Илья Ильин үлкен спортқа оралды

Төрт дүркін әлем чемпионы спорттан екі жылға аластатылған жазасын өтеп болды. Енді өзінің нағыз чемпион екендігін дәлелдеуді ойлайды.   

11 Маусым 2018 14:02 Автор: Маруан Түсіп
Илья Ильин үлкен спортқа оралды, Илья Ильин, зілтемірші, үлкен спорт, оралу

Кеше, яғни 10 маусым күні үлкен спорттан екі жылға аластатылған Илья Ильиннің жазаға тартылған мерзімі түгесілді. Осыған орай, яғни бүгін арнайы ұйымдастырылған баспасөз жиынында әйгілі спортшы өзінің сүйікті ісіне қайта оралып, зілтемірді көтеруге кірісетіндігін ресми түрде мәлімдеді.

«Кеше мен үшін өте маңызды күн болды. Мен бұл күнді көптен бері сарыла күткен едім. Әрине, толқыдым. Көңіл-күйім көтеріліп, тіпті жеңілдеп те қалды. Мен өзімнің сүйікті ісіме қайта оралдым. Осы уақыт ішінде мені демеп-жебеп отырғандар аз болған жоқ. Қазақстан президенті Нұрсұлтан қиын-қыстау кезеңде қолдау көрсетіп, «мен үшін сен чемпионсың» деген болатын. Мен бақыттымын, елбасының өзі бағалайды. ҚР ауыр атлетика федерациясының басшысы Жанат Түсіпбеков те маған көп жақсылық жасады. Қолдау көрсеткен барлық жанкүйерлер мен жерлестеріме де алғыс білдіремін. Баршаңызға рахмет», – деді, 24 мамыр күні 30-ға толған спортшы.

Сонымен қатар, қазіргі спорттық бабына да тоқталып өтті. «Екі жыл бойы қол қусырып, бос жүрген жоқпын. Жаттығу жұмыстарын өткізіп тұрдым. Ағылшын тілін үйренуге көп көңіл бөлдім. Қазір спорттық бабыма толықтай келмесем де, 70-75 пайыздай дайынмын. Салмағым 101-103 келі тартады. 100 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсете аламын. Соңғы жаттығу жұмысы кезінде 172 және 212 келі салмақтарды көтердім. Бұл – тәп-тәуір көрсеткіш. Алда – Қазақстан чемпионаты. Топ жарып, жеңімпаз болғым келеді. Одан кейін – әлем чемпионаты және Токио Олимпиадасы. Жолдама алсам, баруға асықпын. Мен әлі Отаныма керекпін. Жеңіске деген ынта-жігерім мол» деп, ағынан жарылды Илья Ильин.

Естеріңізге сала кетейік, Илья Ильин 2016 жылы Халықаралық Олимпиада комитетінің Тәртіптік комиссиясының шешімімен екі жылға спорттан аластатылған болатын. Қайта тексерілген допинг сынамаларының нәтижелері бойынша ауыр атлетика сайыстарына қатысудан шеттетілген. Сонымен қатар, 2008 жылғы Бейжің және 2012 жылғы Лондон Олимпиадаларында жеңіп алған алтын медальдарынан айырылып, чемпиондық атақтары жоққа шығарылған.

Енді, Илья үлкен спортқа қайта оралып отыр. Өзінің тума талант және нағыз чемпион екендігін дәлелдей алатындығына сенеміз. Әрі екі-ақ жыл қалса да, 2020 жылы Токио Олимпиадасында топ жарып, бүкіл әлемді тәнті қылуына тілектеспіз. 

Маруан Түсіп