келеді.

"ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ газ бағасын бизнес үшін Алматыда – 43%-ға, Алматы облысында – 59%-ға, Ақтөбе облысында – 33%-ға , Атырау облысында – 55%-ға, Жамбыл облысында – 30%-ға, Батыс Қазақстан облысында – 10%-ға, Қызылорда облысында – 24%-ға, Қостанай облысында –26%-ға, Оңтүстік Қазақстан облысында – 28%-ға, ал Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облысында еселеп көтеруді жоспарлап отырғаны анықталды", – деп баса айтылды ТӨТМКҚ-да.

Газдың бөлшек саудада өткізу бағасын шартты түрде алғанда үш құраушы бар. Оның біріншісі – газдың көтерме бағасы, оған газдың бағасынан бөлек газды магистральді құбырлардан тасымалдау бағасы да кіреді. Заңнамаға сәйкес, газдың көтерме бағасын жылына бір рет 1 шілдеден бастап және 15%-дан артық емес деңгейде көтеруге рұқсат берілген.

Екіншісі – "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ-ның газ тарататын құбырлары арқылы тасымалдау тарифі. Өңірлердің көпшілігінде аталған қызмет түріне бесжылдық тарифтер бекітілген, ол, әдетте, жыл басында өзгертіледі.

Үшінші бөлік – "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ-ның "жабдықтау үстемеақысы". Осылайша, газды бөлшек саудада өткізу бағасы жылына екі рет: жыл басында газды тасымалдау тарифтері өскен кезде және екінші жартыжылдықта газды көтерме саудада өткізу бағасы жоғарылағанда көтерілуі мүмкін.

"ТМРБ және ТҚҚК өз хатында хабарлағандай "Бағаны көтерудің негізі себептері – энергетика министрінің 2017 жылдың 5 мамырындағы №164 бұйрығымен бекітілген ішкі нарықта тауарлық газдың көтерме саудадағы шекті бағасының көтерілуі, тауарлық газды өткізуге байланысты компания шығындарының көбеюі (шикізат, материал, энергия бағасының қымбаттауы және қосалқы ұйымдар көрсететін қызметтер құнының артуы)". Шынымен, энергетика министрінің 2017 жылдың 5 мамырындағы №164 бұйрығында 2017 жылдың 1 шілдесінен 2018 жылдың 1 шілдесіне дейінгі аралықта газды көтерме саудада өткізу бағасы өңірлер бойынша ең жоғары дегенде 12%-ға көтеріліп, жаңа бағасы бекітілді.

Айта кету керек, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында газды көтерме саудада өткізу бағасы мүлде өзгеріссіз қалды. Компанияның газды бөлшек саудада өткізу бағасын көтеру туралы ұсынысы газды көтерме саудада өткізу бағасына сәйкес келмейтіні айдан анық", – деп баса айтты қауымдастықтағылар.

Мысал ретінде Қостанай облысы алынды, онда көтерме баға 4,9%-ға өсті, ал газ тасымалдаушы компания заңды тұлғаларға арналған газды бөлшек саудада өткізу бағасын 26%-ға өсіргісі келеді.

"Ақшалай алғанда былайша көрінеді: 1 шілдеден бастап Қостанай облысында 1000 текше метр газдың көтерме бағасы 17100 теңгеден 17938 теңгеге көтерілді, яғни өсім 838 теңгені құрады. Ал заңды тұлғаларға арналған газды бөлшек саудада өткізу бағасы қазір 1000 текше метрге 20091 теңгені құраса, компаниядағылар оны 25315 теңгеге көтермекші болып отыр, яғни өсім – 5224 теңге! Демек, газдың бөлшек саудада өткізу бағасын көтерудің негізі себебі көтерме бағаның жоғарылауы емес, ТМРБ және ТҚҚК хатында айталғандай, "тауарлық газды өткізуге байланысты компания шығындарының артуы". Қарапайым тілмен айтсақ, жабдықтау үстемеақысының көтерілуі. Тілге тиек етсек, Ақтөбе облысында өткен қоғамдық талқылауда газ жеткізуші компания өзі ұсынған тарифті қорғау үшін жабдықтау үстемеақысын бес-алты есеге арттырмақшы екенін жасырмады", – дейді ТӨТМКҚ мүшелері.

Газ бағасы әр қазақстандықтың өміріне тікелей әсер етіп қана қоймай, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігіне, сондай-ақ жылу және электр энергиясы тарифтерінің өсуіне де айтарлықтай ықпал етеді. ТӨТМКҚ газ жеткізуші компания ұсынған шығындардың шындыққа жанасатынын тексеру үшін сараптама өткізіп, екі тараптың  мүддесінен шығатын бағаны белгілеу үшін республика деңгейінде тұтынушылар мен "Атамекен" кәсіпкерлер ұлттық палатасының қатысуымен отырыс ұйымдастыруды ұсынып ТМРБжәне ТҚҚК-ге жүгінді.

"Соңғы үш жылдағы бағаның өсіміне көз жүгіртсек, бұл кезеңнің өзінде заңды тұлғаларға қойылған газ бағасы еліміз бойынша 2,5 есеге өскенін байқауға болады, бұл елдегі инфляция жылдамдығынан да асып түсті. Әрине, мұндай жағдай тұтынушылардың көңілін көншітпейді. Біз газ жеткізуші компания ұсынған шығындардың шындыққа жанасатынын тексеру үшін сараптама өткізіп, екі тараптың  мүддесінен шығатын газды бөлшек саудада өткізудің бағасын белгілеу үшін республика деңгейінде тұтынушылар мен "Атамекен" кәсіпкерлер ұлттық палатасының қатысуымен отырыс ұйымдастыруды ұсынып ТМРБжәне ТҚҚК-ге жүгіндік", – деп хабарлады қауымдастықтағылар.

Әйгерім Сүлейменова, Жанболат Мамышев​

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу