banner

Халал бизнес қарқын алып келеді

5679

Әлемде "Халал" өнімге деген сұраныс жоғары.

Халал бизнес қарқын алып келеді Фото: voxpopuli.kz

Бүгінде халал өнімді әлемнің 122 мемлекетінде өмір сүретін 1,5 млрд мұсылман тұтынады. Мысалы 2005 жылы халал өнімнің жылдық айналымы 5 млрд доллар болса, қазір 4 трлн долларға жеткен.

Сондай-ақ халал өнімдеріне деген сұраныс елімізде де күн өткен сайын артып келеді. Айталық бұрын халал десе тек қана ет өнімдері көзімізге елестейтін. Алайда соңғы кездері халал мейрамхана, халал монша, халал сағыз, халал су сияқты әртүрлі қызмет түрі көбейіп кетті. Халал өнімдері мен қызметінің көбейіп кетуі қаншалықты маңызды? Елімізде халал тек маркетингтік жарнамалық тәсіл ме, жоқ әлде, сапа стандарты ма?

Халал өнімге Мүфтият та мүдделі

ҚМДБ "Халал өнімдерін стандарттау" бөлімінің Астана қалалық өкілі Асхат Сәлімовтің айтуынша, мұсылмандар халал өнім тұтынуы керек. Сондықтан да мүфтияттың жанынан халал стандарттау деген бөлім ашылды.

"Еліміздің әр қаласында 50-ге жуық өкілдігіміз жұмыс істейді. Өйткені қазір халал асқа деген сұраныс жоғары болып отыр. Ал ҚМДБ мақсаты – адал деп шығарылып жатқан азық-түліктің шариғат талаптарына сай немесе сай емес екендігін қадағалау. Қасиетті Құран Кәрімде "Ей, адамдар! Жер бетіндегі таза, адал нәрсені жеңдер" деп жазылған. Ал Ержан қажы Малғажыұлының халал стандарттау бөлімін ашудағы мақсаты – халал индустрияны дамыту. Небәрі екі жылдың ішінде біздің халал стандарттау бөлімі 65 сертификат берді. Біз қадағалап жазасын беретін мемлекеттік орган емеспіз. Біз "Егер сіз харам өніміңізді тұтынушыға халал деп ұсынып жатсаңыз, Алланың алдында өзіңіз жауап бересіз" – деп кәсіпкерге насихат жасаймыз. Негізі, халал стандартпен сертификат аламыз деген кәсіпкер "Бізді тексеруге рұқсат береміз" – деп жазып береді. Соның арқасында ай сайын өнімдерін тексеріп отырамыз", – дейді Асхат Сәлімов.

Ет өнімдерінің 60 пайызы халал

Шыны керек, халал десе, ең бірінші "Қазақстанның халал индустриясы" қауымдастығының төрағасы Марат Сәрсенбаев еске түседі. Өйткені бұл азамат елімізде халал өнімдерін насихаттайтын бірден-бір азамат.

"Қазір ет өнімдерінің 60 пайызы халал болып шығып жатыр. Ал бірақ соның бәрі халал ма? Бір Алматының өзінде 3 мыңнан астам халал өнім өндіретін орын бар. Мен 600 компанияға сертификат бердім. Соның 400-і бізбен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп жатыр. Ал оның 200-і маусымдық жұмыспен айналысатын кәсіпкер. Бұл кәсіпкерлердің шығарған өнімін тексеріп, бақылап тұруға мүмкіндік бар. Алайда кей компания оңды-солды сертификат бергенімен, оны мұқият тексеріп жатқан жоқ. Таңба туралы заң орындалмайынша, халал мәселесін бір жақты шешіп тастау мүмкін емес. Сондықтан да ең бірінші кезекте таңба туралы заң болуы керек", – дейді Марат Сәрсенбаев.

Халал балабақша қажет пе?

Марат Сәрсенбаевтың айтуынша, елімізде халал балабақша ретінде сертификат алған бір балабақша бар. Бұл балабақшаның директоры білім беру саласының үздігі. Кезінде білім беру бөлімінің басшысы болып жұмыс істеген. Алайда белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбай: "кез келген нәрсені халал деп атай беру дұрыс емес", – дейді. Мәселен бүгінде балабақшадан бастап автокөлік жөндейтін жерге дейін халал деп атала бастады.

"Марат ағамыз халал саласының отымен кіріп, күлімен шығып жүрген азамат. Бірақ балабақшаның тамағына қарап, оны "халал" деп атау артық болса керек. Егер бұлай айтатын болса, халал мектеп, керек болса, "халал қарттар үйі" – деп атауымыз керек болады. Құран Кәрімде тамаққа қатысты халал деп жазылды. Сондай-ақ адамдардың жүріс-тұрысы, мәселен некенің адал болуы сияқты мәселенің халал болғаны абзал. Мысалы суды халал деп жатырмыз. Мен: "Неге халал су деп айтасыздар?", – деп сұрасам, "Біз арнайы құрылғыдан суды тексерістен өткіземіз", – деп жауап береді. Ал енді тексерістен өтпеген су Құран бойынша харам ба? Харам емес. Онда сіз оны халал деп атамаңыз. Ол суды денсаулыққа пайдалы деп айтыңыз. Барлық нәрсені халал деп айта беретін болсақ, халалдың қадірін кетіріп аламыз", – дейді Қайрат Жолдыбайұлы.

Иә, елімізде халал өнімдерін шығарып, адал қызмет көрсететін қызмет түрі көбейіп келе жатыр. Бұл әрине қуануға негіз болатын жағдай. Алайда біз халал деп тұтынып жүрген азық-түліктің барлығы бірдей адал ма? Мұны бір Алла біледі.

Серік Тасболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу