Германия, Бразилия, Аргентина және сұлу қыздар...

14 маусымда футболдан ХХІ әлем чемпионаты басталады. Бір ай бойы төрткіл дүниенінің назары көрші елде өтетін доп додасына ауады.

13 Маусым 2018 18:29 Автор: Маруан Түсіп
Германия, Бразилия, Аргентина және сұлу қыздар..., футбол, әлем чемпионаты, Лионель Месси, неміс мәшинесі, Криштиану Роналду

Бүгінде футбол десе, жарғақ құлағы жастыққа тимейтін жанкүйер қауымның есіл-дерті ертең кешке басталатын әлем чемпионатына ауған. Бәрінің де санасы мен ойын «осы жолы қай құрама чемпион болады екен» деген сауал тұмшалап алған. Дәл қазір бір-біріне өз болжамдарын айтушылар көп. Бәстесетіндер де бар. Аяқдоптың сүйек майын шаққан кәсіби мамандар бір команданы ғана атамай, өздері «чемпион болады-ау» деп топшылайтын, әлеуеті зор, азулы құрамалардың бірнешеуін жіпке тізіп өтеді. Ал қайсыбір құраманың фанаты немесе жанашыр жанкүйері сол команданы ғана кесіп айтып жүр...

Иә, сонымен қай құрама топ жарып, чемпион болар екен? Бір қызығы, әлем чемпионаттарының тарихына үңілсек, Батыста өткен бүкіләлемдік біріншіліктерде Еуропадағы құрамалардың бірі, ал басқа құрлықта жалауы желбіреген мундиальдарда Оңтүстік Америка командаларының қайсыбіреуі топ жарып жүретін. Алайда, бұл үрдіс («дәстүр») үш мәрте бұзылды...

Естеріңізде ме, осыдан төрт жыл бұрын Бразилияда өткен әлем чемпионатында Германия құрамасы Месси және Неймар бастаған оңтүстікамерикалықтарды тақырға отырғызып кеткен болатын. Ал 2010 жылы «Қарақұрлықта» (ОАР) ұйымдастырылған мундиальда Испания теңдессіз шыққан-ды. Содан соң... сонау 1958 жылы Швецияда төрткіл дүниені қызыққа бөлеген доп додасында Пеле бастаған Бразилия майталмандары топ жарған... 2018 жылы, яғни осы жолы 58-інші жылғы жағдай қайталанып, саф алтынды оңтүстікамерикалық құраманың бірі өңгеріп кетсе, таң қалмаймыз...

Енді «қай құраманың мүмкіншілігі мен әлеуеті жоғары» деген сауалға оралар болсақ, бірінші кезекте Германия және Бразилия құрамалары көлденең тартылып жүр. Одан кейін Франция, Испания және Аргентина құрамалары аталады. Англияға да сенетіндер бар. Бельгияны да тілге тиек ететіндер жоқ емес. Криштиану Роналду Португалия құрамасын өрге сүйреді деп үміттенетіндер де баршылық. Сонымен...

Германия құрамасы – осындай дүбірлі додаларда алысқа шабатын, 2002 жылдан бері әлем чемпионатынан жүлдесіз қайтпаған азулы ұжым. Шежіресі мол, тәжірибесі жеткілікті. Бірлік те бар, тірлік те бар, темірдей тәртіпке ноқталанған команда. «Неміс мәшинесі» атанған, айылын жимайтын, сүрінуі екіталай, айбынды құрама. Месси, Криштиану Роналду және Неймар секілді жарқыраған жарық жұлдызы жоқ демесеңіз, төрт шебі тең түскен, екпінін бұзбай финалға жете алатын, қарқыны өте жоғары команда. Бәлкім, «бесаспап шабуылшысы жоқ» деген уәж айтарсыз? Алайда Йоахим Лёвтің командасында қорғаушыларына дейін гол соғу білетіндігін ұмытпайық...     

Бразилия – теңбіл допты ұршықша үйірген, жасыл алаңда судай сырғып, құмдай сусыған қас шеберлер құрамасы. Бұл командаға бәрінен де қиыны, әлемде бірде-бір құрама оларды өздерінен төмен санап шықпайды. Яғни бұларды бағаламаушылық деген... мүлде болмайды. Бәрі де қауіптеніп, бұларға қарсы жан-жақты дайындалып шығады. Шабуылы – жойқын. Бірақ қорғанысында жік бар сияқты. Қорғаушыларының өздері алға қарай ентелеп, гол соғуды көксеп тұрады. «Қорғаныстың ең жақсысы – шабуыл» деген қағиданы біз де білеміз. Бірақ «Неміс мәшинесі» сияқты төрт құбыласы тең командамен кездескенде, «темірдей тәртіптің қас шеберліктен де асып түсетіндігін» көріп жүрміз.

Аргентина – Лионель Месси және оның командасы. Яғни бәрі де Мессидің спорттық бабына байланысты болады. Аргентинаның бағына біткен жарық жұлдызы финалға дейін тізгін тартпай, құйындай орап соға ала ма? Көп мәселе осыған байланысты секілді. Әрі бұл құраманың орта жасы – 28,4 (32 құраманың ішіндегі алтыншы «егде» команда). Жалпы, бұл команданың басты қарсыласы – тек өздері. Өздерін іштей жеңе алса, қызбалықтарын қойса, ешқайсысы ештеңе де бүлдірмей (басқаша айтқанда, шекпей), бас бапкеріне дейін қыз-қырқынға көз салмаса..., онда мақсаттарына жете алады (жақында бас бапкері Хорхе Сампаоли өз құрамасындағы аспазшы қызға қырындап, басы бәлеге қалған...). Алайда Ресейде сұлу қыздар мен сылаң қаққан бикештер көп...

Франция – «түгін» тартсаң, тұтасып тұрған, жүлде әперер әлеуеті мол  құрама. Дидье Дешамның жас қырандары жетіле түскендей. Шеберліктері шыңдалып келеді. Осыдан екі жыл бұрын, 2016 жылғы Еуропа чемпионатының жартылай финалында, азуын айға білеген Германия құрамасының өзін сүріндірген. Халықаралық тәжірибелері жоқ емес. Ендігі керегі командалық рух пен жеңіске деген жігерлік сияқты. Гризманн, Погба, Варан, Юмтити, Мбаппе және тағы да басқа саңлақтары жер тарпып тұр. «Айхай 25» деп, кемеліне келген таланттары жетерлік. Осы командамен жүлдеге іліге алмаса, онда бұл бас бапкеріне де сын деп ойлаймыз...

Испания – чемпионатының деңгейі өте жоғары, сыры кетсе де, сыны кетпейтін ұжым. Махамбет Өтемісұлы «Исатайдың барында, екі тарлан бөрі едім» деп жырлағандай, Луис Арагонес пен Висенте Дель Боскенің тұсында (2008-2012 жылдары) қарсылас шақ келтірмеген құрама еді. Бірақ сол кездегі «алтын буын» таланттары мосқал қарта бастады. Иньеста, Рамос, Сильва, Пике сынды сайыпқырандарының іздерін басатын жұлдыздары аз. Иско, Коке... тағы кім?! Әйтсе де, «кежегесі кейін тартып барады» деп айта алмаймыз. Футболшыларының мол тәжірибелеріне иек артып, көсіле сілтеулері де мүмкін...

Біздің ойымызша, чемпиондық атақтан дәмелі, негізгі үміткерлер – осы құрамалар. Басқа да бір құрама топ жарып жатса, оған таң қалмаймыз. Адуынды Англияның бір екпін алса, қарсыластарын қамыстай жайпап кете алатындығын анық білеміз. Теңбіл допты ұршықша үйірген «Қарақұрлықтың» қара сирақтары да небір азулы командаларды қатардан шығарар деген үміттеміз.

Мохаммед Салахқа сенім артқан Египет, Эдин Азар бастаған Бельгия, Луис Суарес пен Эдинсон Кавани алға жетелеген Уругвай құрамалары көрермендер көзайымына айналады деген ойдамыз. Португалия Криштиану Роналдумен, Хорватия Лука Модричпен алысқа шабуы керек. Кеуделерін намыс оты шоқтай қарыған Мексиканың қайсар жігіттері де жеңісті қолдан бермесі анық.

Қысқасы, алда – қызықты доп додасы. Бір ай бойы теңбіл доптың қызығы мен шыжығына күйіп-пісіп, шыж-быж боламыз. Ендеше, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандар чемпион болсын! Бағы да, бабы да қатар шапқан құрама жеңімпаз атансын!

Маруан Түсіп