Хамастың шабуылын байқамай қалған кім. Оған Израиль басшысы әйелінің қатысы қанша?

3119

Save the Children ұйымының дерегінше, Газаға шабуылдың үш аптасында көз жұмған балалардың саны әлемдегі соғыс ошақтарында 2019 жылдан бері қаза тапқан балалардың санынан асып кетті. 

Хамастың шабуылын байқамай қалған кім. Оған Израиль басшысы әйелінің қатысы қанша? Фото: inbusiness.kz

Мұны израильдік басылымдар жазуда.

Израиль Газа аумағына өткен жұманың кешінде, қалың тұман жағдайында кірді. Бұл жағдай тек ауа райына ғана емес, сондай-ақ Израильдің жоспарына да қатысты еді. Дәл қазір бұл елдің билігінің не ойлағаны да тұманды, бұлыңғыр.

Израильдік саяси сарапшы Амос Харэльдің айтуынша, Израиль Газаға құрлық әскерлерін енгізудің мақсаттарын да, ауқымын да жарияламай отыр.

"Ресми түрде Израиль тек жердегі операциясының іс-қимыл өрісі кеңейтілгенін хабарлады. Қорғаныс министрі соғыстың жаңа кезеңі басталғанын және оның ұзаққа созылатынын ғана мәлімдеді. Алдыңғы күндері Израиль әскерлері нақты нысаналарға бағдарланған, барынша шектеулі рейдтермен шектеліп келсе, енді Газа секторының солтүстік бөлігіне дендей еніп, ілгері жылжып барады. Бұдан Қатар ұйымдастырған, кепілдегілерді босатуға қатысты келіссөздерге Израильдің қанағаттанбағанын байқауға болады. Алайда бұл соғыстың мәлімделген мақсаттары (Хамастың ресурстарын жойып, оның Газадағы билігін доғару) мен кепілдегі бүкіл адамды босату мақсаттары арасында диссонанс туындады. Себебі, Израильдің Газаға әскер кіргізуі ондағы шайқастарды күшейтіп жіберді. Бұл жағдайда кепілдердің аман қалуы қиындайды. Келіссөздерді де тығырыққа тіреді", – деді А.Харэль.

Израильдік Haaretz басылымы Газа секторын үстемелете бомбалау және оның ішінде қарқынды шайқастар жүргізу кепілдегі израильдіктердің өміріне қатер төндіретініне назар аудартты.

Бұдан бұрын хамастықтар Израиль тарапы әуеден соққылап құлатқан ғимараттың астынан кепілдегі израильдік солдаттың мүрдесін алып шығып, оның өліміне Израильді айыптаған еді.

"Дегенмен, Хамас болашақта мәміле жасасу үшін қажетті айырбас құндылығы ретінде кепілдерді аман алып қалуға мүдделі болады. Сонымен бірге өткен аптадан бері Қатардағы дереккөздерден кепілдерге қатысты оптимистік хабарлар түсумен болды. Бұдан бұрын содырлар 4 әйелді бостандыққа қоя берген еді. Енді үлкен көлемде босатуға қатысты ірі мәміле дайындалып жатқаны айтылуда. Бірақ Израиль тарапы "бұл оптимизмге негіз жоқ, Хамас жай уақыт созып отыр" деуден танбайды", – деп хабарлады Haaretz.

Хамас келіссөздерді созбұйдаға салу арқылы Израильдің Газаға кең ауқымды шапқыншылығын тежеп келгенге ұқсайды. Сондықтан өткен жұмада Газа аумағына ішінара ену арқылы Израиль Хамасқа "сигнал" берді. Егер кепілдерді босатуды созбалаңға сала берсе, Газа секторына бұдан да үлкен әскери күшпен басып кіруге дайын.

Ресми дерек бойынша содырлар қолында кем дегенде 229 кепіл адам бар.

Хамас бұған да міз бақпаған соң, бүгін Израиль Газа секторындағы құрлықтағы операциясының ауқымын тағы кеңейтті. Израильдік тарап шайқастар барысында қала шетіндегі ғимараттарда баррикада жасап, бекінген және қарсыласының әскерін сол жақтан атқылауға тырысқан Хамас содырларын, сондай-ақ радикалды топтың әскери кешендерін, инфрақұрылымын жойғанын баяндады.

Бұдан бөлек, Израильдің жойғыш ұшақтары "Әл-Азһар" университетінің аумағын бомбалады. Оның аумағында қарулы адамдар орналасып, танкке қарсы снарядтар ұшыратын қондырғы орнатылған-мыс.

Жалпы алғанда, өткен тәулікте израильдік әскер Газа аумағындағы шамамен 600 нысанға шабуыл жасады. Оның арасында қару қоймалары, паналау орындары, Хамас содырларының жиналатын жерлері және басқасы болыпты.

Израиль авиасоққыларды күшейткен соң, Газадағы Хамастың ресми өкілі Абу Обейда өздерінің келіссөздерді жандандырып, кепілдердің көпшілігін израильдік түрмеде отырған мыңдаған палестиналыққа айырбастау туралы тезірек келісуге әзір екенін мәлімдеді.

Израильдің билігін осыған қоғамдық қысым иліктіре бастады. Елдің бүкіл автобандарының қиылыстарында кепілдерді дереу босатып алуды талап еткен транспаранттар пайда болды. Ал полицияның "соғыс уақытында саяси астарлы шерулерге жол бермейтіні" туралы жұма кешіндегі тосын мәлімдемесі жұртшылықтың ашуын туғызды. Содан сенбінің таңында полиция бұл мәлімдемесінен бас тартуға мәжбүр болды.

Өйткені бұл тыйым елді емес, билікті қорғауға бағытталған. Бірінші кезекте ел басшылығының резиденциясы алдында наразылық шараларын өткізуге тосқауыл қоюды қарастырды. Оппозиция болса, Нетаньяху соғысты төл билігін күшейтуге пайдаланып, еш шектеусіз ойына келгенін істейді деп қауіптенеді.

Жаны қысылса керек, премьер-министр Биньямин Нетаньяху асығыста ағат қадамға барып, басы дауға қалды. 28 қазанның кешінде өткен баспасөз конференциясында журналистер одан Хамас шабуылынан қорғаныстың жарға жығылуына, Израильде мыңнан аса адамның босқа қырылуына кім кінәлі екенін сұрастырған. Нетаньяху оның бәріне жауап соғыстан соң ізделетінін айтып, жалтара жауап берді. Ақпарат құралдарының өкілдері одан лаңкестердің шабуылы әзірленіп жатқаны туралы ескертуді алған-алмағанын да нақтылады. Нетаньяху "бұл шындыққа жанаспайды" деп тура жауаптан тайқыды.

Ертесіне, 29 қазанда премьер-министр әлеуметтік желіде жанжал туғызған мәлімдемесін жариялады. Онда ол 7 қазандағы қырғын үшін барлық айыпты ШАБАК (қауіпсіздік қызметінің) басшысы Ронен Барға және АМАН (әскери барлау) басшысы Аарон Халивке жапты.

Сол күні кешке Биньямин Нетаньяхудың бұл мәлімдемені өз әйелі Сараның қысымымен жариялағаны анықталды. Бұл туралы израильдік 12-ші арна журналисті Дафна Лиэль жариялады. Оның мәліметінше, Сара Нетаньяху журналистер алдындағы болбыр мәлімдемесімен халықты сендіре алмағаны үшін күйеуін сөгіп, одан нақты, үзілді-кесілді, қатаң мәлімдеме жасауды талап еткен.

Премьер-министрдің кеңесшісі Офер Голан және басқа да ақылшылары ел басшысынан олай жасамауды өтініпті. Израиль лидерінің өз әйелінің жетегінде кетуі халықаралық сарапшыларды тіксінтті. Сара ханым жұбайы арқылы елді билеп-төстеп отырған жоқ па? Осыған орай министрлер де үндеу жолдап, ел басшысын жаңсақ мәлімдемесінен бас тартуға шақырды. Бірнеше сағат өткенде премьер елден кешірім сұрады.

"Мұным қателік болды. Мен дұрысын айтпадым. Баспасөз конференциясынан кейінгі мәлімдемемді жасамағаным жөн еді", – деп жазды Биньямин Нетаньяху.

Бұл елдің басшылығына ғана емес, мемлекетіне де халықаралық қысым күшейе түсуде. Израильдің Газаға әскер кіргізуі БҰҰ тарапынан айыпталды.

Палестинаның мәліметінше, өткен жұма-сенбі күндері Израиль Газа орталығына кірмеген, негізінен, Газа аумағының солтүстік бөлігіндегі ауыл шаруашылығы алқаптарында және қалалық аудандарының шетінде әрекет етті.

Сонымен бірге Израильдің бұйрығымен жүздеген мың палестиналықтарды солтүстіктен оңтүстік аудандарға күштеп көшіру ісі жалғасты. Ол ұйымдасқан түрде жүргізіліп жатқан жоқ: әуеден үнпарақтар шашады, аспаннан бос снарядтарды тастап қорқытады. Ондайлар лақтырылған аудандар алда бомбаланады деген сөз.

"Газа оқиғаларының айналасындағы тұман қалыңдап барады. Хамас пен тұрғындар арасында байланыс жоқтың қасы. Осы хаоста бейбіт тұрғындар қырылуда. Израильдің Қорғаныс министрлігі басқа жол жоқ дегеннен танбады. Демалыс күндері Израиль Газадағы ең ірі аурухана саналатын "Шифаның астындағы жерасты паналар мен тұтас туннельдерді көрсетіп, оларды хамастықтардың әскери мақсатта пайдаланатынын айтты. Алайда бұл жерде олардың бәрін 1970 жылдары израильдік әскери әкімшіліктің өзі тұрғызғанын жасырып қалды", – деп түсіндірді израильдік Haaretz басылымы.

Save the Children халықаралық ұйымының байламынша, небәрі 3 апта ішінде Газада 2019 жылдан бергі әскери іс-қимылдар ошақтарындағыдан да көп бала өлтірілген. Save the Children атысты тоқтатуға шақырды және Газа секторында кем дегенде 3 200 бала өлгенін хабарлады.

"Газада мерт болған 7703 адамның 40 пайыздан астамы – балалар. Тағы 1 мыңдай бала із-түзсіз кетті, олар үйінділердің астында көміліп қалуы мүмкін. Соңғы үш аптада Газада опат болған балалардың саны 2019 жылдан бері бүкіл әлемдегі қарулы қақтығыс аймақтарында қаза тапқан балалардың санынан асып түсті. Бір баланың өлімі – жан төзбес ауыр қаза, Газада эпикалық масштабтағы қырғын болып жатыр. Сол себепті балаларға қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жалғыз жолы – атысты тоқтату болып отыр", – деп мәлімдеді осы дүниежүзілік гуманитарлық ұйым.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу