Халықтың өрт сөндірушілерге деген сенімі жоғары болып шықты

3121

Мұны Ұлттық статистика бюросының әлеуметтік зерттеуі көрсетіп отыр.

Халықтың өрт сөндірушілерге деген сенімі жоғары болып шықты Фото: iagorod.kz

Бүкіл әлем жылда 4 мамыр күні – Өрт сөндірушілердің халықаралық күнін (IFFD) атап өтеді.

Өрт сөндірушілердің халықаралық күні 1999 жылы австралиялық өрт сөндіруші Дж. Дж. Эдмондсонның бастамасымен қабылданған. Ол осы құрлық-мемлекеттегі орман өртімен арпалыс кезінде қаза тапқан бес өрт сөндірушінің құрметіне енгізілді.

Бұл күні әр елдегі Өртке қарсы қызметтер жұмыс бабында, "тілсіз жаумен" күресте қаза тапқан әріптестерін қамыға еске алып, олардың биік рухына тағзым етеді. Тірі, әрі күресін жалғастырған өрт сөндірушілерге де түрлі марапаттар осы күні табысталады. Айтқандай, бұл мерекенің жаһандық деңгейде мойындалған төл символы бар, ол – ілмек түрінде бүктелген қызыл-көк түсті таспа-лента.

Алайда Қазақстанда бұл күні ресми марапаттау салтанаты және басқа да рәсімдер қарастырылмаған көрінеді. Өрт сөндірушілерге сыйақы да бөлінбепті.

Тек Ұлттық статистика бюросы өз ақпаратымен бұл қызметтің мерейін асырып, абыройын тасытып отыр. Меморганның мәліметі бойынша 2023 жылдың соңында, қазан-қараша айларында жүргізілген сауалнама қорытындысы көрсеткендей, ведомстволарға Қазақстан халқының сенім білдіру деңгейі келесідей болды:

  • Өртке қарсы қызметке халықтың 77,2%-ы сенеді;
  • Прокуратура органдарына – 63,8%-ы;
  • Полиция органдарына – 63,1%-ы;
  • Сот жүйесіне – 61%-ы;
  • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке (Антикор) – 51,1%-ы;
  • Экономикалық тергеу қызметіне – 46,3%-ы ғана сенім білдірген.

Бірақ осы қызметтердің ішіндегі ең төмен жалақы алатыны – өрт сөндірушілер.

Сондай-ақ сот, әскер, құқық қорғау және арнайы қызмет қызметшілерінен айырмашылығы сол, мемлекеттік тұрғын үй қорынан өрт сөндірушілерге бөлек санат ретінде баспана беру қарастырылмапты.

Өткен жылы сол кездегі Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Асқар Забикулин атындағы №6 өрт сөндіру бөліміне сапарлағанда, Қазақстанда өрт сөндірушілердің ең төменгі жалақысы 200 мың теңгеден басталатынын мәлімдеді. Журналистер сол жерде, министрдің көзінше бөлім қызметкерлерінен айлығы қанша екенін сұрады. Сонда 2,5 жыл өтіл-стаж ғана жинаған құтқарушы – 256 мың, 9 жылдық өтілі бары – 315 мың, 10 жылдық өтіл иесі – 320 мың теңге жалақы алатыны айтылды.

Жалпы, 320 мың деген жалақы – тек мемлекеттік құтқарушылардың еншісіндегі игілік болса керек. Немесе, министрдің алдында ұялып, қосып айтуы да мүмкін.

Кезінде ТЖ жүйесін бас-көз демей оңтайландырған және оны қалдық қағидатымен қаржыландырған билік стратегиялық экономикалық нысандарды, көптеген өнеркәсіп орындарын қорғауды жеке өрт сөндіру қызметтеріне ысыра салғаны мәлім. Олардың жағдайы төмен, жарақталуы нашар екені жасырын емес.

Айтқандай, ТЖ жаңа министрі жолашар әріптесі кезінде жария етілген "320 мың теңгелік" жалақыны жоққа шығарды.

Үкімет үйінде өткен брифингте журналистер өрт сөндірушілердің жалақысы неге себепті сонша аз екенін және қашан көтерілетінін сұрады.

"2023 жылғы 1 қаңтарда олардың жалақысы шамалы өсті. Бүгінде өрт күзеті сержантының ең төменгі жалақысы 180 мың теңгені (шамамен 400 долларды) ғана құрайды. Мойындауым керек, бұл аз. Бұл мәселе министрліктің бақылауында тұр. Біз оны ұлғайту бағытында қадам жасап жатырмыз. Қазақстанда 18 мыңдай өрт сөндіруші бар. Олардың бәрінің жалақысын бір мезгілде көтере алмаймыз. Мұны кезең-кезеңмен жасаймыз", – деді Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов.

Үкімет 2023 жылы құтқарушыларға арнап, денсаулық пен өмірге зиян келу тәуекелдерімен байланысты жұмыс үшін жаңа үстемеақы түрін енгізді, ол базалық лауазымдық айлықақының 70%-ын құрайды.

Бірақ бұл әрбір өрт сөндіруші жалақысының 70% көлемінде үстемақы алады дегенді білдірмейді. Үкімет қаулысына сәйкес, Қазақстанда "базалық лауазымдық айлықақы" 17 697 теңгенің құрайды. Әңгіме соның жетпіс пайызы туралы болып отыр.  

Смайылов Үкіметі былтыр өрт сөндірушілердің жалақысын 2025 жылға қарай 2 есе арттыруды жоспарлаған. Алайда биылғы тасқын салдарынан Үкімет былтырғы желтоқсанда бекітілген үш жылдық республикалық бюджетті қайта қарап, көптеген шығысты қысқартып жатыр. Салдарынан, жалақы көтеру мәселесінің тағы кейінге қалу қаупі туындады.

Құтқарушылардың қызметі тасқынмен бітпейді, алда талай қажет болады. Мысалы, Ресей астанасы Мәскеудегі "Крокус Сити Холда" болған терактіден және алапат өрттен кейін, Президенттің тапсырмасымен, Қазақстан да қамданып, елдегі мәдени-бұқаралық және спорттық объектілердегі қауіпсіздіктің қаншалықты қамтамасыз етілгенін тексеріп шықты. Қорытындысы төбе шашты тік тұрғызады.

Республика бойынша бұқара көп жиналатын 1 700-ден астам объектінің 525-інен қаптаған ақаулар табылды. Нысандардың басшыларына жөнсіздікті жою туралы ұйғарымдар жолданған.

Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, жалпы ауданы 2 мың шаршы метрден асатын мәдени, ойын-сауық және спорттық объектілер тәуекел дәрежесі жоғары нысандарға жатқызылған. Осы орайда азаматтық қорғаныс органдары 169 объектіде профилактикалық бақылау іс-шараларын жүргізді. Тексеріс нәтижесінде оларда өрт қауіпсіздігі талаптарының 1 820 бұзушылығы әшкереленді.

Мұндай нысандарда төтенше жағдайлардың алдын алу және өрт қауіпсіздігі мәдениетін арттыру үшін шамамен 1,5 мыңдай өртке қарсы нұсқаулық-инструктаж өткізіліп, бұл шарамен 28 мыңнан астам адам қамтылған.

Сондай-ақ өрт туындаған жағдай бұқара көп жиналатын мәдени, ойын-сауық объектілерінен адамдарды қауіпсіз эвакуациялау бойынша 650-ден астам жаттығу өткізілді. Жаттығуларға 15 мың адам қатысқан.  

Осымен азаматтық қорғаныс органдарының құзыр шегі аяқталды.  

Үкімет өрт сөндірушілерді лайықты жалақыдан ғана қағып қоймай, оларды құзырдан да айырды. 2016 жылдан бастап объектілерді эксплуатациялауға қабылдап алу комиссияларының құрамынан азаматтық қорғаныс органдарының өкілдері де жаппай шығарылды. Осы арқылы бұрынғы билік олигархтар мен құрылыс саласындағы алпауыт компаниялардың мүддесін ілгерілетті. Бассыз кеткен олар өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес келмейтін ғимараттарды қаптатып салып тастады.

Қазіргі уақытта Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтық қорғаныс органдарына жаңа құзыреттер беруді қарастыратын заң жобасын әзірледі. Егер оны Үкімет пен Парламент құптаса, онда ТЖМ биіктігі 28 метрден асатын ғимараттардың және адамдар көп жиналатын объектілердің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі немесе сәйкес еместігі туралы қорытынды бере алатын болады.

Бұл қорытынды жаңа салынған нысанды қабылдап алу сатысында шығарылады. Тиісінше, теріс қорытынды алған, өрт қаупі бар объектілер кемшіліктері жойылғанша, қолданысқа беріле алмайды.

Әзірге заң жобасы меморгандардың келісімінен өте алмай жатқан көрінеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу