Хабиб пен Конор жекпе-жегі төбелеске ұласты

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
4768

Хабиб Нурмагомедов пен Конор Макгрегор арасындағы жекпе-жек қып-қызыл төбелеспен аяқталды.

Хабиб пен Конор жекпе-жегі төбелеске ұласты

Лас-Вегаста (Невада штаты, АҚШ) UFC-229 аралас жекпе-жегінен Хабиб Нурмагомедов пен Конор Макгрегор арасындағы айқас аяқталды. Бұл болғанынан болады қызық кездесу болды. Сегізбұрыштағы айқасқа дейін екі спортшы бірін-бірі әжуалап, оған әрқайсысының командаларындағы серіктері (менеджерлеріне дейін) қосылып, жағдай әбден шиеленісе түскен еді.

Ал сегізбұрыштағы жекпе-жек Хабибтің басымдығымен өтті. Конорды танымай қалдық, десек те болар. Әлде қарсыласын сұлатып саларлықтай соққы жұмсайтын сәтті аңдумен болды ма, түсініксіз. Ал Нурмагомедов тек күресумен емес, соққы жұмсаумен де көзге түсті. Қарсыласына қарағанда жылдам қимылдады.

Екеуара жекпе-жек төртінші раунда аяқталды. Хабиб қарсыласын қылқындыру әдісімен берілуге мәжбүр етті. Қызықтың бәрі осыдан кейін басталды. Қарсыласын "оңай" жеңген Нурмагомедов бұл жетістігіне екіленіп кетті ме, әлде жекпе-жекке дейінгі Конордың қылықтары әбден шамбайына тиген бе, әйтеуір өзін ұстай алмай қалғандай болды.

Сегізбұрыштың сыртына секіріп кетіп, Макгрегордың командасындағы біреулермен төбелесіп кетті. Сол кезде октагон ішіне оның командасындағы біреулер кіріп кетіп, олар Конорға тап берді. Абырой болғанда, жергілікті полиция өкілдері мен тәртіп сақтаушылар бұл қақтығысты дер кезінде тоқтатып, бәрін айырып алды.

Осыдан кейін екі спортшыны да полиция мен тәртіп сақтаушылар сегізбұрыштан алып кетті. Хабибке тіпті чемпиондық белбеуін бермеді. Ол "егер мен дұрыс істемесем, түрмеге апарып жабыңдар, бірақ чемпиондық белбеуімді беріңдер" деп наразылық білдіріп, біраз уақыт октагоннан шықпай қойды. Әйтсе де, залдан белбеусіз кетті.

Нурмагомедов пен Макгрегор арасындағы жекпе-жектің анонсері "Хабиб жеңіске жетіп, чемпиондық атағын қорғап қалды" деп ресми түрде жариялады. Бірақ бұл жекпе-жек немесе оның дауы әлі бітпейтін секілді. Енді мұның бәрін Невада штатының Атлетикалық комиссиясы талқылайтын болады. Жеңіске жеткен спортшыға қатаң жаза қолданылуы да мүмкін.

UFC президенті Дэна Уайт "чемпиондық белбеуді октагонда табыс етсек, сол жерде қайтадан төбелес басталып кетуі мүмкін болды, T-Mobile Arena ішіндегі қақтығысты тоқтату қиынға түсер еді" деп, осындай шешім қабылдағандарын мәлімдеді. Қалай десек те, октагон сыртына секіріп шығып төбелес бастаған Хабиб жазаға тартылуы мүмкін сияқты.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу