Халық жылусыз қалса, кім жауап береді?

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2212

Үкімет кабинеттерін құлыптап, қысқы демалысқа кетті.

Халық жылусыз қалса, кім жауап береді?

Олар жаңажылдық мереке мен демалыс күндерінен бас тартқан ресейлік әріптестеріндей жанкештілік танытып жатуды артық санапты.

27 желтоқсан күні премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен министрлер ескі жылдағы соңғы отырысын өткізді. Онда үкімет мүшелері елдегі жаңажылдық мереке қарсаңындағы ахуалды талқылады.

2011 жылы сол кездегі үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің жаңажылдық мереке күндері демалыс алып, Жер шарының жылы жағына кетуді, арқаны кеңге салып, жайлануды ойлаған барлық шенеунік пен әкімқара атаулыға саяхат жолдамаларын жаппай кері тапсыртқызғаны еске түседі. Сонда премьер биік мансаптыларға тіпті жаңа жылда да жұмыста отыруды қатаң тапсырып еді.

"Алдағы мерекеге байланысты бізде штаб құрылады. Туындайтын барлық мәселе сол мезетте жедел шешілуі үшін облыстарда жауапты тұлғаларды нақты анықтау керек! Министрліктегі салалық басшылар, аймақтардағы барлық әкім отын, газ, су, жарық және басқасы болмай қалса, бастарымен жауап береді. Бәрің өз жұмыс орындарыңнан табылыңдар! Әсет Өрентайұлы (сол кезде вице-премьер болған Әсет Исекешев), егер әлдеқалай жағдай туындаса, бірден маған баяндаңыз!", – деген Кәрім Мәсімовтің сөзін ақпарат құралдары таратып еді.

Ал қазіргі премьер үкіметтің барлық мүшесіне және әкімдерге бірлескен жұмысы үшін алғысын айтып, жаңажылдық мерекені жақсы өткізуге тілек білдірді.

"Биылғы жылдың 11 айының қорытындысын өткен отырысымызда шығардық. Ал жылдың толық қорытындысы келесі жылдың басында, қаңтар айында Үкімет отырысында шығарылады. Тұтастай алғанда, Мемлекет басшысының үкімет алдына қойған міндеттері толықтай орындалды! Үкімет мүшелері мен әкімдерге бірлескен жұмысымыз үшін ризалығымды білдіремін! Зор денсаулық, отбасыларыңызға құт-береке, жұмысқа сәттілік тілеймін!", – дейді үкімет төрағасы.

Бірақ мерекелік шат-шадыман көңіл-күйді энергетика министрі Қанат Бозымбаев бұзды. Оның айтуынша, елдегі жылыту маусымы әзірге "штаттық режимде өтіп жатқанымен", тіпті басқа өңір түгіл, Астананың өзі қыста қатып қалуы ғажап емес. Өйткені отын қоры елорданың өзінде жетіспейді екен. Өңірлерде 3 энергоблокта, 3 қазандықта және 7 турбинада жөндеу жұмыстары әлі күнге дейін жүріп жатыр.

Ең үлкен алаңдаушылық көрші Қарағанды облысында қалыптасып отырған көрінеді.

"Жылыту маусымы басталғалы "Арселор Миттал Теміртау" компаниясының 2-жылу-электр орталығының (ЖЭО) жағдайы қауіпті болып отыр. Онда биылғы қазан айынан бері №1 қазандықтағы күрделі жөндеу жұмысы аяқталмаған. Қысқы кезеңнің басынан қазандықтарда апат тіркеліп, жұмысы 16 рет тоқтатылған. Жекелеген күндері қолданыстағы 6 жылу қазандығының үшеуі ғана жұмыс істейді. Соның салдарынан жылу желілерінің температура кестесі желтоқсан айында 9 рет сақталмаған!", – деді энергетика министрі.

Қанат Бозымбаев үкімет басшысынан кінәлілерге ықпал етіп, "Қарағанды облысының әкімдігіне және "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының басшылығына жылу желілері жұмысын қамтамасыз етуді, сондай-ақ 2-інші ЖЭО-дағы жөндеу жұмысын аяқтауды", – міндеттеуді сұрады.

Мұны естіп, премьер ашуға мінді. "Жекпе-жекке" Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков шақырылды.

"Жылыту маусымы басталғалы "Арселор Миттал Теміртаудың" ЖЭО-2 орталығының жұмысы 17 рет апатты жағдайда тоқтатылған. Бүгін 6.20-да Теміртау ЖЭО-2-де 2-қазандық істен шықты. Мұның сыртында тағы екі қазандық әлі жөнделіп жатыр. Жекелеген күндері жылу жүйесіндегі су 15 градусқа дейін жылытылмайды. Теміртаудың тұрғын үйлеріндегі температура 16 градусқа әрең жетеді. Ал сыртта күрт аяз қысқанда, бұл көрсеткіш 12 градусқа дейін төмендейді. Нұрмұхамбет Қанапияұлы, бұл не масқара?", – дейді Бақытжан Сағынтаев.

Қарағанды өңірінің басшысы соңғы үш күн бойы Теміртау ЖЭО-2-де апаттық жағдай болғанын растады.

"Онда 5 және 2-қазандықтардың істен шығуы ахуалды күрделендірді. Бірақ үш қазандық жұмыс істеп тұр. Жылу төмен көрсеткіштермен беріледі, ол рас. Апат салдарын жою шараларын қабылдап жатырмыз. Түстен кейін 2-қазандықты іске қосамыз. Бесіншісі ертең жұмыс істей бастайды. Жылыту температурасы азайған шығар, бірақ Теміртауда маусым басталғалы бірде-бір рет жылу беру тоқтатылған жоқ", – деп жауап берді облыс әкімі.

Бұл жауап премьерді айран-асыр етті. Ол облыс әкіміне үйді жылытпайтын қызуға малданудың қажеті жоқтығын қатаң ескертті.

"Нұрмұхамбет Қанапияұлы, 12 градустық жылу беріп жатқандарыңызды мақтан тұтудың қажеті жоқ! Қазір мұныңызды бүкіл Қазақстан тыңдап отыр. Бұл дұрыс емес. Бірінші қазандық тек қазір ғана күрделі жөнделіп жатқаны түсініксіз. Біздің министрліктер мониторингті дұрыс жүргізбей жатқанға ұқсайды. Олар өз жұмысына үстірт қараған. Тек апат болғанда ғана қимылдай бастайсыңдар! Сосын оның зардабын қарапайым халық тартады", – деп кейіді үкімет басшысы.

Қарағанды облысының әкімі теміртаулықтардың үйлерінде қалыпты жылу 30 желтоқсанда болатынына сөз берді. Премьер оның бұл уәдесін есте сақтайтынын және айтылған күні жауапты шенеуніктер бақылайтынын ескертті.

Сонымен бірге Оралда да 17 желтоқсан күні 30 градус аяз қысып тұрғанда, 200-дей тұрғын үй мен әлеуметтік нысан он сағат бойы жылусыз қалыпты. Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов бұл жағдайдың қайталанбайтынына сендірді. "Апатқа жылу құбырларының тозуы себеп", – деді ол.

Бақытжан Сағынтаев Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтен де өңірде жылыту маусымының өту барысын сұрады.

"Бізде тіршілікті қамтамасыз етуге жауапты нысанның барлығы штаттық тәртіпте жұмыс істеп тұр. Жылыту маусымы басталғалы нысандар коммуналды қызметтен ағытылған жоқ. Мазут 100% жеткізілді, проблема жоқ. Бір айдан артық қорымыз бар. Жалпы алғанда барлық жағдай бақылауда", – деп сендірді Архимед Мұхамбетов. Баяндамада бәрі көркем, жап-жақсы болды.

Алайда ертесіне, 28 желтоқсан күні "ABCTV" порталы Қостанайда коммуналды апат салдарынан әлеуметтік тұрмыс мекемелері жылусыз қалғанын хабарлады. Қостанай қаласы әкімі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, жылу магистралі жарылған кезде тұтынушыларға жылудың уақытша тоқтатылатыны ескертілді. Көпқабатты 44 үй, №33 гимназиялық мектеп-балабақша, №115 орта мектепке жылу жетпей, қыс ортасында жаурауға тура келіпті.

Ел тарихында, бұрынғы үкімет басшылары тұсында тұтас қаланы не елдімекенді қыста қатырғаны үшін әкімдерге де жылы орындарымен қош айтысуға тура келгені бар.

Мысалы, 2012 жылы Кентау әкімі Нұржігіт Қалмырзаевқа ЖЭО-5-тегі апат үшін "қатаң сөгіс" жарияланды, кейін жұмысынан босатылды. Ал қала әкімінің ЖЭО-5 жұмысына жауапты болған орынбасары А. Алдамұратов, тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімінің бастығы Қ. Төлепбергенов, "Кентау сервис" (ЖЭО-5) директоры Н. Қожахметов қызметінен қуылды.

Бақытжан Сағынтаев та қажет болса, осы жазалау құралын пайдалануға ниетті.

"Құрметті әкімдер! Естеріңізге саламын. Сіздер жылыту маусымының лайықты өтуіне өз бастарыңызбен жауап бересіздер! Біз мұны үнемі естеріңізге салып келеміз, баяндамаларыңызды тыңдаймыз. Бірақ соған қарамастан, жылыту жүйелерінде әртүрлі апат болып жатады. Жағдайды ұдайы бақылауда ұстау қажет. Жаңажылдық мереке күндері халыққа проблема туғызбауға тиіспіз. Барлық адам жаңа жылды жылы үйде, жылы жерде қарсы алғысы келеді. Елдің сенімінен шығып, жылыту маусымын лайықты өткеру үшін қолайлы жағдай жасайық!", – деді премьер.

Ол энергетика министрі Қанат Бозымбаевқа жылу-электр орталықтарындағы, қазандықтардағы және жанар-жағармай құю стансаларындағы отын қорын бақылауда ұстауға тапсырма берді.

Өз баяндамасында Қанат Бозымбаев өңірлердің қысқы кезеңде отынмен қамтамасыз етілуіне де тоқтала кетті. Бұл жақта да проблема жетерлік екен.

"Электр стансаларының отын қоймаларында 3 млн тоннадан астам көмір және 124 мың тоннадан астам мазут жинақталған. Бұл жалпы бекітілген нормаға сәйкес келеді. Алайда "СолтүстікҚазЭнерго" компаниясының Петропавл 2-ЖЭО орталығында, "Астана-Энергия" кәсіпорынының 2-ЖЭО орталығында, "Bassel Group LLS" компаниясының Қарағанды 1-ші мемлекеттік аудандық электр стансасында бұл норма сақталмай отыр. Оған себеп - экспедиторлық компаниялардың көмір тасу үшін жартылай вагондарды уақтылы бермеуі. Бұл компаниялардың ақпараты бойынша "Қазақстан темір жолында" жартылай вагондар жетіспейді. Сондай-ақ, электр стансаларының өздері де экспедиторлық компаниялармен жұмыс жүргізбеген", – деп баяндады Қанат Бозымбаев.

Осыған орай Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Астана әкімдігіне "ҚТЖ"-мен бірігіп, энергетикалық кәсіпорындарында көмірдің нормативтік қорын қамтамасыз ету жүктелді.

Қанат Бозымбаев "әлеуметтік мазутты" жеткізу жайын да баяндады. Қыста мазут жетіспей, қазандықтар тоқтап қалуы ғажап емес. Министрдің дерегінше, әкімдіктердің өтініштеріне сәйкес, Энергетика министрлігі күзгі-қысқы кезең үшін әлеуметтік-өндірістік нысандарға 342,6 мың тонна мазут жеткізу кестесін бекітіпті.

"Бірақ биылғы қарашада бұл кесте 59%-ға, ал желтоқсан айында небәрі 26%-ға орындалды. Жоспарда 83,2 мың тонна болған, іс жүзінде 28,9 мың тоннаға ғана ақы төленді, 21,7 мың тонна ғана жөнелтілді. Игерудің ең төменгі көрсеткіші Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Оңтүстік Қазақстан облыстарында және Алматы, Астана қалаларында байқалады", – дейді энергетика министрі.

Бір қызығы, әкімшілік реформа нәтижесінде, қазіргі кезде өңірлердегі жағдайға ұлттық экономика министрлігі жауап береді.

Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың айтуынша, қазіргі жылу беру маусымы барысында "тіршілікті қамтамасыз ету нысандарындағы технологиялық ақаулар туралы ақпаратты" әкімдіктер министрлікке күн сайын ұсынып отырады. Ішкі істер министрлігінің төтенше жағдайлар комитетімен және энергетика министрлігімен шұғыл ақпарат алмасу жолға қойылған екен. Жылу беру маусымын бақылау жергілікті және өңірлік ақпарат құралдарына мониторинг жүргізу арқылы да жүргізіледі. Яғни "ABCTV" порталы Қостанайға қатысты хабарлаған дерекпен үкімет таныс.

"Жылу беру маусымы басталғалы тіршілікті қамтамасыз етудің коммуналды жүйелерінде 144 технологиялық ақау тіркелген. Әкімдіктер ол апатты қысқа мерзімде жойды. Апаттың басым бөлігі Шығыс-Қазақстан, Қостанай, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында тіркеліп отыр. Талдау көрсеткендей, технологиялық ақаулардың көбі негізінен сумен қамтамасыз ету желілерінде (77) және электрмен қамтамасыз ету желілерінде (35) кездеседі. 2016-2017 жылғы жылу беру маусымының өтуі біздің министрліктің тұрақты бақылауында. Мереке күндеріне біз кезекшілік ұйымдастырамыз!", – деп мәлім етті экс-министр Қуандық Бишімбаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу