Головкин әлде Канело?

2134

Ертең, 18 қыркүйек күні Геннадий Головкин (42-1-1, 37 КО) мексикалық Сауль "Канело" Альвареспен (57-2-2, 39 КО) үшінші мәрте жұдырықтасады.

Головкин әлде Канело?

Былғары қолғап шеберлері арасындағы үшінші жекпе-жек олардың реванш кездесуінен төрт жыл өткен соң ұйымдастырылуда. Кездесу алдында дәстүр бойынша баспасөз мәслихаты өтті. Онда Канело жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтауға ниетті екенін айтты.  

"Рингке қайта оралғаныма қуаныштымын. Мен көп жұмыс жасадым және бұл жекпе-жекті 12 раундта аяқтай алатыныма сенімдімін. Кездесуді мерзімінен бұрын аяқтағым келеді", – деді мексикалық боксшы баспасөз мәслихатында.

"Канело" жартылай ауыр салмақтағы ресейлік Дмитрий Биволдан жеңілгеннен кейін үшінші жекпе-жегін өткізетін болса, Головкин соңғы рет WBA Super титулының иегері жапониялық Риота Муратамен жекпе-жекте жеңіске жетті.

"Мен өзімді тамаша сезінемін және дайынмын. Жеңіске жететініме, өзіме командама, мені қолдайтын адамдарға сенімдімін. Екеуміз де кәсіби спортшылармыз. Оның стратегиясы агрессивті болса, менің стратегиям тәжірибеде. Бұл біз үшін үлкен жекпе-жек", – деп сөзін түйіндеді қазақстандық боксшы.

Күні кеше Геннадий Головкин (42-1-1, 37 КО) мен Сауль "Канело" Альварестің (57-2-2, 39 КО) трилогия алдында салмақ өлшеу рәсімі өтті. Екінші орта салмақтағы шек – 168 фунт (76,2 келі). Қазақстандық боксшы таразыда 167,8 фунт, ал оның мексикалық қарсыласы 167,4 фунт көрсетті.

Айта кетейік, үшінші жекпе-жек те алдыңғы екі жекпе-жек өткен Лас-Вегастағы (АҚШ) T-Mobile аренасында өтеді. 2017 жылы тең есеп тіркелсе, 2018 жылы "Канело" жеңіске жетті. Бокс кешін Qazsport және Qazaqstan телеарналары тікелей эфирде көрсетеді. Трансляция 18 қыркүйекте Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 06:00-де басталып, арналардың ресми сайттарында да көрсетіледі.

Бокс кеші таңғы 6-да басталады, ал негізгі жекпе-жек шамамен 8:00-ге жоспарланған. Головкинмен қатар тағы бір қазақстандық боксшы Әли Ахмедов  те (18-1, 14 КО) рингке шығады. Ол  Габриэль Росадомен (26-15-1, 15 КО) жұдырықтасады. 

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу