Еліміздегі банктер қаражатының әрбір үшінші теңгесі Халық банктің меншігі

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
4289

Қазкомды қосып алған Халық банкінің активі 7,9 трлн теңгеге жетті.

Еліміздегі банктер қаражатының әрбір үшінші теңгесі Халық банктің меншігі

2018 жылдың маусым айы қорытындысы бойынша Қазақстанда екінші деңгейді 32 банк жұмыс істеген. Күні кеше саладағы ең ірі екі банк – Халық банкі мен Қазақстанның Коммерциялық банкінің қосылу жұмыстары біржола аяқталды.

Қос банктің қосылғанына дейін Халық банкі 4,8  трлн теңге активімен ең ірі банк болып келсе, екінші орындағы Қазкомның жалпы активі 3,1 трлн теңге деп бағаланған еді. Енді екі банктің қосылғанынан кейін Халық банкі жалпы 7,9 трлн теңгелік жалпы активімен елдегі банк секторының 34%-ын иемденіп, монополия атанып отыр. Яғни, республика бойынша 31 банктің жалпы қаражатының әрбір үшінші теңгесі Халық банктің меншігі. Тұтастай алғанда банк секторының жалпы активі 23,4 трлн теңге болса, соның 15,5 трлн теңгесі қалған 30 банкке тиесілі.

Сала монополиясының "есепшотындағы" ақшасы көп демесеңіз, соңғы уақыттарда көшбасшы қос банктің (Халық және Қазком банктері) жалпы активі тұрақты түрде азайып барады. Мәселен, Халық банк жыл басынан бері 46,9 млрд теңгесін жоғалтса, соңғы бір айда 8,6 млрд теңгесінен айырылған. Ал Қазком банкі жыл басынан бері тіптен 297 млрд теңгеге, ал соңғы бір айда 204 млрд теңгеге күрт кедейленіп кеткен. Халықаралық рейтингтік агенттіктер мен Ұлттық банктің тәуелсіз рейтингінен тұрақты түрде жақсы (BBB) деген баға алып келген банктің бұл дағдарысы Халық банкке "жұтылып" кетуімен байланысты болса керек. Тіпті, үкімет пен Ұлттық банктің құйған триллиондаған теңгелері де Кеңес Рақышевтың бұрынғы бизнесін құтқармаған болып шықты.

Жалпы активінің көлемі жағынан Цесна банк (2 трлн теңге), Ресейдің Сбербанкі (1,6 трлн теңге)  мен Каспий банк (1,4 трлн теңге) алғашқы бестікте. Бұлардың ішінде Цеснабанк пен Сбербанк жыл басынан бері тиісінше 39 млрд теңге және 147 млрд теңгеден жоғалтса, Каспий банкі жалпы активін 40 млрд теңгеге ұлғайта алған.

Жалпы, 31 банктің ішінде бұл бесеуінен бөлек тағы төрт банктің жалпы активі 1 трлн теңгеден асады. Олар Форте банк (1,42 трлн теңге), Банк ЦентрКредит (1,38 трлн теңге), АТФ банкі (1,3 трлн теңге) мен Еуразиялық банк (1 трлн теңге). Көшбасшы "бестікпен" салыстырғанда бұл төртеуінің барлығы жыл басынан бері активтерін ұлғайтып алған.  Соның ішінде АТФ банкі 100 млрд теңгеге дейін байыған.

Қалған банктердің арасында РБК, Қазақ банкі мен Пәкістанның Ұлттық банкі жыл басынан бері шамамен 200-400 млрд теңге аралығында кедейленіп кеткен екен.

Жеке тұлғалардың салымы жағынан көш басында тағы да "Халық" пен Қазком жұбы. Бұл банктердегі халықтың депозиті қазір тиісінше 1,6 және 1,4 трлн теңге. Үшінші орындағы Каспий банкте жеке тұлғалардың 926 млрд теңгесі жатыр. Ал жыл басынан бергі өсім қарқыны жағынан бірінші орында – Каспий банкі. Бұл банкке салынған депозит көлемі қаңтардан бері 91 млрд теңгеге ұлғайса, Халық банк пен Қазкомға салынған ақша тиісінше 55 және 57 мрлд теңгеге артқан. Қос банктің жалпы активі азайып келе жатқанына қарамастан, азаматтар бұл банктерден бас тартқысы жоқ.

Ал заңды тұлғалардың салымына келер болсақ, мұнда үрдіс өзгеше өрбуде. Рас, бизнес әлі де болса Халық банк пен Қазкомға көбірек сенеді. Бұл банктерге бизнестің сеніп тапсырған ақшасы тиісінше 1,7 және 1 трлн теңге. Дегенмен, жыл басынан бері бұл көрсеткіштер тиісінше 168 және 195 трлн теңгеге азайған. Яғни, бизнесмендер біртіндеп бұл банктерден қаражаттарын шығарып алып жатыр деген сөз. Есесіне, заңды тұлғалардың АТФ банктегі ақшасы 98 млрд теңгеге, ЭКСПОКредит деген банктегі депозиттері 121 млрд теңгеге, Алматыдағы Қытайдың Сауда-Өнеркәсіп банкіндегі жиғаны 59 млрд теңгеге көбейіп отыр.

Сала үшін ауыр жылдардың бірі болған биыл банктердің таза пайдасы да әрқалай құбылды. Тіпті мұнда қарама-қайшылықтар да жоқ емес. Мәселен, жыл басынан бері жалпы активі 297 млрд теңгеге азайып кеткен Қазкомның жыл басынан бергі пайдасы басқа банктермен салыстырғанда жер мен көктей. Халыққа сатылып кеткен бұл банк алты айда 452,8 млрд теңге тауып үлгерген екен.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу