Головкин – Канело: жерлесіміз бірінші рет ұтылды

Геннадий Головкин кәсіпқой бокс рингінде бірінші рет жеңіліске ұшырап, Сауль Алварестен ұтылып қалды.

16 Қыркүйек 2018 12:08 Автор: Маруан Түсіп
Головкин – Канело: жерлесіміз бірінші рет ұтылды, Геннадий Головкин, Сауль Альварес, алғашқы жеңіліс, бокс

Лас-Вегаста (АҚШ, Невада штаты) өткен жекпе-жекті бүкіл бокс әлемі сарыла күткен еді. Шаршы алаңға Қазақ елінің қайсар қыраны Геннадий Головкин (38-0-1, 34 KO) және Мексика майталманы Сауль Альварес «Канело» (49-1-2, 34 KO) шығып, екінші рет шайқасты. Екеуі бірінші рет осыдан тура бір жыл бұрын кездесіп, тең түскен-ді.

Бұл кездесуге екеуі де егжей-тегжей дайындалды. Бірақ екінші жекпе-жектің «боладысын» қыздыру мақсатында айтысып та кетті. Негізінен, екеуінің командасы, яғни промоутерлері мен бапкерлері бір-бірінің намысына тиетін де сөздер айтты. Соңғы салмақ өлшеу рәсімінде Канело Головкинге ұмтылып, отқа май құя түсті...

Сонымен не керек, екінші жекпе-жекке екеуі де тістеніп шыққандай болды. Бұл жолы Канело тек қорғанысты ойлаған жоқ. Генаның ауыр соққыларынан сескенбейтіндігін сездірді. Керісінше, өзі бар салмағымен ұруға тырысып, алға ентелеумен болды. Геннадий де қайтпайтын, қайсар жігіт екенін білеміз. Сөйтіп екеуі 12 раунд бойы табан тіресе шайқасты.

Бастапқы үш раундта Канелоның жоспары жүзеге асып жатқандай болды. Бірақ төртінші раундта Геннадий қарқыны үдетті. Соққысы пәрменді екенін көрсете білді. Бесінші раундтан бастап, Канело да қамшыны басты. «Жекпе-жектің ортасында бір дамылдап алатыны бар, екінші тынысы ашылғанша» деген мамандар пікірін есімізге түсті...

Жекпе-жектің ортасындағы осы раундтардың бірінде Канелоның қабағы жарылды. Бапкерлері майлап әлекке түсті. «Енді абайлап, жарақатын ушықтырып алмауды ойлап, сақтануға тырысар» деп ойладық. Бірақ Сауль Альварес алған бетінен қайтпады. Соққылары нық. Геннадий де айылын жиған жоқ.              

Канелоның командасы «соңғы раундтарда 36-дан асқан Головкин титықтап қалады» деп ойлаған да болар. Алайда бәрі де керісінше болды. Геннадий қарқынын бәсеңдеткен жоқ, тіпті үдете түсті. Әсіресе, 10-шы және 11-ші раундтарда басымдық танытты. Ал соңғы раунд қиян-ескі, қоян-қолтық айқас болды. Екеуі де жекпе-жек соңында ұпай алып, төрешілерге өздерінің жеңгендерін дәлелдеуге тырысты.

Соңғы раунда екеуі де қан-жоса болды. Головкиннің де қабағы жарылды. Ешқайсысы да тартынған жоқ. Бар күш-жігерлерін салды. Шектен тыс шиеленісті өткен жекпе-жектің шешімін төрешілер кесті. Олардың екеуі жеңісті Канелоға беріп, біреуі «тең түсті» деген екен. Сөйтіп, Геннадий Головкин бірінші рет жеңілістің кермек дәмін татты.

Әрі Геннадийдің чемпиондық белбеулерінің бәрі Канелоға көшті. Атап айтқанда, WBC, WBA (Super) және IBO тұжырымдары бойынша чемпиондық атағынан айырылды. Бірақ ол намысты қолдан берген жоқ. Табан тіресе шайқасты. 36-дан асқан шағында 28-дегі тепсе темір үзетін жігітке дес берген жоқ. Соңғы раундтарда көсіле сілтеп, көпшілікті сүйсіндірді...

Осы жасында Головкинге салмақ ұстап тұру да оңай емес болар. Қарсыласын жеңер-ау, бірақ уақытты қалай жеңсін?! Секундтар сырғып, жылдар жылжып, уақыт өз дегенін алмай ма?! Оның үстіне, бапкері де қарсыласын «тазы болып шалатын» тактика ойлап таппағандай ма?.. Айтпағымыз, жеңілген Геннадий емес, жеңілген – оның промоутерлері мен командасы.

Маруан Түсіп